Қаржылық пирамидалар қаншама жылдар бойы адамдардың аңғалдығының арқасында күндерін көріп келеді, алайда жылдам әрі оңай байып кетсем деушілердің қатары азаяр емес. Мұны алаяқтардың айла-тәсілдерінің барған сайын жетіле түсуімен де түсіндіруге болады. Әсіресе жаңа технологиялар ғасырында, мессенджер немесе әлеуметтік желідегі суреті қойылмаған аватардың арғы жағынан бұл алаяқтық әрекетті кімнің ұйымдастырғанын тексеру қиын. Сондықтан, қастандық ойлаушылардың тұзағына түсіп қалмау үшін қаржылық пирамиданың басты белгілерін білген дұрыс.
Қазақстанда қаржылық пирамиданы құрып, жүргізген жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бір ғана өткен жылдың өзінде бүкіл республикамызда ҚР ҚК 217-ші «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару» бабы бойынша кемінде 14 қылмыстық іс қозғалды.
Тәжірибеге сүйенсек, қаржылық пирамиданы кез келген қызмет саласынан кездестіруге болады. Азаматтардың көбі Форекс әлемдік валюта нарығына немесе криптовалютаға салынатын салымнан болатын жоғары кіріс жайлы жарнамаға сенеді. Шын мәнінде, алаяқтарда ешқандай да «Форекс» жоқ, қаржылық пирамиданы құрушылар ешқандай акцияны және тағы басқа құнды қағаздарды сатып алмайды, салымшылардың ақшаларын ешқайда инвестицияламайды, жай ғана ұрлап әкетеді. Жаңа қатысушылар ағыны тоқтай салысымен, пирамида құлайды.
Бірінші кезекте не нәрсеге сақтықпен қарау керек?
Сізге ақшаңызды салғалы отырған ұйымның, бірінші кезекте, ақшалай қаражатты тартатын қызметті жүргізуіне рұқсат ететін лицензиясының жоқтығы күмән тудыруы тиіс. Қазақстанда мұндай лицензияны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі береді. Мұндай ақпарат жария болып саналады және оны тексеру қиын емес – ол қаржылық реттеушінің сайтында жарияланады. Сондай-ақ біздің елімізде салым тартуға екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ құқылы.
Әлемдік тәжірибеде қаржылық пирамидалардың тағы бірнеше белгілері бар. Бұл, бірінші кезекте, нарықтағы деңгейден бірнеше есе асып түсетін жоғары кірісті ұсыну; жаңа қатысушыларға бұған дейін ақша салған қатысушылардың есебінен төлем жасау; өзіндік басты қаражаттың, басқа да бағалы активтердің болмауы; ұйымның жұмысына қатысты нақты анықтаманың жоқтығы және тағы басқалар.
Егер сіз сенім артқалы отырған ұйымда осы белгілер кездессе, өзіңізді қаржылық пирамидаға тартқалы отырған жоқ па деп ойланған абзал.
Қаржылық пирамидалар көбінесе қаржыны интернет-сайттар мен әлеуметтік желілер арқыты тартады. Сондықтан да қаржылық пирамидаға қатысушылардың әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі клиенттерді сендіруге бағытталған пікірлеріне сенудің керегі жоқ. Әдетте, мұндай пирамидаларды ұйымдастырушыларды ұстау қиын, олар ұзақ уақыт бойы жасырын болып қалады. Бұл ақша ағынын бақылауда ұстауды анағұрлым қиындата түседі, ал ақшаны қайтару мүлде мүмкін емес болады.
Сондықтан, кез келген қаржылық операция кезінде сақ болыңыздар! ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінен қай уақытта болмасын тегін кеңес ала аласыздар. Мысалы, «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы (App Store және Play Market дүкендерінен жүктеп алуға болады) немесе +7 (272) 327 1000 шұғыл желі телефоны бойынша.
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма