Әжесі Мұратқа қонақ бөлмені жинауды тапсырған. Бала кітап сөресінің шаңын сүртіп жүргенде олардың бірінен кішкентай алтын пирамида мен тасбақа-қобдиша тұрған кәдімгі үй тәпішкесін тауып алғанда қайран қалды. Бұл пирамиданы бұрын-соңды үйден көрген емес. Тәпішкенің ішінен: «Көмекке мұқтаж адамды ізде» деген жазба шықты.
Мұрат көп ойланбастан спаниель Ричиге тәпішкені иіскетіп еді, ит шабалана үріп, есікке қарай жүгірді. Күртесін асығыс кие салып, бала да оның соңынан ерді. Жол-жөнекей алдарынан шыққан Әлиша бұлардың тобына қосылды.
Ит көшені біраз шиырлап, Еркенің үйіне бастады.
Шатырда Галла сауысқан мазасыздана шықылықтап отыр екен. Шамасы, оны кедергі жасамасын деп үйден шығарып жібергенге ұқсайды.
Балалар есікті қақты.
Есікті ашқан Ерке бұларды бастырмалата қойған сұрақпен қарсы алды:
– Сендер маған нағыз доссыңдар ма?
– Сен не, бізге сенбейсің бе? – Мұрат ренжіп қалды.
– Жай, әншейін, анықтап алайын дегенім ғой. – Ерке сұрақтың қате қойылғанын түсінді. – Бүгін таңертең маған белгісіз біреуден: «Егер сенің достарың нағыз дос болса, бұл жобада саған міндетті түрде қолдау көрсетеді!» деген қысқа мәтінді электронды хат келді. Сол себепті сұрадым.
- Әрине, біз сенің досыңбыз. Бірақ алдымен қандай жоба екенін біліп алайықшы? – деп Әлиша сөздің ашығын айтты.
Ерке қызбалана түсіндіруге кірісті:
- Бұнда жақсы ақша табуға болады, әрі жаның қиналып ештеңе істемейсің. Тек диванда жатып алып, тәпішкелерді алып-сатумен айналысасың. Бұл үшін саған белгілі бір пайыз түседі, сосын ол нақты ақшаға айналады.
Таңғалғаннан Мұраттың аузы ашылып қалды:
– Диванда жатқаның үшін ақша төлейтінін бірінші рет естіп тұрмын! Олай болса біздің мысық баяғыда миллионер болар еді!
- Мен де басында сенбедім, бірақ сосын ойлана келе бір тәпішке сатып алдым...
Енді Әлиша айран-асыр:
- Бір ғана тәпішке? Жалғыз тәпішкені не істейсің? Сен сыңар аяқ емессің ғой...
– Егер сен екеуің және тағы бір-екі досым осы жобада мені қолдаса, мен екінші деңгейге өтіп, екінші тәпішкені сатып аламын және қатысқаным үшін пайыз береді.
– Бірақ маған тәпішке керек емес, – деп Әлиша бас тартты. - Менде онсыз да жаңасы бар.
– Маған да керегі жоқ, – деп Мұрат құрбысын қостады. – Айтпақшы, сенің сыңар тәпішкең неше тұрады?
– Үш мың теңге, – деп жауап берді Ерке.
Мұрат ысқырып жіберді:
– Бір тәпішке үшін үш мың теңге!? Паһ, шіркін, мен оны көргім келіп тұр! Көрсетесің бе?
Ерке ыңғайсызданып қалды:
– Көрсете алмаймын, ол виртуалды.
– Мәссаған, оны әлі киюге де болмай ма?!
Мұрат пен Әлиша таңғалғаннан сөз таппай қалды.
– Біздің жұмбақ тасбақамыздың әрекеті тағы да дұрыс болып шықты, – деді Мұрат күрсініп. – Сен расында да көмекке мұқтаж жансың!
Балалар Еркеге электронды поштамен келген ұсыныстың егжей-тегжейін өздерінше анықтауға тырысты, бірақ еш нәтиже болмады. Олар хаттағы сілтеме арқылы тапқан жарнама сайтында тәпішкелердің бақытты иелерінің пальмалар мен Египет пирамидаларының аясында жатқан әлем-жәлем суреттері өте көп болғанмен, пайдалы ақпарат жоққа тән екен. Сол себепті Мұрат зейнеткерлікке шыққанға дейін банкте жұмыс істеген әжесінен кеңес алуды ұсынды.
– Сен қаржы пирамидасына тап болдың, – деді әжей Еркеге. – Қазір олар көбейіп кетті, әсіресе интернетте. Пирамида ұйымдастырушылар сенгіш адамдарды уысына түсіріп, қысқа мерзімде көл-көсір пайда табуға уәде береді. Тіпті ештеңе істеудің қажеті жоқ – ақшаңды сал да жата бер дейді. Егер сен жаңа адамдарды әкелсең, бұл үшін бонус алуға дәмелендіреді.
– Сонда салымшылардың ақшасын алмайтыны рас па?
– Пирамиданың мәні мынада: оған қосылған әрбір жаңа адам бастапқы жарна қосуға міндетті. Яғни, барлық қатысушылар осы жаңадан келгендердің жарнасы есебінен ғана баюы тиіс. Ақша ағыны мен жаңа адамдардың легі тоқтағанда пирамида құлайды, салымшының барлығы құр қол қалады...
Мынаны естіген Ерке қызарып кетті:
– Кешіріңдер, сендерге осындай нәрсені ұсынып тұрған мен жаман дос болсам керек...
- Оңай олжаға сенуге болмайды, – деп әжей сөзін жалғады. – Қаржы пирамидалары ештеңе өндірмейді, бірақ олар кез келген саладағы ұйымның – инвестициялық компания, желілік маркетинг және басқаларының атын жамылып қитұрқы әрекет етеді.
– Қап-ай, ә, үш мың теңгем жылап кетті ғой! – Ерке мұңая күрсінді.
- Есесіне сенің нағыз достарың бар! – деп жұбатты да әжей балаларға бұйрық берді. – Диваннан тұрыңдар, виртуалды емес, шын тәпішкені киіңдер де шоланнан асқабақ әкеліңдер, манты жасаймыз.
Мұрат аяқ киімін киіп жатқанда кітап сөресіндегі тасбақа-қобдишаға көзі түсті. Оның жанында тұрған алтын пирамида жоғалып кетіпті, неге екені белгісіз, бала бұған таңғалмады...
__________
Қаржы пирамидасы – ұдайы жаңа салымшы тарту есебінен қаражат түсетін қитұрқы жоба. Олар өздері ақша салып кіреді, содан кейін жаңа адамдарды әкеледі.
Салымдарды – салымшылардың қаражатын тартуға, сондай-ақ қор нарығында қызмет жүргізуге құқығы бар қаржы ұйымдарының барлығында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болуы тиіс.
Назар аударыңыз! Қазақстанда қаржы пирамидаларын құрған және оны жарнамалаған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады!
Қауіпті пирамидалар
Қаржы пирамидасына қатыспау және өз ақшаңнан айырылмау үшін не істеуге болады? Бұл үшін оның қалай жұмыс істейтінін білуің керек.
1. Алаяқтар интернет-хабарлама немесе интернет-жарнама арқылы өте тиімді болып көрінетін жобаға қатысуға шақырады.
2. Жобаға қатысудың міндетті шарты – қаржылай үлес қосу. Ұйымдастырушылар алғашқы қатысушылардың кейбіріне уәде етілген кірісті өз қаражатынан төлейді, бірақ олардан жаңадан адам әкелуді сұрайды.
3. Оңай олжаға қызыққан салымшылар жобаға туыстары мен достарын шақырады. Жаңа қатысушыларға сыйақы олардан кейін келгендер есебінен төленеді.
4. Жаңа қатысушылардың саны азайған кезде пирамида күйрейді, ақша ағыны да тоқтайды. Пирамиданы ұйымдастырушылар салымшылардың бүкіл ақшасымен бірге жоғалады. Салынған ақшаны қайтару мүмкін емес, өйткені Қазақстанда қаржы пирамидаларының қызметі заңсыз және оны ұйымдастырушылар қол қойған құжаттардың заңдық күші жоқ.
«Жаңа жылдық фейктер»: мереке қарсаңындағы қарбаласта алаяқтардың қақпанына түспеу жолдары
AQYL дегеніміз не және білім беру депозитін онлайн қалай ашуға болады
Егер сізде бірнеше кредитіңіз болса: оларды мерзімінен бұрын қалай дұрыс өтеуге болады
Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Криптовалюта дегеніміз не және ол қайда пайдаланылады?