Жаңа жылдық мерекелер жақындап келеді, туыстарымыз бен жақындарымызға сыйлықтар таңдау уақыты келді және көпшілігіміз сыйлықты онлайн сатып аламыз. Онлайн сатып алудың көптеген артықшылықтары бар – бағаны бақылау және салыстыру мүмкіндігі, тиімді акциялар және уақытты үнемдеу. Дегенмен, кемшіліктері де жоқ емес – атап айтқанда, қаржы алаяқтарының алдауына түсіп қалу қаупі.
Онлайн сатып алуды қалай қауіпсіз етуге болатынын Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.
Онлайн сатып алу кезіндегі алаяқтардың кең таралған амалдары
№ 1 Схема. Уақытша сайттар. Әдетте, алаяқтар уақытша сайттар жасайды және сатып алушыларды мерекелік сатылымдар арқылы тартады. Әрі қарай, олар тікелей қоңырау шалу немесе мессенджерлер арқылы хат алмасу арқылы тікелей байланыс жасайды. Алаяқтар адамдарды ғажайып жеңілдіктермен, мысалы, танымал тауарлардың бағасын 80-90%-ға түсіріп, зат саны шектеулі және бұл науқан бүгін ғана жарамды деп еліктіреді. Сіз тауар үшін алдын ала төлемді аударғаннан кейін алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатады.
№ 2 Схема. Қосарлы веб-сайттар. Алаяқтар танымал сайттардың атын жамылып, жасырынуы мүмкін және мұқият тексермесе, сатып алушы айырмасын байқамай қалады. Бұл баннердегі немесе атауындағы шамалы айырмашылық болуы мүмкін. Әдетте, мұндай қосарланған сайттарда алаяқтар белгілі бір жеңілдік алу үшін өз тауарлары немесе қызметтері туралы сауалнаманы толтыруды сұрайды. Жеке деректеріңізді енгізгеннен кейін олар сіздің жеке және банктік деректеріңізге қол жеткізе алады.
№ 3 Схема. Жосықсыз сатушылар. Сіздің үмітіңіз әрқашан ақтала бермейді. Бұл бағаға да, сатып алу сапасына да қатысты. Мысалы, қолданыстағы сайтта сізге өте қолайлы бағада белгілі бір өнім ұнады делік. Алайда, тауарды алған кезде оның сайттағыдан мүлде басқа көресіз. Жосықсыз сатушы сапасыз тауарды жіберіп, қайтарудан бас тартуы мүмкін. Бұл жағдайда сіз e-tutynushy.kz тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы шағымдарды қабылдау платформасына жаза аласыз, бұл платформа өтініштерді жедел қарау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың нормаларын түсіндіру үшін әзірленген.
Өзіңізді алаяқтардың арбауынан қалай қорғауға болады?
Растаушы құжаттарды, ал тауарды сатып алғаннан кейін төлем шотын және жүкқұжатты талап етіңіз. Есіңізде болсын, онлайн саудаға да, сондай-ақ офлайн саудаға да заңдар бірдей қолданылады.
Егер сізге картаңыздың деректерін сайттың өзінде енгізуді ұсынса, тауар ақысын төлемеңіз. Жасаған саудаңыздың төлемін жүргізген кезде адал сатушылар мен дүкендер арнайы төлем шлюзіне ауыстырады да, әлдебір нөмірге немесе электрондық әмиянға ақша аударымын жүргізуді сұрамайды.
Сайттың түпнұсқалығын тексеріңіз: дүкеннің колл-орталығына жазыңыз немесе қоңырау шалыңыз. Егер сайт жалған болса, онда алаяқтар сатып алушылармен 24/7 бойы байланыста болуға мүдделік танытпайды. Бұдан басқа, сайтта міндетті түрде конфиденциалдылық саясаты болуы керек, егер осы аталған тармақтардың ешқайсысы болмаса, онда бұл қауіп-қатерді білдіруі мүмкін. Жалған сайттар URL-мекенжайда бір әріпті қосуы немесе алып тастауы мүмкін, сол үшін де сайттардың атауына мән беріңіз. Егер сайттың хаттамасында соңғы S әрпі (ағылшын тілінің secure – қауіпсіздік дегенді білдіреді) болмаса, бұл ресурста дербес және банктік деректеріңізді мүлдем енгізбеңіз.
Өз ақшаңызды қауіпсіздендіру үшін, онлайн сауда жасауға жалақы алатын немесе депозиттік шотыңызға байланбаған бөлек карта пайдаланыңыз. Бұдан басқа, бұл картаға ақшаны сауда жасар алдында салыңыз, ал қосымша қауіпсіздік үшін лимит орнатыңыз.
Өз байланыс құрылғыңызды пайдаланыңыз, көпшілік қолданатын WI-FI-дың көмегімен онлайн шопинг жасамаңыз. Сондай-ақ телефондағы немесе ноутбуктегі қауіпсіздіктің барлық функциясын пайдаланыңыз, яғни антивирустық қорғауды орнатып, үнемі жаңартып отырыңыз, күрделі құпия сөздер ойлап тауып, оларды жиі ауыстырып тұрыңыз, биометриялық сәйкестендіруді баптаңыз.
Мерекелік қарбалас кезінде қырағылық танытыңыз, әйтпесе қаржылық алаяқтардың қақпанына түсіп, өз ақшаңызды жоғалтып алуыңыз әрі жаңа жылдық көңіл-күйіңізді түсіріп алуыңыз мүмкін. Сол үшін де желі арқылы кез келген қаржы операцияларын жүргізу кезінде аса қырағылық таныту керек.
Өзіңізді және ақшаңызды қауіпсіздендіріп, қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?