«Иллюзиясыз кредит: мүмкіндіктер, тәуекелдер және жауапкершілік»

time 1.10.2026
aye 20

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің алаңында «Иллюзиясыз кредит: мүмкіндіктер, тәуекелдер және жауапкершілік» форумы өтті. Форумға студенттер, қаржы нарығының сарапшылары және салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар қазіргі қаржы күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді – банктік өнімдер мен кредиттік сауаттылықтан бастап дропперлікке және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылға дейін талқылады.

Іс-шара халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған Fingramota.kz жобасы аясында өтті. 

Форумды аша отырып, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында студенттердің қаржыны жоспарлау, сыни ойлау және өз қаржысына жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастырудың маңызы зор екенін атап өтті.

Fingramota.kz халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жобасының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Айгүл Қанатбаева бүгінгі таңда қаржылық сауаттылық қазіргі жастар үшін аса маңызды дағды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаржылық өнімдерді сауатты пайдалану, ақпаратты талдай білу және алаяқтық схемаларды тану азаматтардың қаржылық қауіпсіздігінің негізгі элементтеріне айналуда.

Форум екі тақырыптық бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім кредит мәселелеріне арналды.

«ForteBank» АҚ атқарушы директоры Андрей Гриненко қатысушыларға банктік өнімдердің күнделікті өмірдегі рөлі, оларды пайдалану ерекшеліктері және қаржылық сауатты мінез-құлықтың негізгі қағидаттары туралы айтып берді. Атап айтқанда, банк карталарын, кредиттерді және басқа да қаржылық өнімдерді дұрыс таңдау және қауіпсіз пайдалану, банктік қызметтердің шарттарын мұқият зерделеу, өз қаржылық мүмкіндіктерін бағалау және қабылданған қаржылық міндеттемелерге жауапкершілікпен қарау мәселелері қаралды.

Қаржы сарапшысы, қаржы блогері Батырхан Елемесов кредиттік сауаттылық тақырыбын ұсынып, кредит рәсімдеу кезінде қандай мәселелерге назар аудару керектігін түсіндірді. Сонымен қатар ол қаржылық стратегия құру мәселесіне тоқталып, кірісті дұрыс бөлу, жинақ қалыптастыру және инвестициялық шешімдерді ойланып қабылдау жолдарын түсіндірді.

Fingramota.kz халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жобасының жетекшісі Айгүл Қанатбаева «Берешекті ұжымдық реттеу: Finkelisim.kz қалай жұмыс істейді» тақырыбында сөз сөйледі. Өз сөзінде ол бірнеше кредитор алдындағы азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу процесін жеңілдетуге арналған жаңа Finkelisim.kz платформасының мүмкіндіктері туралы айтып берді. Қатысушыларға платформаны пайдаланудың негізгі шарттары мен тәртібі, өтініш беру тетігі, сондай-ақ берешекті өтеудің бірыңғай кестесін қалыптастыру ерекшеліктері түсіндірілді. Кредиттік жүктемені реттеуге және қабылданған қаржылық міндеттемелерді жауапкершілікпен орындауға байланысты практикалық мәселелерге ерекше назар аударылды.

Форумның екінші бөлімі алаяқтық схемаларға, дропперлікке және дербес деректерді қорғауға арналды. Оның салдары туралы Астана қаласы Полиция департаментінің өкілі Бағдаулет Оспанбаев айтып берді.

«ForteBank» АҚ Antifraud талдау және сүйемелдеу тобының жетекшісі Асель Садвакасова антифрод жүйесін дамыту бағыты туралы және банк мысалында алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тетігінің қалай жұмыс істейтіні туралы айтып берді.

Форум қаржы нарығының сарапшылары мен жастар арасында ашық диалог орнатуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. Қатысушылар алаяқтықтың нақты жағдайларын, заманауи қаржы құралдарын және цифрлық дәуірде жеке қаржыны қорғауға көмектесетін практикалық дағдыларды талқылады.

Сондай-ақ Fingramota.kz қаржылық квизге арналған бейнероликтер байқауының қатысушыларын марапаттады. Жастар 10 креативті әрі мазмұнды жұмыс дайындады. Олардың үздіктері марапатталып, кейін бүкіл ел бойынша көрсетілетін болады. 

white-arrow Тізімге