Қомақты зат сатып алу керек, бірақ ақша болмай қалатын кездер болады. Осы кезде банк көмекке келіп, жетіспейтін соманы қарызға ұсынады, немесе басқаша айтқанда, белгілі бір шарттарда кредит береді.
Яғни бұл ақшаны онымен жасалған шартта көрсетілген мерзімде міндетті түрде банкке қайтару керек болады. Сондай-ақ банк көрсеткен қызметі үшін сізге берілген соманың үстіне пайыз есептейді. Пайыз мөлшері әртүрлі болуы мүмкін - Қазақстанда орта есеппен жалпы қарыз сомасының 10-%нан 20-25%-ын құрайды. Сондықтан бүгін біз кредитті қалай дұрыс пайдалануды, банктен қарызды рәсімдемей тұрып неге көңіл бөлу керектігін айтып береміз.
Әрине банктен қарыз алу бір жағынан ыңғайлы. Өйткені, оған көптен армандаған дүниеңізді немесе өзіңізге не отбасыңызға дәл қазір аса қажет заттарды (гаджеттер, тұрмыстық техника, автомобиль) сатып алып, демалысқа баруға немесе оқудың ақысын төлей аласыз. Банкке барып, ақшалай қарыз рәсімдеу еш қиындығы жоқтай көрінеді!
Дегенмен кредиттің ойыншық емес екенін, оңай ақша еместігін, қарызға берілген ақша екенін түсінулеріңіз керек! Оны уақытында әрі пайызымен қоса қайтару қажет. Сондықтан ата-анаңызды кредитке жаңа ноутбук алып беруге үгіттемей тұрып, алдымен барлық «артықшылықтары» мен «кемшіліктерін» таразылап алыңыздар. Егер банктен қарызға алған ақшаны уақытылы қайтармаса, қандай жағдайға тап болуыңыз мүмкін екенін елестете де алмаймыз. Бірақ ол жайлы сәл кейін тарқатамыз.
Кредит жауапкершілігі
Кредитті рәсімдемей тұрып, кейін осы қарызды пайызымен қосып қайтаруға ақша жете ме, жоқ па, сол жағын түсініп, есептеп алу керек. Бұл үшін сіздің жалақыңыз немесе отбасының өзге де кірістері жете ме? Азық-түлікке, жол жүруге және күнделікті қолданысқа қажетті өзге де тауарларға ақша қала ма? Отбасының ай сайынғы ресми кірісінің жартысынан астамы қарыз төлеуге жұмсалатын болса, кредит алудың қажеті жоқ.
Кредит бойынша төлем отбасының ортақ табысының, яғни ата-анаңыздың жалпы жалақысының 30%-ынан аспаса, сол кезде бұл лайықты нұсқа. Сондай-ақ отбасыңызда жинаған ақша болса, яғни түрлі жағдайларда жұмсауға болатын, әсіресе ата-анаңыздың алты айлық жалақысын құрайтын, яғни жарты жылдық ортақ кірістеріне тең ақша болса, тіптен тамаша. Бұл қаржылық қауіпсіздік жастығы немесе жұмсылмайтын қор деп аталады, оны күнделікті шығындарға жұмсауға болмайды.
Егер отбасыңыз кредит алуды жоспарласа, алдағы уақытта бір реттік немесе тұрақты ірі шығындардың бар-жоғын еске түсіру қажет. Мысалы, оқу ақысын төлеу, автомобиль жөндеу және т.б. Егер бар болса, оны да есепке алған абзал.
Қалай болғанда да, банк үлкен соманы қарызға бергенде әрдайым өзін тәуекелден сақтандырады. Мысалы, егер банк пәтер сатып алуға кредит берсе, әдетте жылжымайтын мүлік кепілдікке алынады — осылайша қарыз алушы ақшасын толық қайтарғанша, пәтердің иесі банк болады.
Тағы бір маңызды сәт — күмәнді ұйымдарға салым салуға және дәл солай ойластырылмаған инвестицияны жүзеге асыруға кредит алудың қажеті жоқ. Мысалы оны қаржылық пирамидаларға салу, қандай да бір жобаға өз ақшаңызды салған жағдайда қомақты пайыз ұсынатын алаяқтарға беру және т.б.
Мысалы, Интернетте соңғы уақыттарда өздерін оқу орталықтары немесе инвестициялық компаниялар ретінде таныстыратын ұйымдар өз қызметтерін белсенді түрде жарнамалаумен айналысады. Олар аса қолайлы талаптар табысты жобаларға салым салуды ұсынады. Әрі дәлел ретінде өз клиенттеріне қанша ақшалай қаражат төлегендерін, құнды сыйлықтар таратқанын көрсетеді.
Алайда, біріншіден, жеңіл ақшаның болмайтынын естен шығармаған дұрыс. Екіншіден, бұл «шексіз кіріс» ұсынатын алаяқтар болса керек. Үшіншіден, ақшаңызды жоғалтып, банкке қарыз болып қалу қаупі өте жоғары.
Қандай жағдайда кредит алудың мүлде қажеті жоқ:
- Егер кредитке сатып алғалы тұрған затқа деген мұқтаждық аса жоғары болмаса;
- Егер кіріс пен отбасының төлемдерін есептегеннен кейін, банкке кредит бойынша төлемді жасаған соң қалатын ақша өте аз болса;
- Күмәнді ұйымдарға, қаржы пирамидаларына және тағы басқа сенімсіз жобаларға;
- Егер кредиттің баламасы, яғни бөліп төлеу мүмкіндігі болса.
Кредит алмай тұрып неге көңіл аудару керек?
Егер отбасыңыз кредит рәсімдеу туралы шешім қабылдаған болса, бірінші кезекте оның толық сомасын, яғни банк алдындағы болашақ қарыздың нақты сомасын анықтау қажет. Кредит бойынша артық төлем қанша болатынын, ай сайын банкке қанша төлейтініңізді, кредитті уақытылы жаба алмасаңыз, пайыздық мөлшерлеме мен айыпақы мөлшері қанша болатынын толық түсіну керек.
Шарттың әр тармағын мұқият оқыңыз! Қарыз шартына іс жүзінде міндетті емес қандай да бір қосымша ақылы қызметтер енгізілмегенін тексеріңіз. Бұл, мысалы, сақтандыру, кредит картасы, SMS-ақпараттандыру, қашықтан қызмет көрсету немесе нотариустың қызметі болуы мүмкін. Егер банкте олардан бас тартуға болатыны расталса, міндетті түрде бұл шығындарды шартыңыздан алып тастауын сұраңыз.
Сондай-ақ мыналарды тексеру қажет: банк шартқа сіз келісім бермеген және әдетте банк өз мүддесі үшін ұсынатын қосымша қызметтерді енгізіп қойған жоқ па? Мысалы, өтінішті қарағаны, шарт үшін құжаттарды дайындағаны, банк шотыңызды жүргізгені секілді тағы басқа да қызметтер.
Кредит ресімдедіңіз — ары қарай не болады?
Ары қарай дұрыс төлем жасау қажет. Кредит алып, оны мерзімінде қайтармау — біреудің ақшасын алып алғанмен тең. Әрі банк те заң жүзінде өзінікін қайтару үшін қолынан келгенін жасайтын болады. Яғни, қарыз алушыға өзінің барлық міндеттемелері бойынша жауап беруге — қарызын ай сайын кешіктірірмей төлеуге мәжбүр болады. Бұл үшін банк төлем кестесін құрып, оны қарыз алушыға береді. Бұл тұста «ұмытып кетуге», «кешігіп қалуға» болмайды, әйтпесе банк мұндай қателіктер үшін айыппұл мен өсімпұл есептеп, болмаса тіпті үйіңізді тартып алып, берешектің орнын жабу үшін оны сатып жібере алады. Кейін осының бәрі қарыз алушының кредиттік тарихында көрсетіледі. Ал оны ертең бірыңғай дерекқордан басқа банктер мен өзге кредиторлар көре алады ғой! Осылайша олар болашақта сізге жаңа кредит беруден мүлдем бас тартуы мүмкін. Сондықтан, абыройыңызға нұқсан келтірмей, банк төлемін уақытылы жасау керек.
Кредиттік тарихыңызға басынан ұқыпты болыңыз
Кредиттік тарихтың не екенін білгіңіз келе ме? Бұл адамның қазіргі және бұрынғы қарыздары туралы, қалай қайтарғаны/қайтарып жатқаны жайлы, мерзімін асырып жібергені, яғни төлемді ұзақ уақыт кешіктергені, не кешіктермегені туралы ақпараттар.
Мұндай деректердің барлығы кредиттік бюроның бірыңғай дерекқорында сақталады және банктер мен микрокредит ұйымдарына қолжетімді болады. Қазақстанның заңы бойынша барлық кредиттік тарихтар оған соңғы рет өзгеріс енгізгеннен бастап 5 жыл сақталуы тиіс. Әрі бұл мәліметтер тұрақты түрде жаңартылып тұрады.
Тіпті, оның мінсіз екеніне 100% сенімді болсаңыз да, өз кредиттік тарихыңызды тексеріп тұрған жөн. Өйткені, кейде адамға қателесіп, немесе алаяқтар қолдан жасалған, ұрланған не жоғалған құжаттарды пайдаланып, өзгелердің қарызын есептеп қоюы мүмкін. Банктің қауіпсіздік қызметі деректерді толықтай тексеретініне қарамастан, мұндай жағдайдан ешкім толық қорғалмаған.
Сондықтан, егер ата-анаңыз немесе туыстарыңыз, төлқұжат не жеке куәлік секілді маңызды құжаттарын жоғалтып алса, кредиттік тарихының көмегімен алаяқтардың осы құжаттарды пайдаланып кредит рәсімдегендерін, не рәсімдемегендерін біле алады. Мұндай фактілер аңғарылған жағдайда, бірден шара қолданып, кредиттік бюроға және банкке өтініш жазып жүгіну қажет.
Сіздің кредиттік картаңызды кредиттік бюродан банктерден бөлек, сақтандыру және лизинг компаниялары, байланыс операторлары сұрата алады. Алайда оларға бұл үшін алдын ала қарыз алушының келісімін алу керек. Қосымша айта кетер болсақ, шетелде көптеген жұмыс берушілер мен жалға берушілер, адамды жұмысқа қабылдап, жалға тұрғын үй ұсынбай тұрып, қызметкерлерінің кредиттік тарихын тексереді екен.
Кредиттік тарихты жылына бір рет бірнеше жолмен тегін алуға болады:
1. Электронды үкімет порталы арқылы — www.egov.kz. Бұл үшін электрондық-цифрлық қолтаңбаңыз (ЭЦҚ) бен жүйеде авторизациялауға мүмкіндік беретін банк картасы керек.
2. Бірінші кредиттік бюрода немесе Мемлекеттік кредиттік бюрода.
3. Бүкіл Қазақстан бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО).
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?