Кредиттік рақымшылық және қарыздарды кешіру мәселелері бойынша дәйексіз ақпаратқа қатысты

time 24.11.2022
aye 5383
Кредиттік рақымшылық және қарыздарды кешіру мәселелері бойынша дәйексіз ақпаратқа қатысты

Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде «кредиттік рақымшылық» жүргізілді және қарыздардың барлық түрлері есептен шығарылды-мыс деген ақпарат мерзімді түрде таратылуда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі  - Агенттік)  азаматтарды адастыру және олардың қаржылық жағдайын қиындататын әрекеттерге итермелеу мақсатында таратылатын ақпараттың дәйексіздігі туралы мәлімдейді.

Кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарды қолдау үшін 2021 жылғы қазаннан бастап берешекті реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі енгізілгенін атап өтеміз.

Кредиттер бойынша мерзімі өткен жағдайда қарыз алушылар банкке немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгінуі қажет, онда олардың өтініші қаралады және проблемалық берешекті қайта құрылымдау шарттары ұсынылады.

Қарызды қайта құрылымдау шарттары: сыйақы мөлшерлемесін төмендету; төлемді кейінге қалдыру; өтеу әдісін өзгерту; қарыз мерзімін ұлғайту; мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл), қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді жою және т. б. түрінде болуы мүмкін.

Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, ол кредитордың жауабын алған күннен бастап 15 күн ішінде Агенттікке жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға өзінің өтінішін р астауды және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеуді міндетті түрде ұсынуға тиіс.

Берешекті реттеу туралы шешім қарыз алушының қаржылық жай-күйін және оның қаржы ұйымы алдындағы міндеттемелерін орындау жөніндегі мүмкіндіктерін терең талдау негізінде жеке тәртіппен қабылданады.

Сонымен бірге Қазақстанда 2004-2009 жылдар аралығында теңгемен ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға көмек көрсету үшін Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын (Бағдарлама) іске асыру жалғасып жатқандығы туралы қосымша хабарлаймыз. Бағдарлама шеңберінде жылдық 3%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша қарыз бойынша негізгі борышты қайта қаржыландыру жүргізіледі.

Азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан дәйексіз мәліметтерге сенбеуді және ақпаратты тек ресми және тексерілген дереккөздерден басшылыққа алуды сұраймыз.

white-arrow Тізімге