Ісін жаңадан бастаған инвесторлардың басты қателіктері: қалайша олардың алдын алуға болады

time 6.02.2025
aye 1982
Ісін жаңадан бастаған инвесторлардың басты қателіктері: қалайша олардың алдын алуға болады

Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің деректері бойынша 2024 жылдың 11 айында номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың жалпы саны 983 126 шотқа немесе 40,2%-ға ұлғайған. Бұл статистика қазақстандықтардың бағалы қағаздар нарығын белсенді игере бастағанын көрсетеді. Алайда, қор нарығында бағалы қағаздармен сауда-саттық  жасамас бұрын, ойынның негізгі ережелерін білу керек. 

Ісін жаңадан бастаған инвесторлар қандай қателіктер жіберулері мүмкін екендігі жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық!

Ойластырылмаған стратегия

Ісін жаңадан бастаған инвесторлардың басты қателіктерінің бірі — нақты стратегияның және мақсаттардың болмауы. Қор нарығында ісін жаңадан бастаушылар көп жағдайда тәуекелге бел буып, бірден көп кіріс алуды қалайды. Олар тәуекелдерге талдау жасамай, кірістілігі жоғары акциялар сатып алады. Бұл олардың бүкіл салған қаржысын жоғалтып алуына әкелуі мүмкін. 

Егер сіз ұзақ мерзімге инвестиция салып, табыс тапқыңыз келсе, алдымен стратегия құрып алыңыз. Бұл ретте, сіз қандай активтермен сауда жасайтыныңызды, мәмілелерді қаншалықты жиі жасайтыныңызды және шешім қабылдау кезінде нені басшылыққа алатыныңызды  білу маңызды. Қарапайым стратегиялардан бастаңыз, тәжірибе жинақтаған соң күрделіге көшіңіз.

Қысқа мерзімді көрсеткіштерді пайдалану

Ісін жаңадан бастаған инвесторда сапалы талдау болмаса, ол акцияларды оның соңғы жыл ішіндегі, ай, тіпті бір апта ішіндегі кірістілігін басшылыққа ала отырып сатып алулары мүмкін. Бұл инвестордың қысқа мерзімді көрсеткіштерді ғана болжап отырғанын білдіреді. Сондай оның шешіміне достарының, әріптестерінің, таныстарының және туысқандарының пікірлері де әсер етуі мүмкін. Нәтижесінде ол мұндай акциялар жоғары кіріс әкеледі деген сеніммен жоғары бағамен акциялар сатып алу тәуекеліне барады, одан кейін оның құны күрт түсіп кеткенін көреді.  

Компанияның акцияларының бағасы өзгеріп, құбылмалы болып, бағасы бір көрсеткіште тұрмайды. Тәжірибесі жоқ инвестор бір компанияның акцияларын сатып алуы мүмкін, алайда жағымсыз ішкі немесе сыртқы факторлардың салдарынан осы компанияның акцияларының құны түсіп кетуі мүмкін. Одан қорқып қалған инвестор тіпті бұл кірістен айырылып, шығынға ұшыратса да акцияларды сатып жіберуге асығады.   

Ісін жаңадан бастаған инвесторлармен салыстырғанда тәжірибелі инвесторлар  неғұрлым тұрақты және құбылмалылығы төмен акцияларға басымдық береді. Баға неғұрлым аз құбылып тұрса, болжам соғұрлым дәл болады. Тәжірибелі инвесторлар нәтижеге тез жетуге ұмтылу және эмоциямен жасаған әрекеттер көбінесе шығынға әкелетінін жақсы біледі.

Сондай-ақ, брокерлердің мүдделерін де ескеру маңызды. Олар мәмілелер үшін жоғары комиссия алуға мүдделі және олардың мүдделері инвесторлардың мүдделерімен сәйкес келмеуі мүмкін. Брокерлер үшін мәмілелердің жасалғаны, ал қағаздар портфельде ұзақ уақыт қалмағаны маңызды. Бұл факторды инвестициялық стратегияда ескеру қажет.

Консервативті стратегия

Тіпті бағалы қағаздарға салған кезде де ортасын сақтау маңызды, шектен тыс консервативтілік те қажет, бірақ ол оң нәтижелерге әкеле бермейді. Консервативті тәсіл биржада сауда-саттық басталған кезде өзін ақтайды. Бұл тәсіл кірістілігі төмен және тұрақты, сол сияқты тәуекелі орташа аздаған қағаздар болуы мүмкін неғұрлым теңдестірілген инвестициялық портфель туралы білімнің жетіспеуінен туындауы мүмкін.

Бұл стратегияда мүмкіндікті жіберіп алмаған және бағалы қағаздарды сатуда немесе сатып алуда ұзақ күтпеген маңызды.

«Fortuna»-ға сену

Жаңадан бастаған инвесторлар көбінесе акцияларды тек сәтінің түсуіне немесе олардың қысқа мерзімді кірістеріне сүйеніп сатып алады, бұл болашақта үлкен шығындарға әкелуі мүмкін. Белгілі инвестор Уоррен Баффет айтқандай: «Түсінген нәрсеңізге инвестиция салыңыз және эмоцияңыздың шешімдеріңізді басқаруына жол бермеңіз».

Сондықтан, акцияларды сатып алмас бұрын, компанияға байыппен қаржылық талдау жүргізіп, тарихын зерттеп, жалпы көрсеткіштеріне және беделіне көңіл аудару қажет. Сонымен бірге ел экономикасындағы, нарықтағы, саладағы және жалпы әлемдегі ахуал сияқты сыртқы факторлар да бар. Компанияның бизнес-жоспарын, жылдық есептерін және даму стратегиясын мұқият зерделеу қажет. Осы деректерді зерттеу арқылы талдау жасау үшін қажетті пайдалы дағдылар мен табысты инвестордың тәжірибесін алуға болады.

Бағалы қағаздар мен акцияларға инвестициялар салу әрқашан тәуекелдермен байланысты. Алайда, дұрыс әрекет жасаған және нарықты үнемі зерттеп отырған жағдайда сіз бұл тәуекелдерді азайта аласыз.

 Толығырақ "Бағалы қағаздар нарығы" бөлімінен оқыңыздар


white-arrow Тізімге