Адамдар ақша табу үшін жұмыс істейді. Инвесторлар болса, ақша тауып қана қоймайды, сондай-ақ ақшаны өзіне жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Бүгінгі шығарылымда инвестиция деген не және ақша өсу үшін оны қайда салған дұрыс деген сияқты сұрақтарды талқылаймыз.
Сіздер ақша жинауды үйрендіңіздер, енді белгілі бір «қаржылық қауіпсіздік жастығы» – ақша қоры пайда болды. Бұл ақшаны пайдаланудың ең дұрыс жолы – инвестициялау, яғни оны түрлі қаржы құралдарына салу. Енді сол құралдарға толығырақ тоқталайық.
Сонымен, инвестициялаудың қандай тәсілдері бар?
Инвестиция – ақшаны болашақта табыс табу мақсатында салу. Сіз ақшалай қаражатты салған кезде инвестор атанасыз.
Инвестициялаудың түрлі тәсілдері бар. Ең кеңінен тарағаны – банкке салу немесе, басқаша айтқанда, депозит. Бұл сенімді әрі қауіпсіз қаржы құралы. Инвесторлар депозиттерді көбіне ақша табу үшін емес, ақшаларын сақтау үшін таңдайды, оның үстіне қазақстандық банктерге салынған салымдарды мемлекеттің өзі қорғайды.
Ақша салудың тағы бір тәсілі – жылжымайтын мүлікке инвестициялау: үйлерді, пәтерлерді, бизнес-орталықтарын сатып алып, кейін жоғары бағада қайта сату немесе жалға беру. Алайда оны сатып алу үшін қомақты қаражат керек. Сондай-ақ шығыны да аз емес. Бұл салық төлеу, коммуналдық қызмет (жарық, жылу, газ, су және т.б.) ақысын төлеу, жөндеу жұмыстары және өзге де шығындар.
Жинақтап сақтандыруды да инвестиция құралы ретінде қарастыруға болады. Оның көмегімен, мысалы, оқу немесе той секілді маңызды мақсат үшін ақша жинауға болады. Өмірді жинақтау арқылы сақтандыру полисі адамды қорғап, оның қаржылық тұрақтылығына кепілдік береді. Алайда бұл қаржы құралының да артықшылығы мен кемшілігі бар: болашақта опық жеп қалмас үшін, сақтандыру шартын мұқият оқып, зерделеу қажет. Жалпы, кез келген шартқа қол қоймай тұрып, оның талаптарымен егжей-тегжейлі танысып алған абзал.
Мысалы, алтын сияқты қымбат металдарға, коллекциялық монеталарға және басқа да құралдарға инвестициялауға болады.
Инвестиция үшін барынша белгілі қаржы құралы бағалы қағаздар болып табылады – бұл меншік құқығын немесе оның иесі мен оны шығарған ұйым арасындағы қарыз қатынастарын куәландыратын ақшалай құжат. Бағалы қағаздар қор активтері, ал бағалы қағаздар нарығы қор нарығы деп аталады. Бағалы қағаздардың алуан түрлері бар – акциялар, облигациялар, вексельдер, чектер, кепілзаттар, жинақ сертификаттары және т.б.
Олардың артықшылығы – кірістілігі депозитке қарағанда көбірек, бірақ тәуекелі жоғары. Сондықтан сәтті салу үшін инвестордың бағалы қағаздар нарығының қалай жұмыс істейтіні жөнінде білімі болуы керек, ондағы жағдайды үнемі талдап, белгілі бір бағалы қағаздарды сатып алу арқылы дұрыс тәуекелге баруы керек. Себебі, егер инвестициялық стратегия дұрыс таңдалмаса, онда барлық кірісіңізді бір сәтте жоғалту қаупі жоғары болады.
Бағалы қағаздар нарығы қалай жұмыс істейді?
Әдеттегі нарықтағыдай: сатушылар тауарды ұсынады, сатып алушылар бұл тауарды сатып алады. Сондай-ақ, инвесторлар да, олар өнімді – бағалы қағазды шығарған сатушы-ұйымдардан сатып алады және сатып алғандарын қайта сатады. Бұл сауда бағалы қағаздар нарығында – қор нарығында жүреді. Нақты тұрғыдан алғанда, қор нарығы жоқ – бұл бағалы қағаздармен сауда жасауға мүмкіндік беретін іс-әрекеттер мен тетіктердің жиынтығын білдіретін абстракт ұғым. Бірақ қор биржасы бар – бұл сауда мәмілелерін жасауға орын беретін және бағалы қағаздарды сатып алушылар мен сатушыларды біріктіретін ұйым. Әрбір қор биржасының жеке мекенжайы, қағидалары мен жұмыс кестесі бар.
Бағалы қағаздар – бұл көбінесе акциялар, облигациялар. Олар еш жерден шықпайды, оларды көбінесе компаниялар ақша тарту үшін шығарады.
Сіз, мысалы, өзіңізді доп шығаратын зауыттың иесі деп елестіңіз. Сіздің кәсіпорыныңыз нарықта бірнеше жыл жұмыс істейді, өзін жақсы жағынан көрсетті. Сіздің фирмалық доптарыңызға тапсырыс саны күн сайын артып келеді және сіз қандай да бір сәтте өндіріс көлемін ұлғайту және рентабельділікті арттыру үшін жаңа қымбат жабдық қажет екенін түсінесіз. Ақшаны қайдан алуға болады? Бұл барлық бизнесменді ойландыратын сұрақ.
Бірнеше нұсқа бар. Біріншісі – қаражатты айналымнан алу. Шындығына келгенде, аса тартымды нұсқа емес, айналымсыз – шикізат сатып алуға, көлік шығындарын төлеуге, қызметкерлерге жалақы төлеуге арналған қаражатсыз, өндіріс тоқтап қалуы мүмкін.
Екінші нұсқа – банктен кредит алу. Мұны істеу үшін сізге бизнес-жоспар жасау керек, банкке оның тиімділігін дәлелдеу, кепіл беру, оны сақтандыру керек, содан кейін сізге кредит берілуі мүмкін – әрине, пайызбен. Ал қажетті қаражатты қор нарығынан да табуға болады.
Бұл қалай жасалады? Сіз екі жолын таңдай аласыз. Бірінші жолы – акционер болу, яғни өз кәсіпорыныңыздың бір бөлігін инвесторларға сату. Сіз зауыттың құнын көптеген тең бөліктерге (акцияларға) бөлесіз, содан кейін бұл бөліктерді нарықта – мысалы, қор биржасында сатасыз. Нәтижесінде сіздің кәсіпорыныңыздың қосымша иелері, ал сізде – даму үшін қажетті капитал пайда болады.
Екінші жолы – сол қор нарығынан қарызға ақша алу. Сіз өзіңізге қажетті мөлшерде борыш міндеттемелерін (облигацияларды) шығарасыз, содан кейін оларды белгілі бір мерзімде сатып алуға және сатып алушыларға пайыз төлеуге уәде бере отырып, осы облигацияларды биржада сатасыз. Сыйақы мөлшерлемесі, облигациялардың қолданылу мерзімі және олардың бастапқы құны алдын ала келісіледі. Шын мәнінде, сіз дәл сол кредитті, тек бірнеше кредит берушіден бірден, арзан бағамен және кепілсіз аласыз. Әрине, бұл процесс бір қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін, бірақ олай емес. Биржаға шығу үшін көптеген міндетті және қымбат рәсімдерден өту керек, бірақ шығындар өтеледі.
Сонымен, акция – бұл акционерлік қоғам, басқаша айтқанда – эмитент компания шығаратын бағалы қағаз. Акцияларды сатып алған барлық инвесторлар компанияның ортақ иелері болды. Акция оның иесінің, тіпті өте аз болса да, компанияда үлесі бар екенін білдіреді. Бүгінгі таңда акциялар мүлдем басып шығарылмайды, олар электронды түрде ғана бар.
Облигация – бұл шын мәнінде борыш қолхаты. Оларды да ақша табу мақсатында эмитент - компания (немесе мемлекет, ол да эмитент бола алады) шығарады. Адамдар облигацияларды сатып ала отырып, белгілі бір кіріс алуды көздеумен өз ақшаларын осы компанияға қарызға береді. Әдетте, мұндай кірістің толық сомасы, төлем мерзімі мен мөлшері (егер бірнеше төлем жоспарланса) сатып алу кезінде белгілі болады. Облигацияның өзге бағалы қағаздардан ерекшелігі – өз пайдаңды алдын ала бағалай алу мүмкіндігінің болуы. Белгіленген мерзімде облигацияны өтеу жүзеге асырылады, яғни эмитент облигациялар иелеріне облигациялардың өзінде көрсетілген номиналды құнын төлейді. Алайда, бұл жерде эмитент-компанияның банкротқа ұшырап, инвесторларға өз борыштарын төлей алмау тәуекелі бар.
Қызықты фактілер:
АҚШ-та мемлекеттік жинақ облигацияларын жаңа туған балаларға немесе туған күн иелеріне сыйлау дәстүрі бар. Осылайша, олар елдің экономикасының дамуына жағдай жасай отырып болашақта пассивті кіріске ие болады. Пассивті кіріс — бұл сіздің жасыңызға, денсаулығыңызға және жұмыс қабілеттілігіңізге қарамастан, тұрақты түрде түсіп тұратын кіріс.
Инвестор қандай тәуекелдерге тап болуы мүмкін?
Кез келген инвестиция — бұл бір жағынан кіріс көзі болса, екінші жағынан белгілі бір тәуекел. Жылына тәуекелсіз 100% кіріске кенелу мүмкін емес. Сондықтан, оны төмендету үшін өз ақшаңызды саларда оның жолдарын жан-жақты талдап, аса мұқият болу қажет. Мұндай тәуекелдерді алдын ала анықтай білу маңызды.
Түрлі активтерге бағалы қағаздар тәуекелінің түрлі деңгейі тән: сенімді активтер болады, бірақ олардың кірісі төмен, сондай-ақ кірісі жоғары активтер де бар, тиісінше олардың тәуекел деңгейі де жоғары болады. Кәсіби инвесторлар мұндай тәуекелдерді талдап, оларды мүмкіндігінше азайтып, жоғары деңгейдегі кіріске қол жеткізе алады. Бұл үшін портфеліңізде кіріс және тәуекел деңгейлері әртүрлі, нарықтағы өзгерістерге әр түрлі бейімделетін бағалы қағаздарды жинақтай білу керек.
Мысалы, облигация акциялармен салыстырғанда тәуекелі біршама төмен бағалы қағаздар деп саналады, олар кірісі тіркелген инвестицияларға жатады. Неліктен? Себебі акцияның құны бірден шарықтап кетуі де, сондай-ақ күрт түсіп кетуі де мүмкін – бұл жерде оны алдын ала болжау қиын. Акцияның құнына алуан түрлі факторлар – тіпті даладағы ауа- райы да ықпал етуі мүмкін, айталық, компанияның жұмысына зиянын тигізетін қатты дауыл немесе су тасқыны да болуы мүмкін. Алайда, бұл факторлар облигацияларға еш ықпалын тигізбейді, облигацияларға тән ерекшелік – кірісті болжау мүмкіндігі.
Мына қағидаларды үнемі есте сақтаңыздар: қаржы құралының кірісі неғұрлым жоғары болған сайын, ақшаны жоғалту тәуекелі де соғұрлым жоғары болады. Мұны барлық инвесторлар білуге тиіс. Егер сіз жинаған ақшаңыздан айырылуға дайын болмасаңыз, сіз үшін ең жақсы таңдау — бағалы қағаздарға инвестиция салу емес, банк депозиті болмақ. Естеріңізде болсын: инвестицияға қолда бар ақшаны салу қажет, ешқашан мұндай мақсатқа банктен ақшалай кредит алуға болмайды.
Бұл ақпарат сіздердің келешектеріңіз үшін қажет, яғни болашақта өсіп, жақсы білім алып (айтпақшы, ең үздік инвестиция – білімге салынған инвестиция), беделді жұмысқа орналасып, ресми түрде табыс таба бастағанда керек болады. Алғашқы қадамды, тіпті, кішігірім инвестициялауды неғұрлым ертерек бастасаңыз, соғұрлым өз ақшаңызды еселеуді тезірек үйренесіз!
Балаларға инвестиция әлемін жақсырақ түсінуге көмектесетін кітаптардың, фильмдер мен ойындардың тізімі:
Сіздер бұл тізімді ата-аналарыңызбен бірге толықтырып, барынша білімді инвестор атана аласыздар.
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт