Бизнес-жоспар – бұл кәсіпкер өз бизнесін құру және дамыту мақсатында құратын нақты жоспар. Оның көмегімен сіз бизнесіңізді айтарлықтай жеңіл бастай аласыз, бизнес-жоспар оны бақылап және дамытуға барынша септігін тигізеді. Бизнес-жоспар жобаңыздың қаншалықты табысты болатынын, оны дамытуға қанша уақыт қажеттілігін және ықтимал тәуекелдерді болжауға мүмкіндік береді
Бизнес-жоспар не үшін қажет және ол нелерден тұратыны жөнінде Fingramota.kz-пен бірлесіп қарастыралық.
Бизнес-жоспар банктен кредит алуға, мемлекеттік гранттар мен субсидиялар алуға, сондай-ақ әлеуетті инвесторға сіздің жобаңызға қаржы құюдың тиімділігін бағалау мүмкіндігін береді.
Бизнес-жоспар құру әдістемелері
Бизнес-жоспардың мақсаты инвесторды өз қаражатын қайтарып алатынына және кіріс түсетініне сендіру. Көп жағдайларда бизнес-жоспар қызығушылық танытқан адамдарға басты үш сұраққа жауап беру үшін құрылады: қойылған мақсатқа қалайша қол жеткізуге болады, ол мақсатқа жету үшін қанша қаражат қажет және құйылған қаражат пен еңбектің қайтарымы бола ма.
Бизнес-жоспар құрудың үш негізгі әлемдік әдістемесі бар: Еуропа Қайта құру және Даму банкі (ЕҚДБ), KPMG (аудиторлық -консалтингтік компания) және UNIDO (өнеркәсіптік даму бойынша біріккен ұлттар ұйымы). Әдістемелер құрылымы жағынан ұқсас болып келеді, алайда олардың мағынасы әртүрлі.
UNIDO әдістемесі шағын бизнеске қолайлы, ол қарапайым және көп еңбекті қажет етпейді. Бұл әдістемеде ұйымның идеясы, ол немен айналысатыны, және ол өз мақсатына қалайша қол жеткізетіні көрсетіледі.
Қазақстанда БҰҰ-ның шағын және орта бизнеске қолдау көрсету саласындағы бағдарламасы іске асырылуда. Өтінім беру үшін UNIDO әдістемесінің талаптарына сәйкес құжаттар топтамасын қоса беру қажет. UNIDO әдістемесі бойынша бизнес-жоспардың болуы міндетті тармақтардың бірі болып табылады.
KPMG аудиторлық компаниясының бизнес-жоспар әдістемесі орта және ірі бизнес кәсіпорындарына арналған. Мұндай бизнес-жоспар түрінде өнімді сататын нысаналы нарықтар және олардағы бәсекелестер сипатталған, өндірістің жаңа түрлерін игере бастаған кәсіпорындар үшін іс-қимылдардың толық тәртібі бар.
ЕҚДБ бизнес-жоспар әдістемесі – ең шығынды және жұмыс күшін көп қажет ететін, экономикалық әлеуеті мықты, ірі кәсіпорындарға арналған әдістеме. ЕҚДБ әдістемесінің UNIDO және KPMG әдістемелерінен ерекше айырмашылығы – ЕҚДБ әдістемесінің жобаға қатысатын барлық қатысушыларды сипаттауында, кредиторлар, кепілгерлер туралы және барлық кредиторлық берешектің қашан және қандай көлемде өтелетіндігі туралы ақпараттың болуында.
Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдауды «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (бұдан әрі – Қор) көрсетеді. Көмек алу үшін Қордың стандарты бойынша әзірлеуге болатын, дайын бизнес-жоспар ұсыну қажет. Сонымен бірге Қордың сайтынан кәсіпкерлерге арналған дайын үлгілік бизнес-жоспарларды, сондай-ақ бизнес-жоспардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды көруге болады. Мұның бәрі сіздің идеяңызды қолайлы жағынан көрсетіп, барлық есебіңізді негіздей алатын сапалы бизнес-жоспар жасауға көмектеседі.
Бизнес-жоспар құрылымы
Бизнес-жоспарда шығарылатын өнімнің сипаттамасы, сату нарығын бағалау (яғни әлеуетті сатып алушылардың және бәсекелес ортаның талдауы), маркетингтің мақсаттары және стратегиясы, өндірістік процестің және бизнес-құрылымның сипаттамасы, компания шығыстарының және қаржыландыру көздерінің жоспары, жобаның тиімділігін бағалау, сондай-ақ ықтимал тәуекелдердің талдауы қамтылады.
Үлгі ретінде UNIDO әдістемесіне сәйкес бизнес-жоспардың құрылымын мынадай бөлімдер бойынша қарастыруға болады:
Түйіндеме
Бұл тармақта жоба туралы жалпы ақпарат қамтылады. Түйіндеме бойынша жоба туралы әсер қалыптастырылады, инвестициялық жобаның қысқаша сипаттамасы, оны іске асыру үшін қандай қаражат көлемі талап етілетіні, меншікті қаражат көлемі, кредит беру мерзімдері, жобаның экономикалық тиімділігінің көрсеткіштері, қайтару кепілдіктері қысқаша келтіріледі.
Жобаның негізгі идеясы
Компания, сала туралы толық ақпарат беру қажет. Оларды дамыту перспективаларының торлық сипаттамасы жасалады. Қаржылық көрсеткіштердің толық есептеулері келтіріледі, компанияның құрылымы, оның қызметінің бағыты, серіктестік байланыстар сипатталады.
Тауардың немесе қызметтің сипаттамасы
Бұл тарауда кәсіпкер ұсынатын және нарыққа шығаратын өнім немесе қызмет толық сипатталуға тиіс, компанияның мақсаттары мен миссиясын сипаттау, логотипін, слоганын және корпоративтік түстерді таныстыру қажет. Бұл жерде жобаның негізгі нысаналы аудиториясы – жаңа өнім немесе қызмет қызықтыруы мүмкін адамдар тобы бөліп көрсетіледі. Мысалы, сән индустриясын және оның трендтерін үнемі қадағалап отыратын 23-35 жас аралағындағы қыздарға арналған той көйлегінің нысаналы аудиториясы.
Нарықты талдау және маркетинг
Өткізу нарығын егжей-тегжейлі сипаттаған дұрыс. Бизнес-жоспардың осы блогында бәсекелестерді талдау, олардың күшті, әлсіз жақтарына талдау, маркетингтік зерттеулер, даму перспективалары жүргізіледі. Мысалы, жалпы көйлектерді жалдау және нақты үйлену тойына арналған көйлектерін жалға алу бойынша бизнес. Мұнда бірнеше басты бәсекелестер анықталады, өнімдерін салыстырады және бірегей сауда ұсынысын қалыптастырады. Бұл бөлімде бір өнімнің оған ұқсас екінші өнімнен айырмашылығы қандай, оның ерекшелігі неде екендігі және ол қалай бәсекелес бола алатынын түсіндіру маңызды. Қосымша қызметтер, тегін жеткізу немесе сыйлықтар ұсынуға болады.
Өндіріс жоспары
Бұл бөлімнің міндеті компанияның маркетингтік стратегиясын: өнімді нарыққа қалай шығаруға болатынын және бұл қаншаға түсетінін сипаттау. Бұл өнімнің өзінің бағасын есептеуді ғана емес, сонымен қатар қосымша қызметтерді де қамтиды.
Бұл тармақта мыналар айқындалады:
- ұйымның орналасқан жері, кәсіпорынның коммуникациялық және көліктік мүмкіндіктері;
- кадр құрамының біліктілігі;
- еңбекақы төлеуге шығындар;
- өндірістік алаңдарды кеңейту қажеттігі және шығарылатын өнім көлемін ықтимал көбейту;
- өндірістік процестердің қауіпсіздігі, кәсіпорын жұмысының экологиялық өлшемдері;
- өндірісті шикізатпен, материалдармен қамтамасыз ету;
- ұйым жұмысының процесіндегі шығасылар (уақытша, тұрақты).
Ұйымдастыру жоспары
Бөлімде компанияның, бөлімшелердің кадрларын, басшылық құрамын ұйымдастырудың егжей-тегжейлі схемасы қамтылған. Осы бөлімде компанияның құрылымы сипатталады, оның ұйымдық-құқықтық нысаны айқындалады, жұмыс кестесі мен жұмыс күндерінің саны жазылып көрсетіледі, жалдау қажет мамандар аталады. Әдетте бұл блокта команданың әр мүшесінің қысқаша өмірбаянын көрсетеді: оның білімі, жұмыс тәжірибесі және табысты жобалары. Бұл жерде сондай-ақ команданың әрбір мүшесінің міндеттері мен сыйақы жүйесі жазылады.
Қаржылық жоспар
Бұл жерде жобаның негізгі цифрлары келтіріледі: оның кіріс және шығыс бөлігі. Кірістер мен шығыстар біржолғы, тұрақты және мерзімді болуы да мүмкін. Мысалы, ноутбуктар мен жиһаз сатып алу – бұл біржолғы шығыстар, бензинге кететін шығын – тұрақты, ал кеңсе заттарын сатып алу – мерзімді. «Шығыстар» бағанына азық-түлік сатып алу құны немесе оны өндіруге кететін шығыстарды, сондай-ақ логистикаға, жалақыға, жарнамаға және жобаны әрі қарай дамытуға кететін шығыстарды кіргізеді. «Кірістер» бағанына өнімнің соңғы бағасын және ол айына, жарты жылда және жылына қанша пайда алып келетінін есептейді. Ол үшін сатылымдар болжамын жариялайды: бір жылда және жуық бірнеше жылда қанша өнім сатуға болады. Осыдан кейін жоба өзін қанша мерзімде толық ақтайтынын және қашан пайда әкеле бастайтынын анықтайды.
Тиімділігі мен ықтимал тәуекелдері
Жоба тиімділігін бағалау. Қаржылық жоспарда сонымен қатар жобаның қашан өзін-өзі ақтайтынын және болжаммен қанша пайда алып келетінін есептеген жөн. Жаңа кәсіпорынның тиімділік есебі, сондай-ақ түрлі факторларға сезімталдығын талдау келтіріледі.
Блокта жобаның негізгі тәуекелдерін және ықтимал қателерді сипаттау қажет. Мысалы, өнім таңдалған нысаналы аудитория үшін сапасыз немесе тым қымбат болуы мүмкін. Көрсетілетін қызмет клиенттердің көңілінен шықпауы мүмкін немесе керісінше, оған деген сұраныстың артатындығы соншалық, сатып алғысы келетіндердің бәріне қызмет көрсету үшін қызметкерлер тапшы болуы мүмкін.
Қосымшалар. Бизнес-жоспарды кәсіпорынның тіркеу құжаттарымен, сызбалармен, диаграммалармен, схемалармен, есептермен толықтыру қажет. Маркетингтік зерттеулердің нәтижелері мен қаржы-экономикалық есептерді қоса беру қажет.
Бизнес-жоспардың барлық зерттеуі мен қорытындысы жобаны іске асыру кезінде шынайы практикалық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі қағидаттарға негізделуге тиіс. Бизнес-жоспарда барлығы рет-ретімен және қисынды болуға тиіс, себебі құрылымы тұрғысынан анық, реттелген құжат неғұрлым көп инвестиция тартуға мүмкіндік береді және оны оқуға да түсінікті болады.
Күнде өзгеріп тұратын сыртқы ахуал жағдайларында дамитын жоба оған икемді болуға тиіс. Сол үшін заман ағымына ілесіп, оған сай болу үшін бизнес-жоспарды да үнемі жаңартып отыру қажет.
Жобаны зерттеу және ұсыну сапасына қойылатын жалпы талаптармен қатар, жобаның әрбір инвесторының және оған қатысушының мүдделерін түсініп, бизнес-жоспарға бұл қатысушыны қызықтырған, шешім қабылдау кезінде ол үшін маңызды ақпаратты енгізу маңызды.
Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз
«Жаңа жылдық фейктер»: мереке қарсаңындағы қарбаласта алаяқтардың қақпанына түспеу жолдары
AQYL дегеніміз не және білім беру депозитін онлайн қалай ашуға болады
Егер сізде бірнеше кредитіңіз болса: оларды мерзімінен бұрын қалай дұрыс өтеуге болады
Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Криптовалюта дегеніміз не және ол қайда пайдаланылады?