Телефоныңызды қаржы алаяқтарынан қалай қорғауға болады?

time 15.09.2021
aye 4598
Телефоныңызды қаржы алаяқтарынан қалай қорғауға болады?

Гаджеттерге алаяқтық шабуылдар күн сайын жасалып тұрады. Тек 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында, «Касперский зертханасының» деректері бойынша, Қазақстанда фишингтік сайттарға 890 мыңнан астам және түрлі акциялар мен конкурстар жүргізілетін алаяқтық ресурстарға 335 мыңнан астам кіру әрекеттері бұғатталды. Біздің еліміздің пошта трафигіндегі спамның үлесі 49%-ды құрады. Сондай-ақ алаяқтар пайдаланушылардың есептік деректерін және телефондардан басқа да жеке ақпаратты ұрлауға маманданған зиянды трояндарды белсенді түрде таратқан.

Өзіңізді және телефоныңызда сақталған құпия ақпаратты қалай қорғауға болатынын Fingramota.kz айтып береді.

Алаяқтар қандай деректерді алғысы келеді

Сіздің картаңыздың немесе шотыңыздың нөмірін және сіздің атыңызды, тегіңізді, ЖСН білу, алаяқтардың шоттан ақша алуына жеткіліксіз. Бұл үшін оларға картаның толық деректемелері қажет: жарамдылық мерзімі және қауіпсіздік коды, мысалы, VISA карталарына арналған CVV коды немесе MasterCard карталары үшін CVC-код. Сондай-ақ олар сіздің телефоныңызға SMS, логин, онлайн-банкингтен пароль, мобильді банктік қосымшадағы жеке кабинеттер түрінде келіп түсетін банктің кодтары мен хабарламаларын білуі қажет. Сонда ғана олар сіздің шотыңыз бойынша кез келген операцияларды кедергісіз орындауға мүмкіндік беретін барлық төлем ақпаратына ие болады.

Әлеуметтік инженерия мен фишингті қолдана отырып, алаяқтар сіздің гаджеттеріңізге, атап айтқанда ұялы телефонға қашықтан қол жеткізу және осылайша құпия ақпаратты ұрлау мақсатында конфиденциалды деректерді білуге тырысады.

Мұндай шабуылдардан қорғану үшін тексерілген вирусқа қарсы бағдарламаларды пайдалану қажет. Оларды өзіңіз қолданатын барлық құрылғыларға орнатып алыңыз, және оларды жиі-жиі жаңартып отыруды ұмытпаңыз, себебі алаяқтар үнемі БҚ мен қосымшалардағы кемшіліктер мен осалдықтарды іздеп отырады.

Сіздің поштаңызға келетін сілтемелерге назар аударыңыз, егер де домен күдік туғызатын болса, сілтемені ашпаңыз, бұл жерде бұзып кіру қауіпі бар. Спамдарды бұғаттаңыз және оны корзинаға жөнелтіңіз.  Операциялық жүйені жаңартып отырыңыз және барлық қосымшаларға, пошта жәшіктеріне, әлеуметтік желілердегі аккаунттарға сенімді және әртүрлі құпия сөздерді орнатыңыз. Қосымшалардың және басқа да маңызды сервистердің  парольдерін/кіру кодтарын телефонда сақтамаңыз. Құрылғының жадында   электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) кілтін сақтамаңыз. Құрылғылардың жадында банк карталарының фотосуреттерін, сондай-ақ парольдің жазылуы мен дербес/құпия деректердің ұрлануына әкелуі мүмкін басқа да ақпаратты бейнелейтін фотосуреттерді сақтамаңыз және мессенджерлерде жібермеңіз.

Байланыссыз төлем жасау үшін гаджеттерін пайдаланатын телефон иелеріне екі есе мұқият болу қажет. Телефонды жоғалтып алуға болады немесе оны ұрлап кетуі мүмкін. Осындай ықтималдылықты ескере отырып, бұл туралы алдын ала ойланып, смартфон қаскөйлердің қолына түскен жағдайда өзіңізді қауіптен сақтау қажет.

Ұялы телефоныңызды жоғалтқан жағдайда не істеу қажет?

1. Бұғаттауды пайдаланыңыз.

Телефонның теңшеулерінде экранның автоматты бұғатталуын қосыңыз, саусақ ізінің немесе Face ID көмегі арқылы биометрикалық құпиясөзді қолданыңыз.

2. Қадағалау теңшеуін орнатыңыз.

Құрылғының орналасқан орнын қашықтан қадағалауға мүмкіндік беретін бағдарламаны пайдаланыңыз. Телефоныңызды жоғалтып алған жағдайда сіз өзіңіздің гаджетіңіздің қай жерде екенін қадағалап, оған қосылып, өзіңіздің барлық деректеріңізді өшіре аласыз.

Мысалы, Android базасындағы құрылғыларда Google Find My Device  телефонды іздеу функциясы бар, Samsung девайстарында – Samsung Find My Mobile ұқсас опциясы, iOS алаңында – Find My iPhone опциясы бар. Оларды гаджеттің теңшеуінде міндетті түрде алдын ала іске қосыңыз.

3. Резервтік көшірмелер жасаңыз.

Міндетті түрде деректеріңіздің резервтік көшірмелерін жасаңыз. Бұл опция теңшеу конфигурациясын, барлық қосымшаларды және жеке ақпаратты сақтау үшін ойлап табылған. Берілген функция жоғалған құрылғыдан деректерді қалпына келтіруге және оларды жаңа құрылғыға көшіруге көмектеседі.

Толығырақ «Абайлаңыз алаяқтар» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге