Қалай инвестор болуға болады: биржаға жаңадан келген адамға неге инвестициялау керек

time 12.04.2023
aye 5398
Қалай инвестор болуға болады: биржаға жаңадан келген адамға неге инвестициялау керек

Халықтың инвестициялық өнімдерге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді және бұл көбіне технологиялардың дамуына және азаматтарға брокерлік шоттарды оңай ашуға мүмкіндік беретін рәсімдердің жеңілдеуіне байланысты.

Орталық бағалы қағаздар депозитарийінің (KCSD) деректері бойынша 2022 жылы Қазақстан қор нарығының бүкіл тарихында инвесторлардың рекордтық өсуі тіркелді. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың 99%-ы – қазақстандықтар. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша инвесторлардың KCSD-дегі шоттарының (қосалқы шоттарының) жалпы саны 2022 жылы 149,3%-ға өсіп, 550,2 мыңды құрады. Оның ішінде жеке тұлғалар шоттарының саны 547,1 мыңды, заңды тұлғалар шоттарының саны 3,1 мыңды құрады.

Дегенмен, инвестициялаудағы тәжірибе мен білімнің жетіспеуіне байланысты барлық бөлшек инвесторлар, мысалы, акциялар сияқты қаржы құралдарын сатып алу кезінде тәуекелді бағалай алмайды.

Инвестициялау – бұл сіздің ресурстарыңызды капиталды ұлғайту мақсатында пайдалану. Инвестициялау негіздерін үйрену арқылы сіз ақша табуды бастай аласыз, бірақ қаржылық еркіндікке апаратын жолдың басында жиі кездесетін қателіктерден аулақ болғаныңыз жөн.

Егер сіз қор нарығына инвестиция салғыңыз келсе, алдымен мынаны мойындауыңыз керек: біріншіден, тәуекелдерді дұрыс бағалау өте маңызды, екіншіден, инвестициялау әрқашан шығындар қаупін тудырады. Биржаға жаңадан келгендердің көпшілігі ойланып шешім қабылдау және нарықтық үрдістерді қадағалау арқылы өз байлығын арттыруға болады деп қуанады. Бірақ сіз өз дағдыларыңыздың деңгейін дұрыс бағалауыңыз керек: логикалық ойлауды үйреніңіз, инвестицияның ықтимал пайдасы туралы ғана емес, сонымен қатар ықтимал тәуекелдер туралы ойланыңыз, шешім қабылдау процесінде эмоцияларға жол бермеңіз. Қор нарығын әрқашан болжап отыру мүмкін емес және онда секунд сайын болып отыратын оқиғаларға импульсивті түрде қарамау керек, бұл тек шығынға әкелуі мүмкін.

Табысты инвесторлар акциялар, облигациялар немесе басқа нәрсе болсын, өздері инвестиция салатын қор нарығын түсінеді. Олар пайда табу үшін алдымен саралап алып шешім қабылдау қажет екенін біледі және сынақтар мен қателіктер арқылы ондай дағдыларды үздіксіз үйренеді.

Көптеген жағдайда ақшаны аз мөлшерде салудан бастаған дұрыс. Бұл бос қаражат болуы тиіс, ешбір жағдайда ол қарызға алынған және сіздің соңғы жинақтарыңыз болмауға тиіс! Инвестицияларды қосымша табыс көзі ретінде қарастырыңыз.

Инвестициялауда алғашқы қадамдар жасай отырып, қателіктер жіберу заңдылық, себебі сіз енді үйреніп жатырсыз, алайда қателіктер сіздің капиталыңызға айтарлықтай әсер етпеуі керек. Неғұрлым көп тәжірибе жинақтап, өз орныңызды жетік білетін болсаңыз, соғұрлым көп ақша инвестициялай аласыз.

Толығырақ "Бағалы қағаздар нарығы" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге