Спуфинг: қалай кибершабуылдың құрбаны болмау қажет

time 4.10.2023
aye 4792
Спуфинг: қалай кибершабуылдың құрбаны болмау қажет

Fingramota.kz цифрлық технологиялар пайдаланылатын интернет-алаяқтықтың негізгі әдістері туралы жарияланымдар сериясын жалғастыруда. Бүгін біз спуфинг деп аталатын алаяқтықтың кең таралған түрін және одан қалай қорғануға болатынын қарастырамыз.

Спуфинг (ағыл. spoofing – алмастыру, алдау, пародия) – алаяқ маңызды деректерге немесе ақпаратқа қол жеткізу үшін өзін сенімді тарап ретінде көрсететін кибершабуылдың заманауи түрі. Әрекет web-сайттар, электрондық пошта, телефон қоңыраулары, мәтіндік хабарлар, коммуникациялық желілер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Басқаша айтқанда, спуфинг – бұл қаскүнемнің басқа атпен, басқа адам, ұйым, желі болып, бүркемелеу мақсатында жасаған зиянды әрекеттері.

Бұл алаяқтық әрекеттердің бірнеше түрінің жалпы атауы, олардың мақсаты жеке ақпаратқа қол жеткізу, ақшаны ұрлау, зиянды бағдарламалық қамтылымды тарату және т. б.

Спуфинг-шабуылдардың кең тараған түрлерін талдайық:

1-мысал. Қоңыраулар мен SMS-хабарлар 

Алаяқтар басқа адамның телефон нөмірін (caller-id идентификаторын алмастыру) пайдаланып қоңырау шалады немесе SMS-хабарлар жібереді. Ол сенім тудыру үшін өзін нақты бір компанияның қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін. Қылмыскер үшін ең бастысы – телефон арқылы сөйлесу барысында әрекеттерге қол жеткізу.

Мысалы, алаяқтар күдікті операция туралы хабарлайды және шоттан ақша аудару үшін жеке деректерді айтуды сұрайды, құпиясөзді өзгертуді және өздеріне банктің SMS-хабарымен келген құпия кодты жіберуді талап етеді. Осы ақпараттың көмегімен алаяқтар шоттан ақша аударады және клиентке ірі сомаға онлайн-қарыз ресімдей алады.

Мұндағы негізгі ереже – ешқашан және ешкімге мобильді, қаржылық және басқа қызметтерден келген құпиясөздерді және қандай да бір идентификаттау ақпаратын бермеу.

Егер сіз ешқашан өзіңіз жасамаған қоңырауларға немесе хабарларға жауап алсаңыз, бұл сіздің нөміріңіз осындай шабуылдарды ұйымдастыру үшін пайдаланылған белгілерінің бірі болуы мүмкін.

2-мысал. Сайтты алмастыру 

Алаяқтар қаріптерді, түстер мен логотиптерді және жалпы танымал дизайн стилистикасын (мысалы, танымал банк, танымал интернет-дүкен) қолданып, сенімді сайтқа ұқсас зиянды сайт жасайды.

Жалған интернет-дүкен немесе белгілі сайттардың аналогы жасалады, онда тауар немесе қызмет үшін төлем әдістері көрсетіледі. Бір қарағанда, сайттың сенімді екенін анықтау өте қиын. Тауарларды интернет арқылы сатып алғанда алдын-ала төлем толық немесе ішінара түрде қабылданады. Нәтижесінде, барлық аударылған ақша дүкен иесінің шотына түседі, ол алдын ала төлемді алғаннан кейін тауарды жібермеуі немесе сапасыз тауарды, жалған тауарды немесе сипаттамаға сәйкес келмейтін тауарды жіберуі мүмкін.

Бұдан басқа, интернет-ресурстар анонимді ету қызметтерін ұсынатын шетелдік сайттардың көмегі арқылы тіркелуі мүмкін, бұл кейбір жағдайларда алаяқтар туралы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік бермейді.

3-мысал. Поштаны алмастыру

Алаяқтар жөнелтушілердің жалған мекенжайлары («кімнен» жолы) көрсетілген электрондық хаттарды жаппай жібереді, ондағы мақсат компьютеріңізге зиянды бағдарламаларды енгізу, ақша алу немесе ақпаратты ұрлау болып табылады. Жөнелтушілердің электрондық пошта мекенжайлары ретінде сіздер сенім білдіретін мекенжайлар көрсетіледі.

Бұл жарамды электрондық пошта аккаунтын басқа электрондық пошта мекенжайымен тіркеу арқылы жасалады, алайда өзін соның атынан көрсеткісі келетін байланысушының атауын көрсетеді. Сондай-ақ, осындай e-mail алушысын адастыру мақсатында пошта хабарында қызметтік ақпаратты алмастырудың техникалық тетіктері қолданылады. Осылайша, алушы байланысушылар тізімі ішінен сенімді тұлғаның хатын алып отырмын деп ойлайтын болады, алайда ол ойлаған тұлға болып шықпайды.

Мысалы, алаяқ сіздің электрондық пошта бағдарламаңыздың мекенжай кітабындағы дәл көрсетілген атауды қолдана отырып, өзін таныс адам ретінде көрсете алады. Қазіргі заманғы электрондық пошта қосымшаларының көпшілігі жай ғана хат жөнелтушінің атын көрсететіндіктен (жөнелтушінің нақты электрондық пошта мекенжайының орнына), алаяқтар бұл мүмкіндікті азаматтарды алдау үшін пайдаланады.

Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге