Франкфурт аукционы: не білу қажет?

time 1.03.2022
aye 8578
Франкфурт аукционы: не білу қажет?

Ағымдағы жылғы 28 ақпанда Ұлттық Банк және KASE теңге-доллар валюта жұбы бойынша сауда-саттық регламентін өзгертті. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкі мен «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың бірлескен мәлімдесінде жарияланды. Франкфурттық аукцион форматы таңдалды.

Қандай биржалық нарықтар бар екенін, валюта нарықтарында сауда-саттық жүргізудің ерекшеліктерін Fingramota.kz-пен бірге талқылаймыз.

Қазақстандағы негізгі қор алаңы – «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE). Мұнда бағалы қағаздарды ғана емес, сонымен бірге шетел валютасын, бағалы металдарды, сондай-ақ туынды қаржы құралдарын сатып алуға және сатуға болады. Биржа мынадай биржалық нарықтар қызмет ететін әмбебап алаң болып табылады:

1) «қор» – борыштық және үлестік бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығы;

2) «валюта нарығы» – шетел валюталарының ұйымдастырылған нарығы;

3) «деривативтер» нарығы – туынды қаржы құралдарының ұйымдастырылған нарығы;

4) «ақша» нарығы – репо операциялары (бағалы қағаздар кепілімен қарызға ақша алу).

Бүгін баға белгілеу-бағамдық арақатынас негізінде түрлі мемлекеттердің валюталарын еркін сату және сатып алу бойынша операциялар жүргізілетін валюта биржалары туралы әңгімелейтін боламыз.

Валюта биржасы ең өтімді биржалар санатына жатады. Валюта биржасындағы валюта бағамдарының арақатынасы (баға белгілеулер) көбінесе валюта шығарылған елдердегі экономикалық жағдайға байланысты және валюталардың сатып алу қабілетінің көрінісі болып табылады. Валюта биржаларында белгілі бір ұлттық және шетел валютасының нақты нарықтық бағамын белгілеу процесі жүреді.

Биржада валютамен мәмілелер ашық сауда-саттық режимінде жасалуы мүмкін, онда шетел валютасын сатып алу-сату мәмілелері үздіксіз қарсы аукцион әдісімен (қатысушының өтінімі басқа қатысушылардың қолданыстағы қарсы өтінімдері есебінен сөзсіз және шартсыз қанағаттандырылады), сондай-ақ Франкфурттық аукцион әдісімен жасалады.

Франкфурттық аукцион кесімді бағаны іздеуге негізделген және валютаны сатып алуға және сатуға өтінімдерді қатысушылар белгілі бір уақыт ішінде беретін және осы уақыт аяқталғаннан кейін барлық немесе жекелеген өтінімдерді қанағаттандыру кесімді баға бойынша жүзеге асырылатын сауда-саттықты білдіреді.

Басқа сөзбен айтқанда, франкфурттық аукцион әдісі уақытша лагты көздейді, ол уақыт ішінде нарыққа қатысушылар өздері тиімді және әділ деп санайтын бағалар мен көлемдерде қаржы құралын сатып алу және сатуға өтінімдер бере алады.  Бұл кезеңде нарыққа кез келген қатысушы сатып алу және сатуға кез келген өтінімдер санын еркін бере және кері қайтара алады.   Аукцион қорытындылары бойынша орташа мөлшерленген бағам ол бойынша аукцион барысында берілген өтінімдердің ең үлкен көлемі қанағаттандырыла алатын баға мәні ретінде белгіленеді.

Осылайша, франкфурттық аукцион тетігі белгілі бір уақытта қаржы құралы бағамының тең салмақты мәнін объективті айқындау құралы болып табылады.

Толығырақ "Бағалы қағаздар нарығы" бөлімінен оқыңыздар

 

white-arrow Тізімге