ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықпен жедел өзара іс-қимыл жасау үшін барлық ықтимал коммуникация арналарын пайдаланады. Төтенше жағдай және карантин режимі кезеңінде, 2020 жылғы 26 наурызда Агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қолдау шеңберінде қабылданатын шараларды іске асыру үшін халыққа арналған жедел желіні іске қосты.
Қазіргі уақытта азаматтардың қаржы реттеушісі мен қаржы ұйымдарының қызметі туралы хабардар болуын арттыру мақсатында Агенттік жанынан call-орталық құрылды. Маусым айының басынан бүгінгі күнге дейін Агенттіктің call – орталығына азаматтардан 377 қоңырау келіп түсті. Жедел желі іске қосылған сәттен бастап барлығы 24 мың қоңырау түсті.
Сондай-ақ, 2020 жылғы 25 маусымнан бастап Агенттікте «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Ағымдағы айдың басынан бастап 28 маусымға дейін осы мессенджер арқылы пайдаланушылардың 100-ден астам сұрақтары өңделді, іске қосылған сәттен бастап барлығы 5 мыңнан астам өтініш келіп түсті.
Негізінен Агенттікке осы байланыс арналары арқылы халықтан екінші деңгейдегі банктермен, МҚҰ және коллекторлармен өзара іс-қимылға қатысты сұрақтар келіп түседі. Маусым айында азаматтар микрокредиттік ұйымдармен шарттардың талаптарын нақтылауға, банктік кредит және микроқарыз бойынша мерзімін өткізіп алу, кредиттік тарих алу, пайдаланушының құпия деректерін қорғау және кибер алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша туындаған сұрақтарды белсенді түрде қойды. Сұрақтардың жеке блогы іске асыру мерзімі аяқталуға жақын Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына арналған.
Сұрақ: Қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша ХӘОТ өкілдеріне қосымша көмек алу үшін банкке қандай мерзімге дейін өтініш беру қажет?
Жауап: Сәлеметсіз бе! Қазіргі уақытта Агенттік банктердің қарыз алушылардың өтініштерін қарауының ағымдағы серпінін ескере отырып, қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімін 2021 жылғы
1 қыркүйекке дейін ұзарту туралы мәселені қарастыруда. Қарыз алушылардың өтініштер беру мерзімі - 2021 жылғы 1 тамызға дейін.
Тиісінше, Сіздің өтінішіңіз көрсетілген мерзімге дейін банктерге келіп түссе, қаралатын болады және ол бойынша қарыздар бойынша қаржылық көмек көрсету туралы қажетті шешім қабылданатын болады.
Сұрақ: Көп балалы ана ретінде мен мемлекеттің көмегіне және менің ипотекамды қайта қаржыландыру бойынша Агенттіктің көмегіне сене аламын ба?
Жауап: Сәлеметсіз бе! ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жалғыз баспанасы бар азаматтар үшін 2004 жылдан 2009 жылға дейінгі кезеңде берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруды көздейтін ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының бірінші бөлігін іске асыруды жалғастыруда.
Бағдарламаны іске асыруға 130 млрд теңге бөлінді. Қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3% - дан аспайтын мөлшерде белгіленеді. Бүгінгі күні жоғарыда көрсетілген кезеңде берілген 173,3 млрд теңге сомаға 28,2 мың қарыз алушының қарыздары қайта қаржыландырылды. Бұрын капиталдандырылған соманы есептен шығарғанда қарыз бойынша негізгі борыштың қалдығы қайта қаржыландыруға жатады, қарыз алушының сыйақы, комиссиялар, айыпақы бойынша берешегі банктердің кешіруіне жатады. Бұдан басқа, қарыздары бойынша банктердің пайдасына борышты өндіріп алу туралы сот актілері бар ХӘОТ-қарыз алушылар мемлекеттік бажды төлеуден босатылған.
Қазіргі уақытта Агенттік банктермен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыларға қосымша қаржылық көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізуде. 8,7 мың азаматтың 4,5 мыңына көмек көрсетілді.
Сондықтан, егер Сіз ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының өлшемшарттарына сәйкес келсеңіз және қарызды өтеуде қиындықтар туындаса, борыштық жүктемені азайту үшін кредитор банктерге жүгінуіңізге болады.
