Қаржы әліппесі: қаржылық сауаттылық жөніндегі балаларға арналған ең жақсы кітаптар мен мультфильмдер

time 20.08.2021

 Қазіргі заманның ата-аналары өз балаларын қаржылық сауаттылыққа үйрету жолдары жөнінде жиі ойланады. Олардың көпшілігі оны неғұрлым ерте бастау қажет екендігін түсінеді.  Қаржылық жоспарлау, өзінің кірістері мен шығыстарын талдай алу дағдылары, қаржы операцияларын онлайн жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау – осының барлығы жас қазақстандықтардың ересек өмірінде қажет болатын дағдылар. 

Қаржы тақырыбына жеңіл және түсінікті тілде жазылған арнайы әдебиет, анимациялық фильмдер сіздің балаңызды қаржылық сауаттылықтың негіздеріне үйретеді.

Оларды іздеуге уақытыңызды жұмсамаңыз - Fingramota.kz пайдалы кітаптар мен мультфильмдердің өз чарт-парағын жасады.

«Как рассказать детям о деньгах» (Балаларға ақша туралы қалай айтуға болады). Авторлары: Сергей Биденко және Ирина Золотаревич. Оқырмандар жасы: 2+

Көлемі шағын, бірақ өте қызықты кітап, ыңғайлы болу үшін ол баланың жасына қарай блоктарға бөлінген, онда оқып, зерделеуге арналған тақырыптар көрсетілген. Сондай-ақ, ақшамен іс-әрекет жасауға үйрететін, толық сипаттамасы берілген 100 ойын бар. Бонус ретінде авторлар қаржы туралы балалар әдебиетінен мысалдар келтіреді.

«Теңгегүл мен оның достарының бастан кешкен қиял-ғажайып оқиғалары. Көңілді қаржылық сауаттылық сабақтары». Оқырмандар жасы: +5

Бұл бастауыш және орта мектеп жасындағы балаларға арналған мемлекеттік және орыс тілдеріндегі кітап, оны дайындауға Fingramota.kz те
ат салысты. Кітап үш достың және Сиқырлы Монетканың Қаржы әлеміндегі бастан кешкен оқиғалары туралы баяндайды. Кітапта экономиканың құпиялары, ақшамен қалайша достасуға болатындығы және Қаржы әлемінің қыр-сыры жөнінде баяндалады.

Кітаптың құрылымы қарапайымнан біртіндеп күрделене түседі. Кітаптың кейіпкерлері терминдермен, ұғымдар және анықтамалармен танысып, зерделейді, жинақтау, жеке және отбасылық бюджет туралы бастапқы білімнен біртіндеп қаржы құралдарының мағынасын ажыратып, қаржы нарығы қалай жұмыс істейтіні туралы хабардар болады. Әрбір тақырыпқа жеке әңгіме арналған, оған тапсырмалар, глоссарий, ойындар, қосымша материалдар мен комикстер қоса берілген. Кітаптың ұстаздарға, тәрбиешілерге, ата-аналарға көмегі зор.

«Дети и деньги» (Балалар және ақша) Авторы: Евгения Блискавка. Оқырмандар жасы: 5+

Бала көп жағдайда отбасылық бюджетпен бірінші рет дүкенде кездеседі: ұнаған ойыншығын сатып әперуін сұрап жылайды және анасының «қазір ақша жоқ» деген қатқыл сөзін естиді. Алайда, үш жасар сәбиге де сатып алуды жоспарлауды түсіндіруге болады және ол қажет, себебі бұл – болашақтағы қаржылық еркіндікке жасаған бірінші қадам. Авторлар баланың ақылмен жинақтау және үнемдеу ғылымын игеруі үшін оны қаржымен өзара іс-әрекетке үйретуді қалай бастауға ұсынымдар береді.

«Инструкция к деньгам. Потрясающе весёлый гид по миру финансов» (Жас өспірімдерге бай әке, кедей әке). Авторы: Хайди Фидлер. Оқырмандар жасы: 7+

Ерекше кітап, ол қарапайым және қызықты мысалдармен негізгі экономикалық терминдер жөнінде айтып береді, ақша табуды, оны сақтай білуді және жұмсауды үйретеді және қаржы құралдарымен жұмыс істеу қағидаттарын түсіндіреді. Түрлі-түсті иллюстрациялар баланың назарын аударып, үйрету әсерін күшейтеді.

«Пёс по имени Мани» (Мани атты ит). Авторы: Бодо Шефер. Оқырмандар жасы: 8+

Кішкентай қыз бен және сиқырлы лабрадор Манидың тарихы. Мани атты төбет ит кішкентай қызды алға қойған мақсатқа қалай жетуді және ең қиын жағдайларда табанды болуға үйретеді. Практикалық кеңестер, жеңіл қиылысқан хикаялар балаларға ғана емес, ересектерге де пайдалы. 

«Как потратить деньги с умом» (Ақшаны ақылмен қалай жұмсауға болады). Авторлары: Джерри Бейли және Фелиция Ло. Оқырмандар жасы: 9+

Бұл кітапта авторлар сауда-саттық қағидаттарын талдайды: баға белгілеу, тұтынушылық кредиттер, импорт және экспорт, кедендік сүйемелдеу және ақылмен сатып алу. Сондай-ақ, кітапта қосымша пайдалы салалық ақпарат алуға болатын интернет-порталдардың тізбесі берілген.

«Богатый папа, бедный папа для подростков» (Жас өспірімдерге бай әке, кедей әке). Авторы: Роберт Кийосаки. Оқырмандардың жасы: 15+

«Богатый папа, бедный папа» кітабын барлығымыз оқыған шығармыз? Ал кітаптың бұл нұсқасы жасөспірімдерге, оның ішінде олардың ақшаға басқа көзқараспен қарауына, өздерінің қаржылық мақсаттарына және оларға қол жеткізу тәсілдеріне назар аударуына бағытталған. Ақпарат барынша түсінікті тілмен жазылған, кітапта ақшаны басқара алу қабілетіне басты назар аударылған, яғни ақша рахаттану сезімін ғана емес, кіріс те әкелуі қажет, яғни оларды активтерге айналдыру жолы түсіндірілген.

«Смешарики. Азбука финансовой грамотности» (Смешариктер. Қаржылық сауаттылық әліппесі» мультфильмі.) мультфильмі. 

2017 жылғы 31 мамырда «Смешариктерді» шығаратын «Рики» МА халықтың қаржылық сауаттылығын дамыту бойынша бастамалардың конкурстық іріктеуінен өтті. Ресейдің Қаржы министрлігінің қолдауымен компания тоғыз сериядан тұратын қаржыға арналған мультфильм түсірді. Әр ролик үш минутқа созылады және белгілі бір тақырыпты ашады: инвестициялар, кредиттер, бюджетті жоспарлау және сатып алу, жинақ, сақтандыру, қаржылық мақсаттар және тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Тақырып көрермендерді қызықтырғандықтан рэпизодтар саны жиырмаға жетті.

«Азбука денег. Уроки тетушки Совы» (Ақша әліппесі. Жапалақ апайдың сабақтары)

Бұл мультфильмнің басты кейіпкері – кемеңгер үкі. Ол жас көрермендерді ғылымның әртүрлі салаларымен таныстырады. «Азбука денег» қаржылық сауаттылық тақырыбына арналған және 13 сериядан тұрады. Онда ақша, баға, отбасылық бюджет, қаржылық жоспарлау, табыс, кредит және депозит және экономика құрылымы туралы ұғымдарға түсініктеме беріледі. Әр эпизодта қызықты тарихи дерек келтірілген.

«Богатый бобренок» (Бай құндыз)

Бұл интерактивті мультфильм де Қаржы министрлігінің қолдауымен түсірілген. Оны премьерасы 2019 жылдың басында өтті. Барлығы он екі серия жарыққа шықты, әрқайсысы қаржылық сауаттылықтың басты мәселесі: ақша не үшін қажет, бюджетті қалай жүргізу керек, бизнес деген не сияқты сауалдарға жауап береді. Бала «қалаймын» мен «қажет» дегеннің арасындағы айырмашылықты білетін болады, өзінің кірістері мен шығыстарын жоспарлауды және ақшаны тиімді басқаруды үйренеді. Сондай-ақ, әр адамның өміріндегі мемлекет пен қоғамның атқаратын рөлімен танысады.

