Тәуекелдерді бағалаңыз
Бағалы қағаздарға инвестициялау арқылы жақсы ақша табуға да, салған ақшадан оп-оңай айырылып қалуға да болатынын бірден айта кету керек. Қаржы құралының кірістілігі неғұрлым көп болса, ақша жоғалту ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.
Егер Сіз тәуекелге баруға дайын болсаңыз, бос қаражатыңыз болса және кепілдендірілген депозиттер ұсынғаннан гөрі көбірек ақша тапқыңыз келсе, онда акцияларға және облигацияларға инвестиция салуды қарастыруға болады.
Жаңадан бастаушыға ең оңай жолы – биржада ұсынылған қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алу және белгілі бір уақыт өткеннен кейін неғұрлым жоғары бағада сату. Бұл жағдайда кіріс бағамның қаншалықты өскеніне немесе бағалы қағаз индексіне байланысты болады. Алайда, мұндай табыс кездейсоқ сәттілік емес, ойластырылған әрекеттердің нәтижесі екенін есте ұстаған жөн. Инвестициядан шынымен де пайда табу үшін Сізге көп күш жұмсау керек, оның қыр-сырын үйреніп, осы тақырыпты үнемі зерттеп отыру керек.
Егер жиналған ақшаңыз, мысалы банкте депозит түріндегі жинағыңыз болмаса, ешбір жағдайда соңғы ақшаңызды салуға болмайды. Биржада сақтандыру жоқ, сол себепті Сіз бәрін жоғалтуыңыз мүмкін. Сонымен қатар, бағалы қағаздар құнының төмендеуі банктердің банкроттығына қарағанда жиі кездеседі.
Шығындарыңызды бағалаңыз
Бастапқыда біраз ғана сомаларды инвестициялауға болады. Алайда, ол арқылы сауда-саттық жасағыңыз келетін брокердің өз комиссиясын алатынын ескеру қажет. Бұл әрбір транзакция үшін белгіленген сома не транзакцияның көлемінен пайыз болуы мүмкін. Сондықтан, егер Сіз бірден және көп салғыңыз келсе, бірінші нұсқаны ұсынатын брокерді таңдаңыз, егер жиі және аздап салатын болсаңыз – екінші нұсқаны таңдаңыз.
Есте ұстаңыз: шарт жасасу алдында брокердің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) лицензиясы бар-жоғын міндетті түрде тексеріңіз. Мұны қаржы реттеушінің www.gov.kz ресми интернет-ресурсында жасауға болады Агенттіктің сайтында көрсетілген брокердің деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелерге сәйкес келуі тиіс. Сондай-ақ қаржылық есептілікті, биржалардағы белсенділікті қарау, сондай-ақ басқа клиенттердің пікірлерімен танысу қажет.
Осы ұсыныстарға сүйене отырып, сіз өз ақшаңызды шоттарда қорғайсыз, тіпті брокер өз қызметін кенеттен тоқтатса да - сіздің салымдарыңыз туралы ақпарат Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде қалады.
Стратегияны таңдаңыз
Биржада сауда жасамас бұрын, сіз оқудан өтіп, тақырыпты толығымен түсінуіңіз керек. Инвестициялау процесі қолды үнемі импульсте ұстауды талап етеді, яғни таңертең қаржылық статистика мен биржалық есептерді зерттеу керек, күн ішінде кестелерді бақылау керек. Сол себепті, Сіздің жұмсалатын еңбек шығындарыңыз әлеуетті табысыңызға сәйкес келе ма, соны ойланып көріңіз. Әрине, ақшаңызды сенімгерлік басқаруға беріп қоюға да болады. Алайда, бұл жағдайда комиссия да жоғары болады және өз ақшаңыздың қайда және неге инвестицияланғаны жөнінде білмеуіңіз мүмкін.
Бұл ретте, Сіз әу бастан-ақ жоғалтқанда ішіңіз ашымайтын және бюджетіңізге зиян келтірмейтін соманы ғана инвестициялауға тұратынына назар аударыңыз.
Стратегия — бұл сіздің биржадағы тактикаңыз бен мінез-құлқыңыздың стилін айқындайтын инвестициялаудағы кейбір өлшемшарттар. Сіз қандай активтермен сауда-саттық жүргізетініңізді, операцияларды қандай жилікпен жасайтыныңызды және шешімдер қабылдау кезінде нені басшылыққа алтыныңызды шешіп алу қажет. Сіз жаңалықтармен, баға белгілеулермен және нарыққа әсер ететін сыртқы факторлармен танысып, оларды зерттеуге уақыт бөлуге дайын екеніңізді шешіп алыңыз.
Сіз қарапайым, сондай-ақ аралас стратегияларды қолдануыңызға болады. Оның ішіндегі ең қарапайымы – мерзім мен залалдың мөлшеріне қарай таңдау. Мәселен, Сіз сөз ақшаңыздан бір жылға және ең көп дегенде оның 20%-нан айырылуға дайын болсаңыз, онда активтерді не бір жылдан кейін не ол 20%-ға өскен немесе түскен кезде сатасыз.
Портфельдік де, нүктелік салымдарды да жасауға болады, бірақ тәуекелге бармау және әрқашан таңдалған жоспарды ұстану маңызды.
Қателік жасамаңыз
Тағы да қайталап айтамыз: Қолыңызда бар нәрсені бағалы қағаздарға салмаңыз. Алдымен ақшаны күнделікті өмірге және күтпеген шығыстарға бөліңіз. «Қауіпсіздік жастықшасын» жасаңыз, мысалы: банк депозитін ашыңыз, ең төменгі мөлшері сіздің 6 жалақыңыздан кем болмауы тиіс соманы жинаңыз, содан кейін ғана биржалық саудаға кірісіңіз. Сіз жоғалтуға дайын соманы инвестициялаңыз.
№1 ереже. Эмоцияға берілмеңіз. Бастапқыда сіз көптеген қателіктер жіберуіңіз мүмкін. Бұл ретте таңдалған стратегияны ұстану және қағаз индексі қысқа мерзімде өзгерсе де, импульсивті әрекеттерді жасамау маңызды. нағыз инвестор биржадағы жағдай өзгермелі екенін біледі және әрқашан тәуекелге дайын болады. Өз шешімдеріңіз үшін өзіңіз ғана жауапты екеніңізді есте ұстаңыз.
№2 ереже. Өз салымдарыңызды әртараптандырыңыз. Әртүрлі салалардағы компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алған дұрыс. Мысалы, мұнай бағасы төмендеген кезде мұнай-газ секторының барлық компанияларының бағалы қағаздары зардап шегеді. Егер сіз мысалы химия өнеркәсібі, машина жасау, телекоммуникация сияқты экономиканың әртүрлі салаларындағы компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алсаңыз, бұл сізге салынған ақшаны жоғалту қаупін азайтуға көмектеседі.
№3 ереже. Кепілдендірілген және өте жоғары кірістілікке сенбеңіз! Әдетте мұндай уәделерді тек алаяқтар ғана береді. Пайда әрқашан болжанған тәуекелге сәйкес келеді және адал брокер қабылданған тәуекелдерге сәйкес келмейтін жоғары пайдаға уәде бермейді.
Жалған брокерлерді қалай тануға болады
Қашықтан табыс табу тәсілдерін танымал ету, сондай-ақ әртүрлі сервистерді цифрландыру деңгейінің өсуі аясында Қазақстанда жалған брокерлердің және инвестициялық делдалдардың жұмысын жандандыру байқалады. Алаяқтар бастаушы инвесторлардың тәжірибесіздігін және азаматтардың ақшасын тарту үшін әртүрлі схемаларды пайдаланады. Мысалы, алаяқтар өздерін Агенттіктің тиісті лицензиясынсыз, табысты және болашақтан үміт күттіретін инвестициялық компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін.
Есіңізде болсын: егер инвестициялық делдалдарда басқа елдердің реттеушілерінің жалған немесе нақты лицензиялары болса, бірақ Қазақстанның қаржы реттеушісінің лицензиясы болмаса, онда олар біздің еліміздің аумағында өз қызметтерін көрсете алмайды!
Алаяқтардың мақсаты – сіздің ақшаңызға кез-келген сылтау қол жеткізу. Олар әртүрлі мобильдік қосымшаларды орнатуды талап етеді, солар арқылы аңғал клиенттерге нұсқаулар беріп отырады. Сол қосымшаларда олар қарқынды түрде өсіп келе жатқан пайданы көрсетеді, шын мәнінде ондай пайда болмайды, іс жүзінде олар ешқандай инвестициямен айналыспайды. Көбінесе алаяқтар «брокердің» қызметтері үшін, валютаны айырбастау үшін комиссия аударуды, сондай-ақ қандай да бір «салықтарды» төлеуді өтінеді.
Жекелеген жағдайларда клиентті тіпті қосымша инвестициялар алуға үгіттейді. Бірақ содан кейін алаяқтар клиенттің ақшасымен бірге жоғалып кетеді, ал клиенттер өздерінің жинаған ақшасынан айрылып қана қоймай, сонымен бірге қарызданып қалып жатады.
Жалған брокерлерді анықтауға көмектесетін негізгі жеті белгі:
1. Тәуекелі төмен немесе тәуекелі болмайтын салынған ақша қаражатынан қысқа мерзім ішінде қомақты пайда табуға уәде беру;
2. Лицензия туралы ақпарат беруден бас тарту немесе лицензияның болмауы;
3. Брокерлік компания сайтының мекенжайын беруден бас тарту, интернетте ол туралы ақпараттың болмауы немесе компания сайтында компанияның меншік иесі туралы мәліметтердің, заңды мекенжайы мен байланыс деректерінің болмауы;
4. «Жеке менеджердің» банк картасына ақша аудару туралы өтіну;
5. «Брокер» менеджерінің жасырын нөмірден немесе әртүрлі нөмірлерден қоңырау соғуы;
6. Тәуліктің кез келген уақытында «брокердің» қайта-қайта қоңырау соғуы;
7. Дөрекі немесе кәсіби емес іскерлік қарым-қатынас.
Агенттік сайтында қызметінде лицензияланбаған қызмет не қаржы пирамидасы белгілері анықталған субъектілердің тізімі орналастырылды. Олармен: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/221475?lang=ru сілтемесі арқылы танысуға болады.
Егер сіздің бағалы қағаздар нарығына қатысушылармен өзара іс-қимылға, бағалы қағаздарға инвестициялауға немесе әртүрлі инвестициялық жобалардың атын жамылған алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимылға қатысты сұрақтарыңыз болса, онда сіз ол жайында Агенттікке:
- call-орталыққа «1459» нөмірі (қала нөмірлерінен қоңырау шалу) арқылы жүгіне аласыз. Жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00 бастап 17.00 дейін, түскі үзіліс сағат 13.00 бастап 14.30 дейін;
- «Fingramota Online» мобильді қосымшасы, оны App Store-да: https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211, Play Market-те: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals сілтемесі арқылы жүктеуге болады.
Сондай-ақ: http://online.fingramota.kz/ru мобильді қосымшасының веб-нұсқасы қолжетімді.
Өз қаржылық және инвестициялық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?