Қаржылық сауаттылық – қаржылық мақсаттарға қол жеткізу кілті!

time 13.09.2024
aye 1623
Қаржылық  сауаттылық  – қаржылық мақсаттарға қол жеткізу  кілті!

Қаржылық көрсетілетін қызметтердің қарқынды дамуы және жаңа цифрлық технологиялар заманында қаржы әлемінде дұрыс бағдарлану және ақша ағындарын тиімді басқару үшін үнемі өзіңіздің  қаржылық мәдениетіңізді арттырып отыру қажет. 

Қаржылық сауаттылық дегеніміз – бұл бағалы қағаздар нарығының, валюта нарығының  барлық  қыр-сыры немесе экономиканың күрделі процестері жөнінде бір сәттік, өткінші білім емес. Қаржылық сауаттылық – бұл ең алдымен, өзіңнің меншікті қаржыңа дұрыс иелік ете білу. 

Қаржылық сауаттылық азаматтардың әл-ауқатын және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп, тұтынушыларға арналған ақпаратқа қолжетімділік аясын кеңейтеді, сондай-ақ халықтың қаржылық көрсетілетін қызметтермен барынша қамтылуын және оған қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Қаржылық сауаттылықты шартты түрде келесі санатқа бөлуге болады.

Бірінші – бұл қаржы ұйымдарының мобильдік қосымшаларын, интернет-банкингті пайдалану үшін, кибералаяқтарға қарсы іс-қимыл және т.с.с. үшін қажетті техникалық білім.

 Екінші – заң тұрғысынан сауаттылық. Қаржылық қызметтерді тұтынушы ретіндегі өз құқықтарыңды білу, қаржы ұйымдарымен жасалған шарттарды оқи және түсіне білу, заңнаманы білу сізді болашақтағы көптеген кездейсоқ жағдайлардан сақтандырады.

Соңғысы, негіздерді негізі – бұл қаржылық жоспарлау. Үшінші «кит» – жеке қаржыны жүргізе білу, жеке немесе отбасылық бюджетті басқару бойынша дұрыс және сараланған шешім қабылдай білу.

 Жоспарлауға арналған үш қадам

№ 1 қадам - Мақсатымызды нақтылаймыз

Кез келген жинақтың қандай да бір түпкі мақсаты болуы тиіс. 

Қаражатты жинақтар алдында ең алдымен күрделі емес «Бұны не үшін істеп жатырмын?» деген сауалға жауап беру қажет, басқаша айтар болсақ, өзіңіздің қаржылық мақсатыңызды айқындау қажет. Бір түйін: мақсат нақты қойылуы тиіс, яғни алдағы сатып алу, талап етілетін сома мен орындау мерзімі көрсетілуі тиіс.

Қаржы мақсатын дұрыс қоймау: «Машина сатып алғым келеді». Немесе: «Балаларыма дұрыс білім бергім келеді». Қаржы мақсатын дұрыс қою: «Төрт жылдан кейін «У» маркалы құны 10 млн теңге болатын машина сатып алғым келеді». Немесе: «Баламның «Х» ЖОО-да білім алғанын қалаймын және бұл үшін 10 жылда 5 млн теңге жинауым қажет». Қойған мақсаттарыңыз шындыққа жанасатындай болуы өте маңызды.

№ 2 қадам — Өзіңізге бизнес-жоба ретінде қараңыз.

Кез келген табысты кәсіпорынға қажет сияқты Сізге де қаржы жоспары қажет. Оны қалай жасау керек? Екі бағаннан тұратын кесте сызыңыз. Алдымен сол бағанға өзіңіздің барлық кірістеріңізді (жалақы, пәтерді жалға беруден болатын кірісті және басқаны) жазыңыз. Келесі бағанға өзіңіздің барлық шығыстарыңызды жаза бастаңыз. Қазіргі таңда өз бюджетіңізді жүргізу үшін көптеген бағдарлама бар, ең бастысы мұны үнемі істеп отыруыңыз қажет.

Өзіңіздің кірістеріңіз бен шығыстарыңыздың нақты жазылған жоспарын көріп отырған кезде, Сіз қай бағытта қозғалуды анықтай аласыз. Мақсатты түзету – іске асыру мерзімін қысқарту/ұзарту, соманы нақтылау және т.б. Ақшаны белгіленген мерзімде айқындалған мақсатқа жететіндей жұмсаған дұрыс.

Ақша мәселесіне келгенде жоспарлаудың маңызды екендігі анық көрініп тұрады. Ең көп жіберілетін қателік – өз басыңызда жоспарлауға тырысу. Қағазға жазылмаған қаржы жоспары – нашар жоспар. Сондықтан өз кірістеріңіз бен шығыстарыңыздың есебін қағазда, компьютерде немесе мобильді қосымшада жүргізген дұрыс.

№ 3 қадам — Ақша жұмыс істеуі қажет.

Қаржылық әл-ауқатқа алғаш қадам жасай отырып, ол ақшаны сақтауды және жинауды үйрену, келесі қадам ақшаны дұрыс жұмсай білуге кірісу қажет. Өзіңіздің бос қаражатыңызды инвестициялай отырып, сіз әдеттегі жинаған кездегі жедел «еритін» ақшаның сатып алушылық қабілетін сақтайсыз.

Бұл банктегі салым сияқты қарапайым құрал, немесе аздап күрделі – бағалы қағаздармен сауда жасау, бұның барлығы дұрыс жасалған кезде өзіңізді жеткілікті капиталмен қамтамасыз етуге көмектеседі. Инвестициялау – бұл капиталды сақтау немесе сатып алушылық қабілетін ұлғайту үшін түрлі қаржы құралдарына капиталды орналастыру.

Адам өмір сүрген әр жыл алынған білім, тәжірибе, басқа адамдармен араласу есебінен баю, қандай да бір мақсаттарға жету түріндегі дивидендтер әкеледі. Көп адам бұл ретте алға қойылған мақсатқа жақындауда көп ақша жұмсайды. Алайда ақша – мақсатқа жету үшін тек құрал болып табылады. Ақшаға дұрыс қарай білуді де үйрену қажет және сонда ғана ақша сізге жұмыс істей бастайды. Өз болашағы туралы байыпты ойлауға дайын әрбір адам үшін қаржы еркіндігі жолына есік ашық.

Қазақстанда қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша қандай жұмыс атқарылады

Қазақстанда азаматтарды қаржылық оқыту жөніндегі жұмысты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізеді. 

Ақпараттық-түсіндіру жұмысының негізгі құралы Fingramota.kz интернет-порталы болып табылады, мұнда пайдаланушылар жеке бюджетті сауатты басқару қажеттілігі, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау әдістері, қаржы құралдарына инвестициялау тәуекелдері мен оның артықшылықтары, қаржы өнімдері мен қызметтерді пайдалану дағдылары, өзіңізді және жақындарыңызды  алаяқтар мен қаржы пирамидаларынан  қалай сақтау керек екендігі жөнінде түрлі тақырыптарға  көптеген пайдалы материалдар таба алады.

Интернет-ресурстың басты бетінде «Бюджетті жоспарлаймыз», «Депозиттер», «Кредиттер», «Төлемдер мен аударымдар», «Сақтандыру», «Бағалы қағаздар нарығы», «Абайлаңыз: алаяқтар!» деген басты бөлімдер, сондай-ақ қаржылық сауаттылық және халықты қаржы алаяқтары мен қаржы пирамидаларынан қорғау жөніндегі бейнероликтер орналастырылған. «Мультимедиа» бөлімінде ақпараттық графикамен, қаржылық сауаттылық жөніндегі бағдарламалармен айдарлар, ал «Балаларға арналған қосымшалар» бөлімінде оқушыларға арналған арнайы беттер ұсынылған.

Ақпаратты беру құбылмалылығы мен оның бастапқы деңгейден дамыған деңгейге дейінгі кезеңділігі әрбір оқырман үшін маңызды контентті табуға мүмкіндік береді.

Егер сізде біздің сайтымыздан көргіңіз келетін тақырыптар бойынша ұсыныстар болса, сіз оларды:

- Fingramota@finreg.kz электрондық поштасына;

- 1459 қысқа нөмірі бойынша Агенттіктің call-орталығы арқылы;

- «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы жібере аласыз.

Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге