Қаржылық қауіпсіздік туралы көбіне мәселе туындағаннан кейін ғана ойланамыз: күмәнді кіру әрекетінен кейін құпиясөзді ауыстырамыз, жоғалған картаны бұғаттаймыз, белгісіз операциядан кейін банкке хабарласамыз. Алайда кейбір қорғаныс шараларын алдын ала қабылдауға болады.
Солардың бірі – «Банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» сервисі. Ол көпшілікке «Стоп-кредит» деген атаумен белгілі. Оның көмегімен адам өз атына жаңа банктік қарыздар мен микрокредиттердің рәсімделуіне өз еркімен тыйым сала алады.
«Бірінші кредиттік бюро» АҚ-тың деректері бойынша, 2024 жылдан 2026 жылғы қыркүйекке дейінгі кезеңде «Стоп-кредит» сервисін 7,3 млн азамат пайдаланған.
Бұл тетік қалай жұмыс істейді, қандай жағдайларда оның пайдасы ерекше және қолданыстағы тыйым кезінде қарыз рәсімделіп кетсе, не болады, Fingramota.kz еске салады.
«Стоп-кредит» қалай жұмыс істейді
Бүгінде дербес деректер іс жүзінде барлық жерде қолданылады. Біз сервистерге тіркелу кезінде телефон нөмірімізді көрсетеміз, қызметтерді алу үшін құжаттарымызды ұсынамыз, онлайн сатып алулар жасаймыз, банк қосымшалары мен мемлекеттік цифрлық сервистерді пайдаланамыз.
Жекелеген деректердің үшінші тұлғалардың қолына түсу қаупін толығымен жою мүмкін емес. Бұған фишингтік сайт, аккаунттың бұзылуы, ақпараттың таралып кетуі немесе әлеуметтік инженерияның ықпалына түсіп, қажетті деректерді алаяқтарға өзі хабарлаған адамның әрекеті себеп болуы мүмкін.
«Стоп-кредит» бөтен адамның атына қарыз рәсімдеуге жасалған әрекеттерден қосымша қорғаныс деңгейін қамтамасыз етеді. Қызметті қосқаннан кейін кредиттік тарихта банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту туралы белгі пайда болады. Бұл ақпарат кредиттік бюроларға жүгінген кезде банктер мен микроқаржы ұйымдарына қолжетімді болады және кредит өтінімін қарау барысында ескеріледі.
Қызмет тегін көрсетіледі, ал тыйымның мерзімі шектелмейді — азаматтың өзі оны алып тастау туралы шешім қабылдағанға дейін күшінде болады.
«Стоп-кредит» қай кезде әсіресе пайдалы
Жағдайды елестетіп көрейік: адам интернетте түйіндемесін жариялап, жұмысқа орналасу туралы ұсыныс алады. «Рәсімдеу» үшін одан жеке куәлігінің суретін, ЖСН-ін және басқа да мәліметтерін жіберуді сұрайды. Кейін бұл жұмыс берушінің шын мәнінде болмағаны анықталады.
Мұндай жағдай күмәнді сайттан сатып алғаннан кейін, фишингтік сілтемеге өткеннен кейін немесе өзін банктің, мемлекеттік органның немесе басқа ұйымның қызметкері ретінде таныстырған адаммен сөйлескеннен кейін орын алуы мүмкін.
Шоттағы ақша бірден жоқ болып кетпеуі, тәуекел жоқ дегенді дегенді білдірмейді: алынған мәдіметтерді қаскүнемдер кейінірек қолдануға тырысуы мүмкін.
Сондықтан, егер сіз жақын арада қарыз ресімдеуді жоспарламасаңыз, құжаттарыңызды жоғалтсаңыз немесе олардың көшірмелері кімнің қолына түсетініне сенімсіз болсаңыз, күдікті ресурсқа жеке мәліметтер енгізсеңіз немесе оларды белгісіз адамдарға берсеңіз, «Стоп-кредитті» қызметін орнатуды қарастырған жөн.
Бұл жағдайда күдікті қоңырауды немесе ықтимал ақпараттың жария болуын күту қажет емес. «Стоп-кредит» қызметін қаржылық қауіпсіздіктің алдын-алу шарасы ретінде пайдалануға болады.
Кредит ресімделіп қойған жағдайда, не болады
Ерікті тыйым салу – бұл адамның кредит алуды жоспарламайтыны туралы ақпарат қана емес. Ол болған кезде қаржы ұйымы жаңа банктік қарыз немесе микрокредит беруден бас тартуға тиіс.
Егер қолданыстағы тыйым салынғанына қарамастан, қарыз азаматтың келісімінсіз ресімделген болса, ол бойынша берешек есептен шығаруға жатады. Тыйым салудың сақталуы үшін жауапкершілік қаржы ұйымына жүктелген.
Бұл ретте сервистің әрекет ету шеңберін ескеру маңызды: тыйым салу ломбардтарға және қарыз алушыларды бағалау кезінде кредиттік бюролардың деректерін пайдаланбайтын өзге де ұйымдарға қолданылмайды.
«Стоп-кредит» қызметін қалай қосуға болады
eGov.kz порталы арқылы ерікті бас тартуды орнатуға болады. Ол үшін бұл қызметті белсендіру, «Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін табу, міндетті жолдарды толтыру және ЭЦҚ өтініміне қол қою қажет. Нәтиже жеке кабинетте «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде пайда болады.
Тыйым салуды eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы да қосуға болады: танымал қызметтер бөлімінде «Қарыздар мен микрокредиттерден бас тарту» тармағын таңдап, деректерді толтырып, әрекетті электрондық қолтаңбамен растау қажет.
Егер сіз кейіннен жаңа кредит алуды жоспарласаңыз, тыйым салуды дербес және кез-келген уақытта алып тастай аласыз. Сервис мерзімсіз және ерікті түрде бас тартуды белгілеу мүмкіндігін де, оны тоқтатуды да көздейді.
Назар аударыңыз, алаяқтар «Стоп-кредит» тақырыбын да пайдалануы мүмкін
Алаяқтар өз схемаларында тіпті азаматтарды қорғау үшін құрылған мемлекеттік сервистерді де жиі пайдаланады. Мысалы, олар қоңырау шалып, Сіздің атыңызға дәл қазір кредит рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын хабарлауы және «шұғыл түрде тыйым салуды қосуды» ұсынуы мүмкін. Содан кейін олар сілтеме жібереді, SMS-кодты айтуды, телефонға қолжеткізуді қамтамасыз етуді немесе қызмет үшін ақы төлеуді сұрайды.
Есіңізде болсын: «Стоп-кредит» ресми цифрлық сервистер арқылы тегін және дербес қосылады. Бөгде адамдарға ЭЦҚ-ны, SMS-кодтарды, құпия сөздерді және басқа да құпия деректерді бермеңіз, сондай-ақ белгісіз жіберушілердің сілтемелері бойынша өтпеңіз.
Егер деректер алаяқтардың қолына түсіп жатса
Мұндай жағдайда тек «Стоп-кредитті» қосу жеткіліксіз. Егер Сіз бөгде адамға банк деректерін, кодтарды немесе құпия сөздерді хабарласаңыз, күдікті сілтеме бойынша өтсеңіз немесе өз құрылғыңызға қолжеткізуге рұқсат етсеңіз, қандай ақпараттың жария болып кеткенін анықтау қажет.
Ресми нөмір бойынша банкпен дербес байланысыңыз. Қажет болған жағдайда картаны немесе банк қосымшасына қолжеткізуді бұғаттаңыз, құпия сөздерді өзгертіңіз және белсенді құрылғылар мен аккаунттарды тексеріңіз.
Егер Сіздің атыңызға қарыз рәсімделуі мүмкін деп қауіптенсеңіз, кредиттік тарихыңызды тексеріңіз. Алаяқтық белгілері болған жағдайда хабарламаларды, телефон нөмірлерін, сілтемелерді, чектерді және басқа да материалдарды сақтап қойыңыз және құқық қорғау органдарына жүгініңіз.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінде оқыңыз
«Телефонмен көмектесші»: қарапайым өтініш жасөспірім үшін қалай тұзаққа айналуы мүмкін
Ұлттық валюта күніне орай: қаржылық әл-ауқатқа арналған 33 кеңес
Банктік шоттар, кредиттер және цифрлық активтер: иесі қайтыс болғаннан кейін не болады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Бір басумен ақша: алаяқтар мессенджерлерде қалай алдайды
Әдемі өмірдің бағасы: әлеуметтік желілер біздің шығындарымызға қалай әсер етеді
Қарызды өтеудің ыңғайлы тәсілі: төлем кестесін есептеу, өтініштер беру және құжаттарға қол қою
Finkelisim жаңа платформасы несие берешегін реттеу ережелерін қалай өзгертеді