Сұрақ: Мен микроқаржы ұйымынан қарыз алдым, өйткені маған шұғыл ақша керек болды. Бірақ қазір менде жұмысқа байланысты проблемалар орын алып отыр,қарызды төлеуге ақша жоқ. Қарыз бойынша мүлдем төлем жасамауға бола ма немесе төлемдер кестесін өзіме ыңғайлы етіп өзгерте аламын ба?
Сәлеметсіз бе! Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес азаматтар шарт жасасуға ерікті. Шарт жасасу міндеті Азаматтық кодексте, заңнамалық актілерде немесе ерікті түрде қабылданған міндеттемеде көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берілмейді. Бұдан басқа, Азаматтық кодекстің 393-бабының 1-тармағына сәйкес Тараптар арасында шарттың барлық елеулi ережелерi бойынша тиiстi жағдайларда талап етiлетiн нысанда келiсiмге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептеледi.
Азаматтық кодекстің 272-бабында мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс деп көзделген.
Көрсетілгеннен микроқарыз шартына қол қоя отырып, Сіз барлық шарттармен келісетініңізді растадыңыз және өзіңізге белгілі бір құқықтар мен міндеттерді, оның ішінде микроқаржы ұйымының сыйақысын төлей отырып, микрокредитті уақтылы қайтару бойынша міндеттерді қабылдадыңыз, оларды Сіз тиісінше орындауға тиіс екендігіңізді білеміз.
Микрокредиттерді өтеу шарттарының өзгеруіне қатысты микроқаржы ұйымдары әрбір қарыз алушыға жеке тәсілді қолдана отырып, әрбір нақты жағдайға байланысты өздерінің ішкі қағидаларына сәйкес дербес шешім қабылдайды.
Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, микрокредиттерді өтеу талаптарын өзгерту мәселесі бойынша Сіз мерзімі өткен берешектің пайда болу себептері, кірістер және микрокредиттер шарттарының талаптарын өзгерту қажеттілігін негіздейтін басқа да мән-жайлар туралы мәліметтерді қамтитын, оларды қарау үшін қажетті құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтініштермен тікелей микроқаржы ұйымына жүгінуге құқылысыз. Өтініштер Сіздің өтінішіңізден бас тарту не оны қанағаттандыру туралы тиісті шешім қабылдана отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімде қаралуы тиіс.
Микроқаржы ұйымы әрекет етпеген жағдайда, Сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Алматы қаласы, Көктем-3 шағын ауданы, 21- үй мекенжайы бойынша жазбаша нысанда не Қазақстан Республикасы электрондық үкіметі порталының блог-платформасына өтініш бере аласыз. Өтініште пошталық мекенжайын, ЖСН, тегін, атын, бар болса - әкесінің атын көрсету және қолда бар құжаттардың көшірмелерін қоса беру қажет.
Сұрақ: Бір кездері банктердің бірінде кредит картасын аштым және бұл картаға қызмет көрсету үшін ұзақ уақыт бойы, шамамен бір жылдан астам уақыт төлемеген шығармын. Салдарынан өсімпұл пайда болды. Бұл сома аз емес. Банк менің қарызымды берген коллекторлардан мерзімінің өтіп кеткені туралы білдім. Сонымен қатар, маған коллекторлық қызметтерге ақы төлеу керек. Мен өз кінәмді түсінемін, алайда бұл оқиға менің кредит тарихыма қандай да бір әсер еткен -етпегенін білгім келді? Мүмкін, осы жағдайға байланысты соңғы уақытта банктер маған тауар кредитінен бас тартып жатқан болар ?
Жауап : Сәлеметсіз бе! Сізге дербес кредиттік есепті алу қажет, мұны кредиттік бюроларға, Мемлекеттік кредиттік бюроға немесе Бірінші кредиттік бюроға, ХҚКО-ға хабарласу арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Кредиттік есепте Сіз сипаттаған ақпараттың көрсетілгенін немесе көрсетілмегенін көре аласыз.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында ақпарат берушілер анықталған, оларға мыналар жатады: банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар, коллекторлық агенттіктер. Жоғарыда көрсетілген заңның 19-бабының 5-тармағына сәйкес ақпарат берушілер ақпарат беру туралы шарт жасалған кредиттік бюроларға кредиттік тарих субъектісі туралы бар мәлiметтермен дәлме-дәл сәйкес ақпарат беруге міндетті. Берілетін ақпараттың дұрыстығы үшін жауапкершілік ақпарат берушіге жүктелген.
