2021 жылдан бастап БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді жеке басқарушының сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі беріледі. Fingramota.kz өзінің зейнетақы активтерін көбейткісі келетіндер үшін гайд – егжей-тегжейлі нұсқаулық дайындады.
Бұл мүмкіндік кімге қол жетімді?
Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді жеке басқарушының сенімгерлік басқаруына беруге өз құқығын мыналар іске асыра алады:
– БЖЗҚ салымшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген «ең төменгі жеткіліктілік шегінен» асатын жинақталған зейнетақы қаражатының қолда бар сомасы шегінде;
– БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы шегінде оларға өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін ақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын с жасасқан тұлғалар.
Жеке басқарушы компаниялардың басқаруына берілетін зейнетақы жинақтарына міндетті зейнетақы жарналары (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары), сондай-ақ инвестициялық кіріс кіреді. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруында болады.
«Ең төменгі жеткіліктілік шегі» – міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері. Жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді
Басқарушы компанияны қалай таңдау керек?
Зейнетақы активтерін басқаруды инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы бар және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қосымша талаптарға сәйкес келетін жұмыс істеп тұрған компаниялар жүзеге асыра алады. Сондықтан, бірінші кезекте, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) www.gov.kz сайтында инвестициялық портфельді жеке басқарушыларда (бұдан әрі – ИПБ) лицензияның бар не жоқ екенін тексеріңіз.
Зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген ИПБ тізілімі ай сайынғы негізде қалыптастырылады және жүйелі түрде жаңартылып отырады.
Зейнетақы активтерін басқарушыларға қойылатын талаптарда сандық және сол сияқты сапалық өлшемшарттар көзделеді, атап айтқанда:
– меншікті капиталдың мөлшері кемінде 1 млрд теңге;
– соңғы 3 жыл ішінде 5 млрд теңгеден кем емес сомадағы активтерді басқару тәжірибесінің болуы;
– соңғы 2 жылдың нәтижелері бойынша басқарушының шығынды қызметі фактілерінің болмауы;
– пруденциялық нормативтерді сақтау;
– орындалмаған немесе қолданыстағы қадағалап ден қою шараларының және (немесе) санкциялардың болмауы;
– ИПБ қаржылық орнықтылығын арттыру бойынша ерте ден қою шараларын көзделетін орындалмаған іс-шаралар жоспарларының болмауы;
– ИПБ-да ірі қатысушының болуы;
– бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау жөніндегі мәмілелерге қатысу фактілерінің болмауы.
Зейнетақы активтерін басқаруды ИПБ басқарушылардың және қор салымшыларының мүддесін білдіретін ұйым ретінде БЖЗҚ-ның арасында жасалған шарт негізінде жүзеге асырады. БЖЗҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасқан басқарушылардың тізбесі БЖЗҚ-ның сайтында жарияланады.
Осылайша салымшы өзінің инвестициялық басымдылығына және тәуекел-саласына барынша сәйкес келетін басқарушы компанияны дербес таңдай алады.
БЖЗҚ-ға қалай өтініш беруге болады?
Басқарушы компанияны таңдап алғаннан кейін салымшы БЖЗҚ-ға зейнетақы жинағын бір немесе бірнеше ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аударуына өтініш беруге тиіс. Бұл ретте көрсетілген өтініш БЖЗҚ-ға жеке өтініш жасағанда, сол сияқты электрондық түрде БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы берілуі мүмкін.
БЖЗҚ, салымшының жеке зейнетақы шотында жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағының болуын не жасалған зейнетақы аннуитеті шартының болуын тексеруді жүзеге асыра отырып, зейнетақы жинақтарының тиісті бөлігін (қалдығын) инвестициялық басқаруға аударуды жүзеге асырады, бұл туралы салымшыны хабардар етеді.
Зейнетақы жинақтары қайда сақталады және олардың есебін кім жүргізеді?
Жеке басқаруға беруге жататын зейнетақы жинақтары өзімен және ИПБ-мен үшжақты кастодиандық шарт жасалған БЖЗҚ-ның кастодиан-банктегі шотына есепке алу және сақтау үшін аударылады. Кастодиан-банк зейнетақы активтерінің мақсатты пайдаланылуын бақылайды.
Өз жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға басқаруға берген салымшылардың жеке зейнетақы шоттары бойынша зейнетақы жинақтарының дербестендірілген есебі БЖЗҚ пайдасына сақталады.
Басқаруға алынған зейнетақы жинақтарын компанияда қабылданған инвестициялық саясатқа сәйкес, бірақ осы активтердің ерекшелігін ескере отырып, ИПБ инвестициялайтын болады. Инвестициялық портфельді басқарушылардың сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері Агенттік айқындайтын қаржы құралдарының рұқсат етілген тізбесіне ғана инвестициялануы мүмкін.
Егер ИПБ өзіне сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз етпеген жағдайда, ол өз капиталы есебінен зейнетақы активтерінің өзі алған номиналды табыстылығы мен зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі мәні арасындағы теріс айырманы өтеуге тиіс.
Жеке басқаруға берілген зейнетақы активтерінің бір бөлігіне инфляция бойынша мемлекеттің кепілдігі таралмайтынын атап өткен жөн.
Жеке басқарушыны өзгертуге бола ма?
Таңдаған ИПБ қызметінің нәтижелеріне қанағаттанбаған жағдайда, БЖЗҚ салымшылырында өз жинақтарын басқа басқарушы компанияға аудару немесе Ұлттық Банктің басқаруына қайтару құқығы сақталады.
Бірақ зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне сенімгерлік басқаруға беруге жылына бір рет қана рұқсат етіледі. Бұл басқарушылар үшін инвестициялық болашақты жоспарлау қажеттілігіне, сондай-ақ кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуы кезінде салымшылардың мүдделерін қорғауға байланысты.
Салымшының зейнетақы жинақтарын Ұлттық Банктің басқаруына қайтару зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға бастапқы бергеннен кейін кемінде екі жыл өткен соң мүмкін болады.
Зейнетақы жинақтарын бір ИПБ басқаруынан екіншісіне беру үшін немесе жинақтарды Ұлттық Банктің басқаруына қайтару үшін, салымшы тиісті өтінішпен БЖЗҚ-ға жеке өзі жүгінуі арқылы немесе БЖЗҚ-ның сайты арқылы электрондық түрде БЖЗҚ-ға жүгінуі қажет.
Тағы да есте сақтайтын жағдай. Зейнетақы активтерінің нысаналы мақсаты еңбекке жарамсыз жастағы азаматтардың кірістерін қамтамасыз ету болып табылатындықтан, салымшы зейнетақы жасына жеткен кезде жеке басқарушының басқаруындағы зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-ға (Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруына) қайтаруға жатады және зейнетақы төлемдерін кесте бойынша жүзеге асыруға, зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де мақсаттарға пайдаланылатын болады.
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!