Құрметті ата-аналар! Баланы ақша әлемімен қазір таныстыра келе, сіз оның болашақта өзінің қаржылық әл-ауқатына деген қызығушылығын тудырасыз. Оны сізден басқа және сізден тиімді ешкім жасай алмайды. Қаржылық сауаттылықты ұдайы арттырып отырыңыз, балаңызбен әңгімелесіңіз, барлығын жеке басыңыздан өткен мысалмен көрсетіңіз. Fingramota.kz баланың басты назарын неге аудару қажеттілігіне ата-аналарға арналған бірнеше ұсыныстар береді. 


Ата-аналарға ескерту! Ақша туралы балаларға түсіндіру қажет бірнеше маңызды ескертулер.

Ақша ауадан жасалмайды, еңбекпен табылады 

Алдымен балаңызға отбасыңыздағы ақша қайдан келетінін айтыңыз. Оған жалақы деген не екенін түсіндіріңіз. Егер бала Сіздің жұмысыңызға қызығушылық танытса, оны экскурсияға апарыңыз және қайда жұмыс істейтіндігіңізді көрсетіңіз. Өсіп қалған балаларыңызға оқумен қатар жұмыс істеп, табыс табуға да мүмкіндік беріңіз. Осылайша сіз оларды ақша мәселелерінде өз бетінше шешім қабылдауға үйретесіз.

Қалтапұлды басқаруды үйретіңіз

Балаға ұсақ шығындары үшін белгілі бір мөлшерде ақша беріңіз, оларды қалтапұл деп атайды. Оларды жай ғана көңілді көтеруге емес, балаңызды қаржылық сауаттылыққа үйрететін құралға айналдырыңыз. Басында ол қателіктер мен ойланбастан шығындар жасайды, бірақ сіз одан дұрыс қорытынды жасап, сабақ алуға, ақша жинауды үйренуге және ақшаны ұтымды пайдалануға көмектесуіңіз керек.

Ақшаның бір бөлігін жинау керек

Қаражаттың бір бөлігін жинайтыныңызды жеке мысалмен көрсетіңіз, мысалы, сіз ірі техника сатып алуға немесе баланың университетте оқуына арнап жинайсыз. Сонымен қатар, балаңызға қаржылық қауіпсіздік көпшігі дегеніміз не, яғни форс-мажорлық жағдайлар туындаған кезде қажет ақшаның қол сұғылмайтын қоры туралы айтып беріңіз.

 Инвестиция деген не екенін түсінуге көмектесіңіз

Ақшаны көбейту жолдарын көрсетіңіз. Баладан бір айға оның қалтапұлынан 1000 теңге қарызға алыңыз, содан кейін оған 10%-ға артық соманы беріңіз. Осылайша сіз қарапайым мысалмен депозиттің қалай жұмыс істейтінін көрсетесіз. Жасөспірімдерге арнап карта, сондай-ақ салым ашыңыз және оны банктік мобильді қосымшаның көмегімен толтыруды үйретіңіз.

Кредиттік жауапкершілік туралы айтып беріңіз

Кредит - бұл да қаржы құралы, ол қандай да бір мәселелерді шешуге көмектесе алады, сондай-ақ, кез келген адамды қарыз құрсауына да түсіре алады. Балаңызға кредиттің не екенін, оны неге уақытында төлеу керектігін және, ойланбаған шығындарға, мәселен, кезекті смартфон немесе ойын қондырғысы үшін алудың қажет емес екенін түсіндіруді ұмытпаңыз.

Қаржылық алаяқтық туралы ескертіңіз

Жаңа технологиялардың дамуы қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлерінің дамуына әкелді. Зиянкестердің жаңа мақсаты – балалар мен олардың ақшасы. Неге десеңіз, көптеген ата -аналар баласының тауар үшін төлемді қолма-қол ақшасыз жүргізуі үшін балалар карталарын ашады. Ал балалар бос уақыттарын бас жағдайда Желіде өткізеді, онда кибералаяқтардың тұзақтарына түсіп қалу қауіпі жеткілікті. Балаңызға күмәнді сілтемелер бойынша өтуге болмайтынын, өзі туралы жеке деректерді еш жерде жариялауға және ешкімге жіберуге болмайтынын және төлем картасының деректемелерін, әсіресе картаның артқы жағындағы үш таңбалы кодты хабарлауға болмайтынын, сондай-ақ телефонға қоңырау шалған бейтаныс адамдарға сенбеу керектігін айтыңыз.

Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауатты болыңыз!

white-arrow Тізімге