Қазақстан банктері инклюзивтік бөлімшелер құруда

time 13.01.2023
aye 4814
Қазақстан банктері инклюзивтік бөлімшелер құруда

Халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасының іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мүгедектігі бар адамдар үшін қаржылық қызметтердің нақты қолжетімділігін арттыруға бағытталған шараларды әзірледі.

Қаржылық инклюзияны қамтамасыз ету үшін 2020 жылы Қайрат Иманәлиев атындағы Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комиссиямен бірлесіп Агенттік жанынан арнайы Жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобының ұсыныстары негізінде Қаржылық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар қабылданды. Жұмыс тобының ұсынымдарын орындау үшін банктер бөлімшелердің техникалық инфрақұрылымын жаңғырту, сайттар мен мобильдік қосымшаларды бейімдеу, осы санаттағы адамдармен жұмыс істеу бойынша білікті қызметкерлерді даярлау жөніндегі жеке жоспарларды іске асыруда. Мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылым ішінара қамтамасыз етілген республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында банктердің 204 бөлімшесінің «Қолжетімділік картасы» жасалды.

Нақты қолжетімділікті қамтамасыз ету және кедергісіз орта құру жөніндегі шараларды күшейту үшін Агенттік инфрақұрылымы мүгедектігі бар адамдар үшін барынша бейімделген банктер бөлімшелеріне мониторинг жүргізді. Екінші деңгейдегі үш банктегі мониторинг нәтижелері бойынша инфрақұрылым мүгедектігі бар барлық адамдар санаттарының қажеттіліктеріне жауап береді.

Мәселен, «Bereke bank» АҚ-тың №111 «Нұрлытау» (Алматы қ., Әл-Фараби д-лы, 13/1-үй) және «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың №0502 (Алматы қ., Тимирязев к-сі, 42) бөлімшелерінде мүгедектігі бар адамдар үшін толық және кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етілген. Олар қозғалыс жолдарының тактильді белгілерімен, дыбыстық маякпен, тұтқалармен, көлбеу көтергішпен жабдықталған. Бөлімшенің жанында «Мүгедек» белгісі бар тұрақ орындары бар. Бөлімшеге кіре берісінде көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған дербес шақыру түймесі және мнемосхема орнатылған. Кіре беріс соққыға төзімді материалдан жасалған, есіктерде нашар көретіндерге арналған сары түсті белгілер бар.

Алматы қаласындағы «Kaspi Bank» АҚ-тың Тимирязев көшесі, 40 мекенжайында орналасқан  бөлімшесінің кіру тобы шақыру батырмасымен, соққыға төзімді шыныдан жасалған мнемосхемамен, дыбыстық маякпен жабдықталған. Мүгедектігі бар адамдардың кіріп-шығуына қолайлы болу үшін пандус орнатудың мүмкін болмауына байланысты бөлімшеде «Барс» шынжыр табанды көтергіштері орнатылған, бұл «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 25-бабына сәйкес келеді.

Толығырақ "Қаржылық инклюзия" бөліиінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге