Онлайн-алаяқтардан қорғану үшін мүгедек адамдар қаржы ұйымдарында өздеріне көмекші тағайындай алады

time 28.11.2022
aye 4381
Онлайн-алаяқтардан қорғану үшін мүгедек адамдар қаржы ұйымдарында өздеріне көмекші тағайындай алады

«Қайрат Иманәлиев атындағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары жөніндегі комиссия» ҚБ деректері бойынша МБА-ның әрбір екінші өкілі интернет пен ұялы байланысты пайдалана отырып, алаяқтық шабуылдарға ұшыраған. Осылайша, мүгедектігі бар азаматтардың жартысына жуығы онлайн-алаяқтыққа тап болды.

Мүгедектігі бар адамдарды (МБА) және халықтың өзге де жүріп-тұруы шектелген топтарын (ХЖТ) қаржы өнімдері мен қызметтерін қашықтан пайдалану кезіндегі алаяқтық әрекеттерден қосымша қорғау мақсатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылы «МБА және халықтың өзге де жүріп-тұруы шектелген топтарына, оның ішінде қарт азаматтарға қатысты олар қаржылық өнімдер мен қызметтерді қашықтан алған кезде алаяқтық операциялардың тәуекелін төмендету үшін әдістемелік ұсынымдарды» (бұдан әрі – Әдістемелік ұсынымдар) әзірледі.

Әдістемелік ұсынымдарда ХЖТ санатындағы клиент өзінің операциялары туралы хабарлама алатын және оларды растайтын немесе қабылдамайтын көмекшіні тағайындай алатыны көзделген. Егер көмекші клиенттің шоттарында қандай да бір ерекше әрекетті байқаса, онда ол оған немесе банкке, оның ішінде үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттері анықталған кезде хабарлай алады. Бұл ретте аталған сервисті қосуға тек клиенттің өзі ғана бастама жасай алады.

Реттеуші Әдістемелік ұсынымдарды жұмыста пайдалану үшін қаржы ұйымдарына жіберді.

Әдістемелік ұсынымдардың толық мәтінімен «Қаржылық инклюзия» бөлімінде танысуға болады.

 

 

white-arrow Тізімге