Кредит бойынша төлем мерзімі кешіктірілсе, не істеу қажет?

time 22.09.2022
aye 7739
         Кредит бойынша төлем мерзімі кешіктірілсе, не істеу қажет?

Өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Егер қаржылық қиындықтарға байланысты кредит бойынша төлемдерді уақтылы төлей алмасаңыз және кешіктірсеңіз, бастысы – заң аясында әрекет ету.

Сіз шарттық қатынас орнатқан кредиттік ұйымға ресми өтініш жазыңыз. Мұны төлем мерзімі кешіктірілген күннен бастап 30 күннен кешіктірмей жасау керек.

Өтініште міндеттемелердің орындалмау себебін көрсету және шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарыңызды ұсыну қажет. Бұл мыналар болуы мүмкін:

- сыйақы мөлшерлемесін азайту;

- қарыз валютасын өзгерту;

- негізгі борыш, сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;

- берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін өзгерту;

- шарттың қолданылу мерзімін өзгерту және басқалар.

Барлық растайтын құжаттарды қоса беруді ұмытпаңыз!

Осыдан кейін қаржы ұйымы сіздің ұсыныстарыңызды 15 күн ішінде қарап, жазбаша түрде жауап береді. Кредитор сіздің ұсыныстарыңызбен келісе алады, балама нұсқаларды қарастыра алады не бас тарта алады.

Егер сіз қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізе алмасаңыз, онда сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылысыз. Бұл ретте сіз банкке немесе
МҚҰ-ға өтінішіңізді және өзара тиімді шешімге қол жеткізбегеніңізді  растайтын құжаттарды міндетті түрде ұсыну қажет.

Егер осы тақырып бойынша сұрақтарыңыз болса, сіз Агенттіктің call-орталығына 1459 нөмірі бойынша (жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін), www.fingramota.kz  сайтының «Онлайн-кеңесші» сервисі арқылы не сілтемелер арқылы жүктеуге болатын «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы кеңес ала аласыз:

App Store-да: https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211;

Play Market-те: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals.

Мобильді қосымшаның веб-нұсқасы: http://online.fingramota.kz/ru сілтемесі бойынша қолжетімді.

Бұдан басқа қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша консультациялар алу үшін Агенттікте әр сейсенбі сайын сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін азаматтарды қабылдау жүргізіледі.

Жазылу үшін Yermek.Utemisov@finreg.kz электрондық мекенжайына мынадай ақпаратты жолдау қажет: аты-жөні, ЖСН, байланыс деректері, қаржы ұйымының толық атауы, өтініштің қысқаша сипаттамасы (еркін нысанда) және «Қабылдауға жазылу» тақырыбын көрсету міндетті.

Толығырақ «Кредиттер» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге