Қазақстанда теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеу қағидалары бекітілді

time 2.09.2022
aye 4722
Қазақстанда теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеу қағидалары бекітілді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен Жеке тұлғалардың ұлттық валютада орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу қағидалары  бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Салымшыларға өтемақы (сыйлықақы) төлеу 2022 жылғы 23 ақпандағы операциялық күннің соңында қолданыста болған, өтелетін депозиттегі сомаға әрбір қатысушы банкте 20 млн теңге шегінде жүзеге асырылады.

Салымшыда бір қатысушы банкте біреуден артық өтелетін депозит болған жағдайда, өтемақы төлеу жалпы сомасы 20 млн теңге шегінде жүзеге асырылады.

Өтемақы төлеу 2023 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей өтініш жазу арқылы өз келісімін растаған салымшыларға жүзеге асырылады. Салымшының келісімі туралы өтініш беру тәртібі мен тәсілін осы Қағидаларға сәйкес қатысушы банк айқындайды.

Өтемақы төмендегідей есептеледі:

  • қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпанға дейін өтелетін депозиттен ақшаны ішінара алып қою болмаған кезде – 2022 жылғы 23 ақпандағы операциялық күннің соңында өтелетін депозитте бар, бірақ 10%-ға  көбейтілген 20 миллион теңгеден аспайтын сома ретінде;
  • 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпанға дейінгі кезеңде өтелетін депозиттен ақшаны толықтыру, ішінара алу кезінде өтемақыны есептеу операциялық күннің соңында тіркелген өтелетін депозиттің ең төменгі қалдығының сомасына, бірақ 10%-ға көбейтілген 20 млн теңгеден аспайтын сомаға жүзеге асырылады.

Сонымен бірге өтемақы төлеу мынадай депозиттер бойынша жүзеге асырылмайды: талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты салымдар және ағымдағы банктік шоттар.

Қаулы 2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасына мемлекеттік бюджеттен 550 млрд теңге бөлу жоспарлануда

Дереккөзі : www.zakon.kz

white-arrow Тізімге