Ақпарат берушілердің кредиттік бюроға беретін ақпараты ақпарат беру туралы шартта айқындалады және онда мынадай мәліметтер болуға тиіс:
1) тұлғаның ақпарат берушіден алған қызмет бойынша берешегінің сомасы;
2) берешектің пайда болған және өтелген күні;
3) ақпарат беру күніне мерзімі өткен күндердің саны;
4) өсімпұл сомасы (болған кезде);
5) көрсетілген қызметтің түрі;
6) кредиттік тарих субъектісі – жеке тұлға туралы ақпарат (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, заңды мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі);
7) кредиттік тарих субъектісі – заңды тұлға туралы ақпарат (атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, бірінші басшылардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және олардың жеке сәйкестендіру нөмірлері);
8) тараптардың келісімі бойынша өзге де мәліметтер.
Кредиттік бюро ақпарат берушіден ақпарат алғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті субъектінің кредиттік тарихына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге міндетті. Осылайша, қарыз бойынша мерзімі өткен берешек туралы ақпаратты кредиттік бюроға жіберу банктің банк заңнамасында көзделген міндеті болып табылады.
Кредиттік ұйымдар несие беру кезінде, әдетте, клиенттің кредиттік тарихын мұқият зерттейді. Сондықтан, егер Сіздің кредиттік тарихыңыз нашар болса, бұл қарызды рәсімдеуден бас тартуға себеп болуы мүмкін.
Сіздің несие бойынша барлық төлемдеріңіз қарыз шартында көрсетілген мерзімде төленгеніне сенімді болу үшін өзіңіздің несие тарихыңызды тұрақты түрде тексеріп отыруды ұсынамыз. Тіпті Сізде кредит болмаса да, алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін тексеріңіз. Мәлімет үшін – кредиттік есеп жылына бір рет тегін ұсынылады.
Сұрақ: «Мен поштамды бұзғандығы туралы хабарлама алдым. Сілтеме көрсетілген, бірақ мен оған өтпедім. Құпиясөз күрделі болған сияқты, бұл қалай болды? Енді өзімнің мобильдік банкингтегі құпиясөзім үшін уайымдаймын».
Жауап: Cәлеметсіз бе! Бұл фишингтік шабуыл болған шығар, өкінішке орай, біз бұл хабарламаның қай мекен-жайдан жіберілгенін білмейміз. Сондықтан сіз өзіңіз пайдаланатын пошта қызметін қолдау сервисіне жазуыңыз керек. Тіркелген сілтеме бойынша өтпегеніңіз дұрыс, себебі ол вирус жұқтырған болуы мүмкін.
Құпиясөздерге келетін болсақ, әлеуметтік желілердегі түрлі аккаунттардың, пошта жәшігінің немесе ұялы банк қосымшасының құпиясөздері әртүрлі болғаны дұрыс. Сіздің құписөзіңіздің сенімділігін тексеруге болатын арнайы тексеру сайттары бар: The Password Meter , How Secure Is My Password , Kaspersky Lab .
Құпиясөздерді қолдану бойынша біздің негізгі ұсынымдарымыз:
1.Бірегей құпиясөзді қолданыңыз (оны басқа жүйелерде қайталамаңыз).
2.Құпиясөз ұзын болған сайын сенімді (кем дегенде 10 таңба).
3.Жақындарыңыздың есімдері мен үй жануарларының лақап аттарын құпиясөз ретінде қолданбаңыз.
4.Жақындарыңыздың туған күндерін қолданбаңыз.
5.Ағымдағы ай мен жылдың атауын қолданбаңыз.
6.Пернетақтадағы жақын орналасқан пернелер тіркесін (qwerty, asdfghjkl, 12345678) қолданбаңыз.
7. Егер Сіз жазылған құпиясөзді сақтайтын болсаңыз, бұл үшін тек қана жеке сейфті пайдаланыңыз (құпиясөзді компьютерде немесе браузерде сақтамаңыз).
8.Құпиясөзге ҮЛКЕН және кіші әріптерді, сандарды, пунктуация белгілерін қосыңыз!
Және соңғысы – өз құпиясөздеріңізді жиі ауыстырып тұрыңыз. www.fingramota.kz сайтында өзіңізді және өз қаражатыңызды қаржылық алаяқтардан қорғауға көмектесетін киберқауіпсіздік тақырыбы бойынша материалдар көп.
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт