117 жыл бұрын ойлап табылған әдіспен қалай үнемдеуге болады?

time 13.12.2021
aye 8090
117 жыл бұрын ойлап табылған әдіспен қалай үнемдеуге болады?

Fingramota.kz ақшаны кейінге қалдырып, жинақтауға мүмкіндік беретін бюджетті басқару мен қаржылық жоспарлаудың түрлі техникалары жайында айтып берген болатын. Олардың негізінде ақылға қонымды үнемдеу қағидаты жатыр.

Жапонияда кеңінен тараған, кейін бүкіл әлемде етек алған қаржылық есепке алудың тағы бір танымал әдісі бар – бұл үнемдеуді нағыз өнерге айналдырған Kakebo жүйесі.

Сонау 1904 жылы Жапонияның журналисі Хани Мотоко жұмыс істейтін әйелдердің қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болуына көмектесу үшін ақшаны үнемдеудің жаңа техникасын ойлап тапты. Расында да, жапондық үш иероглиф «Ka-ke-bo»-дан тұратын, аудармасы «үйде үнемдеу кітабы» деген мағынаны білдіретін оның жүйесі бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, әлі де кеңінен қолданылады және әлемде көптеген адамдардың өміріне мықтап сіңіп кетті.

Kakebo деген не?

Бұл әдіске сәйкес барлық шығын мен ақшалай түсімді түк қалдырмай жазып отыру қажет. Жүйеде жеке бюджетті енгізу және жоспарлау көзделген, атап айтқанда, кірістер, шығыстар және жинақтар жоспарларын жасау керек. Ол үшін екі блокнот болу керек: үлкенін үйде немесе жұмыста қалдыруға болады, ал кішкентайын өзіңізбен бірге қайда жүрсеңіз де алып жүресіз.

Кішкентай блокнотқа сіз барлық күнделікті шығындарыңызды жазып жүресіз: мысалы, дүкенде, дәріханада, кафеде қанша жұмсадыңыз, қысқаша айтқанда, барлық ұсақ-түйекті жазу керек.

Үлкен блокнотта сіз бір айдағы барлық қаржылық жоспарларыңыз көрсетілуі керек, ыңғайлы болу үшін оны кесте түрінде жасауға болады.

Үлкен блокнотқа не жазу қажет?

Бірінші кезекте, бұл сіз нақты түрде аламын деп ойлайтын негізгі кірістердің жоспары: аванс, жалақы, сыйлықақы, сізге қайтарылуға тиіс ақша, жалдаудан түсетін кіріс және т. б. Мысалы, ақшалай сыйлықтар, лотерея ұтыстары түріндегі күтпеген түсімдерді басқа түсті қаламмен немесе маркермен бөліп көрсетуге болады.

Шығыстар жоспарында міндетті ай сайынғы шығыстарды көрсету қажет, әңгіме коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу, ипотека үшін жарна төлеу, ұялы байланыс шығыстары, оқу ақысы, кредиттер мен қарыздар бойынша төлемдер жайында болып отыр.

Сондай-ақ, үшінші жоспар – бұл сіздің жинақ ақшаңыз. Сіз айына қанша ақша жинақтағыңыз келеді, мысалы, оны депозитке салу керек пе? Бұл сома үлкен блокнотқа жазылуы қажет.

Әрі қарай, бір айдағы ауыспалы шығындардың мөлшерін есептеу қажет, яғни бұл маңызды шығындар, бірақ олар анда-санда пайда болады.

Kakebo жүйесі бойынша заманауи бес пайдалы кеңес: 

№1. Сауда жасауға бара жатып, қажетті заттар тізімін жасауды ұмытпаңыз. Бұл сізге ойламаған жерден сауда жасамауға көмектеседі.

№2. Ойламаған шығыннан мына әрекет те көмектеседі. Шоттан ақшаның бір бөлігін шешіп алыңыз да, оны белгілі бір шығын түрлеріне бөліп, әр конвертке жеке-жеке салып қойыңыз. Тұрмыстық шығындарға – бір сома, мәдени және білім беру шығындарына – басқа сома және тағы сол сияқты. 

№3. Шұғыл түрде сатып алуды қажет етпейтін затты алу мерзімін бір айға кейінге қалдырыңыз. Егер соншама күн өткеннен кейін заттың маңыздылығы сол күйі жоғары болса, онда ол затты ойланбастан сатып ала беріңіз. Егер маңызды болмаса, одан біржолата бас тартыңыз. 

№4. Егер сізге қарызыңызды қайтарған болса, бүкіл ақшаны депозитке салып қойыңыз. 

№5. Егер ірі соманы майдалайтын болсаңыз, алған купюраларыңыздың бір бөлігін бірден депозитке салып қойыңыз. Сізге дүкенде берген қайтарылған ақшамен де осылай жасау қажет. Оны жинақ қобдишасына салып қоюға болады, ал үлкен сома жиналғаннан кейін оны өз депозитіңізге саласыз. Сізді жинаған ақшаңыздың жылдам өскені таң қалдырып, мөлшері күннен күнге қуантатын болады.

Толығырақ «Бюджетті жоспарлаймыз» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге