Арнайы шот: ерекшеліктері және шектеулері

time 25.01.2024
aye 4227
Арнайы шот: ерекшеліктері және шектеулері

Кредит бойынша төлем мерзімі өткен жағдайда, қарызды өтеу үшін белгілі бір ақша сомасын ұстап қала отырып, қазақстандықтардың шоттарына тыйым салынуы мүмкін екені белгілі. Алайда, Қазақстан заңнамасында кредитор алдында борыштық міндеттемелер болған кезде де қорғалатын «қол сұғылмайтын» шоттар ашу көзделген. Бұл шоттарға «арнайы шот» деген белгі қойылады, оларды есепке жазу үшін ашылатын төлемдердің атауы көрсетіледі. 

Бұл материалда Fingramota.kz шоттың осы түрінің ерекшеліктері туралы айтып береді. 

Арнайы шоттар заңмен қорғалған 

2019 жылдан бастап Қазақстанда жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жазуға арналған шоттардан; азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақтарын; білім беру жинақтау салымдарын; кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған алименттерден ақша өндіріп алуға тыйым салу көзделген.

Арнайы шот – бұл «қол сұғылмайтын» банктік шот, оның қаражаты қарыз алушының қарыз бойынша мерзімі өткен берешегі болған кезде үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан толық қорғалған. 

Арнайы шоттарды банктер жеке тұлғаның талабы бойынша және оның арнайы мақсаттағы банк шотын ашуға арналған өтініште көрсетілген жағдайда ашады. Арнайы шоттағы қаражатқа: тыйым салуға, банктер мен банктік емес ұйымдардың төлем талаптары бойынша, сот орындаушыларының инкассолық өкімдері бойынша ақша өндіріп алуға жол берілмейді.

«Төлемдер және төлем жүйелері туралы»  ҚР Заңының 27-бабы 10-тармағына сәйкес:  

  • мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
  • тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында «БЖЗҚ» акционерлік қоғамынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін, нысаналы активтерді, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
  • нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаға;
  • «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» ҚР Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға;
  • банктік шоттардағы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтеріне және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін нысаналы жарна қаражатына;
  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
  • төлем талаптары негізінде банктік қарыздар бойынша клиенттердің алименттерді (кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған ақшаны) есепке жатқызуға арналған банктік шоттарындағы ақшасына;
  • жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотындағы ақшаға;
  • берілген банктік қарыздар бойынша кепіл нысанасы болып табылатын жинақ шоттарындағы ақшаға, төлем талаптары негізінде осындай банктік қарыздар бойынша өтелмеген негізгі борыш сомасы мөлшерінде;
  • әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысу шеңберінде қамтамасыз ету шаралары ретінде ақша енгізуге арналған мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың банктік шотындағы ақшаға;
  • «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы  туралы» ҚР Заңына сәйкес рәсімді қолдану туралы іс қозғалған немесе рәсім қолданылған азаматтың банктік шоттарындағы ақшаға;
  • «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы  туралы» ҚР Заңына сәйкес сот арқылы банкроттық рәсімінде ақшаны есепке жатқызу үшін қаржы басқарушысының ағымдағы шотындағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
  • Сондықтан, егер сіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алушы болсаңыз немесе, мысалы, кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент алсаңыз, онда сізге банктен немесе «Қазпошта» АҚ-тан ағымдағы банктік шот емес, арнайы шот ашу қажет

Арнайы шотты қалай ашу қажет?

Арнайы шоттар ашу тәртібі  Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында көзделген, ол ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 207 қаулысында жарияланған. 

Қаулыға сәйкес арнайы шоттарды банктер немесе «Қазпошта» АҚ жеке тұлғаның талап етуі бойынша және арнайы мақсаттағы банктік шот ашуға  арналған өтініште көрсеткен кезде ашылады.

Алименттерді (кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған ақшаны) алушыларға олардың талап етуі бойынша алименттерді өндіріп алу туралы сот актісінің көшірмесін немесе Неке (ерлі-зайыптылық)  және отбасы туралы кодекске сәйкес жасалған оларды төлеу туралы келісімнің нотариат куәландырған келісімнің көшірмесін ұсынады. Тұрғын үй төлемдерін есептеуге және тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес мақсатқа төлемдерді жүзеге асыру үшін азаматтар ағымдағы тұрғын үй төлемдерін алушы туралы анықтама ұсынулары қажет.

Мүгедектігі бар адамдар санатындағы клиенттер банктік борышты төлеу бойынша ақшалай қаражатты алып қоюдан қорғалатын белгіленген мүгедектікке байланысты жәрдемақыларды есептеу үшін арнайы шоттар аша алады.

Назар аударыңыз! Арнайы шот тегін ашылады, банктер оны жүргізгені үшін комиссия алмайды.  Сондай-ақ банктер салықтық берешегі  немесе кредит бойынша мерзімі кешіктірілген төлемі бар клиентке арнайы шот ашудан бас тартуға құқықтары бар. Қол сұғылмайтын шот ашудың алдында шарттың талаптарын мұқият және жан-жақты зерделеңіз, егер бір жері түсініксіз болса, онда міндетті түрде менеджермен кеңесіңіз. Ешқашан банктік шартпен таныспас бұрын қол қоймаңыз!

Арнайы шотты дербес толтыруға болмайды

Арнайы шоттарға мемлекеттен әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, кәмелетке толмаған немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз балаларды асырап-бағуға арналған алименттер, азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақтарының төлемдері, білім беру жинақтау салымдары ғана есепке алынады. Банктер мұндай шоттарға ақшаның тиісті төлем мақсатының коды мен ақша жөнелтуші бойынша түсуін бақылайды. 

Сонымен бірге, арнайы шоттан қаражатты кез келген картаға аударуға немесе депозитке салып қоюға, кез келген банкоматтан шығарып алуға болады. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін кейбір банктер арнайы шотты пластик карточкамен бірге ашады.

Сондықтан, егер сіз мемлекеттен арнайы төлемдер немесе мысалы, кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға арналған алименттер алатын болсаңыз, онда тек «қол сұғылмайтын» шот ашыңыз!

Өзіңізді, өз ақшаңызды сақтаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге