Алаяқтар көбінесе жаңалықтар себептерін өз пайдасына пайдаланады. Олар қандай күмәнді схемаларды ойлап табады және оларға қалай қарсы тұруға болады, Fingramota.kz айтып береді.
Дабыл қоңырауы
Азаматтардан ақша ұрлау схемаларының бірі банктерді SWIFT халықаралық аударымдар жүйесінен ажыратумен байланысты. Өздеріңіз білетіндей, Еуроодақ елдері, АҚШ, Канада және Ұлыбритания жақында Ресейдің кейбір банктерін осы халықаралық банк жүйесінен ажыратуға келісті. Сондай-ақ, осы жүйені аттас SWIFT халықаралық ұйымы бақылайды. Тек банкаралық деңгейде қолданылатын және бүкіл әлемде жұмыс істейтін барлық жүйелердің ішінде SWIFT жаппай қолданылатын жүйе болып табылады және арнайы желі арқылы қаражат аударымдары, төлемдер және бағалы қағаздармен алмасу туралы ақпарат берудің қорғалған арнасын білдіреді.
Телефон алаяқтары өздерін Қазақстан банктерінің қауіпсіздік қызметтері ретінде таныстыра алады және жинақтарды сақтап қалу үшін клиентті «қауіпсіз» шоттарға ақша аударуға банк SWIFT жүйесінен ажыратылуы мүмкін деген сылтаумен көндіре алады.
Ол үшін клиент ақша қаражаттарын аударуға көмектесетін қандай да бір қосымшаны жүктеп алуы немесе картаның арт жағындағы үш таңбалы кодты, оның қолданыс мерзімін, сондай-ақ SMS арқылы келетін растау кодын қоса алғанда, банк карточкасының деректемелерін хабарлауы қажет.
Қажетті ақпарат алаяқтардан шыққаннан кейін, олар сөйлесуді аяқтап, сіздің банктік шотыңызды бірден босатады, тіпті сізді хабардар етпей жалған кредиттер бере алады.
Не істеу керек?
1. Сізге қоңырау шалушы ақша және оны «жоғалтып алмау» туралы әңгіме қозғай бастаса, бірден сөйлесуді үзіп жіберіңіз!
Банк қызметкері сіздің құпия деректеріңізді ешқашан сұрамайды және бірінші болып қоңырау шалмайды. Егер олар операцияны күдікті деп санаса, онда олар сіздің шотыңызды бірден бұғаттап, кейіннен оның анық-қанығына жетеді.
Сізбен қаржы алаяқтарының хабарласқанына көз жеткізу үшін, бірден өзіңізге қызмет көрсетілетін банкке жедел желі нөмірі арқылы хабарласыңыз. Ешқашанда телефон қоңырауы келіп түскен нөмірге қайта хабарласпаңыз. Алаяқтар кез келген тіпті төрт таңбалы телефон нөмірлерін де заманауи технологиялардың көмегімен ауыстыруды үйреніп алған.
2. Бірінші болып қоңырау шалған адамға өз деректеріңізді беруге асықпаңыз, банкте деректеріңіздің онсыз да бар екенін ұмытпаңыз!
Шын мәнінде банкте жұмыс істейтін банк менеджері сізге хабарласып, тегіңізді; паспорт деректеріңізді; қандай картаның ресімделгені, онда неше ақша қалғанын нақтыламайды. Банкте сіздің толық қаржылық досьеңіз – кредиттік тарихыңыз бар. Сондықтан да банктің қызметкерлері ешқашан телефон арқылы осы мәселелер бойынша хабарласпайды. Бұл ақпарат тек алаяқтар үшін ғана маңызды болып келеді.
Есіңізде болсын, банктер клиенттерден: карточканың толық нөмірін; оның жарамдылық мерзімін; CVC/CVV; интернет-банкингтің логині мен паролін; код сөзін, SMS-хабарламаның кодын телефон арқылы сұрау үшін ешқашан қоңырау шалмайды. Банк бұл деректерді сіз өзіңіз қандай да бір мәселені шешу үшін сол жерге қоңырау шалған жағдайда ғана сұрата алады. Мысалы, шетелге барған кезде картаны бұғаттан шығару үшін, қайта шығарылған картаны қайдан алуға болатындығын нақтылау және т.с.с. Егер олар сізге қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, осындай ақпаратты сұраса, тіпті автоматты жауап бергішке айту керек болса да, күмән жоқ – бұл алаяқтар.
3. Егер телефон алаяқтары сізді қорқытуға тырысса, үрейленбеңіз!
Сіздің картаңызбен күрделі мәселе бар деген үрей тудыратын мәлімдемеге ең жақсы жауап: «Мен қазір тексеру үшін банкке қоңырау шаламын немесе өзім барамын». Қоңырау шалушы бірден телефонды өшіретініне сенімді болыңыз.
Аяушылық ойыны
Басқа алаяқтық схемасы қайырымдылық тақырыбымен байланысты. Мысалы, әлеуметтік желілерде сізді мұқтаж жандарға, жануарларға көмектесуге шақыруы мүмкін немесе көшеде қолдарында балалардың, мысықтардың немесе иттердің суреттері жабыстырылған мөлдір қораптары бар жастар келіп көмек сұрауы мүмкін.
Олар өздерін еріктілер ретінде таныстырып, қайырымдылық үшін ақша жинап жатқандығын айтады. Бұл ретте олар елдегі және әлемдегі болып жатқан соңғы оқиғаларға сілтей отырып, кез келген ұран айтуы мүмкін. Олардың басты мақсаты – сіздің аяушылық сезіміңізді ояту арқылы сізден неғұрлым көп қаражат алу. Егер сіз оларға сеніп, онлайн режимде олармен байланыс орнататын болсаңыз, онда қаскөйлер сізді фишингтік сайтқа өтіп, өз төлем деректеріңізді сонда қалдыруға мәжбүр етуі мүмкін. Немесе кибералаяқтарға сіз және сіздің шоттарыңыз туралы маңызды ақпаратты беретін шпиондық софт жүктеуге мәжбүрлеуі мүмкін.
Не істеу қажет?
1. Сыни тұрғыдан пайымдаңыз!
Адал қайырымдылық қорлары қолма-қол ақша түріндегі садақа жинау үшін өз волонтерларын көшеге, метроға, жерасты өтпе жолдарына жібермейді. Адал қайырымдылық қорлары қаражатты негізінен өздерінің ресми интернет-ресурстары мен аккаунттарында онлайн түрде немесе қайырымдылық фестивальдерінің шеңберінде, әртүрлі жәрмеңкелерде жинайды. Ол жерде міндетті түрде олардың стендтері, мөр басылған боксы болады, оның жанында қордың өкілі тұрады. Сондай-ақ, осындай боксты ірі супермаркеттердің сөрелеріне, дәріханаларға қоюға болады және бокста міндетті түрде оның кімге арналғандығы туралы ақпарат және қайырымдылық ұйымының байланыс деректері көрсетілуге тиіс.
2. Сұрақтар қойыңыз!
Жалған волонтерлар жиі жағдайда қарапайым сұрақтарға, атап айтқанда өздерінің қай ұйымға көмектесетіндігі, нақты немен айналысатындығы, сайттары қандай екендігі, нақты мекенжайы, аккаунттарының болуы және қандай әлеуметтік желілерде екендігі туралы және көптеген басқа да сұрақтарға жауап бере алмай жатады. Және, әдеттегідей, сіз оларды камераға түсіріп алғыңыз келетін жағдайда, олар қатты сасқалақтайды, дөрекілік танытады, телефонды алып алуға тырысады немесе қашып кетеді.
3. Кибергигиенаны сақтаңыз!
Интернетте, әсіресе әлеуметтік желілерде, әлде біреуге көмек көрсету туралы хабарламаларға мұқият болыңыз. Алаяқтар көбінесе «шұғыл» деген сөзді қолданады: дәрі-дәрмекке шұғыл көмек қажет, жарылыстан зардап шеккендердің тамақтарына жинау керек, итке шұғыл операция қажет және т.б. Ешбір жағдайда репост жасамаңыз. Сіздің парақшаңыздағы ақпаратты көріп досыңыз алаяқтарға сеніп қалуы мүмкін. Сіз, өзіңіз білмей, қаржылық алаяқтардың сыбайласы боласыз.
Сондай-ақ, жалған волонтерлер, әдетте, ұйымдардың емес, жеке тұлғалардың деректемелерін немесе мұқтаж адамдарға ақша аударуға болатын сілтемені қалдырады. Егер сіз көмектескіңіз келсе, қайырымдылық қорына олардың ресми сайтында көрсетілген байланыс телефондары арқылы қоңырау шалып, кімге және қандай көмек қажет екенін анықтаған дұрыс.
Fingramota.kz азаматтарды қырағы болуға және әртүрлі сылтаулармен, соның ішінде қайырымдылық мақсаттарымен сіздің жеке және төлем деректеріңізді білуге тырысатын бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады.
Бізбен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз және бізге әлеуметтік желілерде жазылыңыз!
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма