Сенгіштік сіздің осал тұсыңыз болғанда: қарт адамдарды қаржы алаяқтарынан қалай қорғауға болады

time 19.01.2026
aye 791
Сенгіштік сіздің осал тұсыңыз болғанда: қарт адамдарды  қаржы алаяқтарынан  қалай қорғауға болады

Күн ортасындағы кәдімгі телефон қоңырауы, мессенджердегі хабарлама немесе «ресми» SMS — әдетте қаржылық алаяқтық осылай басталады. Егде жастағы адамдар үшін мұндай әрекеттер үйреншікті, таныс болып көрінеді және сенім тудырады: бір кездері мұндай мәселелер шынымен де телефон арқылы шешілген.

Осыны алаяқтар әккі пайдаланады. Олар күрделі жүйелерді бұзбайды,  олардың негізгі қаруы  қорқыныш сезімін туғызу, асықтыру және олардың көңіл-күйлеріне қысым жасау«Шотыңызға қауіп төнуде» немесе «туысқаныңыз  қиын жағдайда» деген сөздер адамға ойлануға да мұрсат бермейді. 

Сондықтан қарт адамдарды қорғау —  бұл тек цифрлық қауіпсіздік мәселесі ғана емес, сондай-ақ оларға қамқорлық таныту, назар аудару және дағдыға айналған іс-қимыл ережелері.

Қарт адамдарды алдаудың кеңінен таралған схемалары

«Банктен» немесе «қауіпсіздік қызметінен» түскен қоңыраулар   

Қарт адамға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлеріміз деп таныстырады. Олар күдікті операциялар, шотты бұзу немесе кредит ресімдеу әрекеттері болғаны жөнінде хабарлайды. Әңгіме байсалды түрде, банктердің нақты атаулары мен таныс сөз тіркестерін қолдана отырып жүреді, бұл қарт адамдардың сенімдерін тудырып, күмәндануға негіздер болмау үшін жасалады. 

«Қаражатты қорғап қалу» деген сылтаумен адамды асықтырады: олар SMS-пен келген кодты, карта деректемелерін атауды немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрайды. Мұның бәрі адамның бей-берекетін шығарып, асықтырып, оған ойлануға уақыт бермеу үшін жасалады.

Есте сақтау маңызды: нағыз банктер ешқашан растау кодтарын, PIN немесе CVV сұрамайды және телефон арқылы ақша аударуды сұрамайды. Егер әңгіме күдік тудырса, оны дереу доғарып, банкке өзіңіз хабарласқаныңыз абзал. Сақтық пен ақпаратты тексеру - сіздің жинақ ақшаңызды қорғаудың кепілі.

 «Мемлекеттік органдардан» келетін хабарлар

Қарт адамға ХҚО-дан, зейнетақы қорынан, салық немесе полициядан хабарлама келеді. Онда зейнетақыны қайта есептеу, айыппұл немесе деректерді шұғыл растау қажеттілігі туралы айтылады. Мұндай сөздер алаңдаушылық тудырады және асығыс әрекет жасауға итермелейді.

Хабарламадағы сілтеме жалған сайтқа апарады, ол сырт көзбен қарағанда ресми сайтқа ұқсайды. Оған дербес  немесе банк деректерін енгізу арқылы адам оны алаяқтарға жібереді.

Есте сақтау маңызды: мемлекеттік органдар дербес деректерді сұрамайды және SMS немесе мессенджерлер арқылы шұғыл әрекет етуді талап етпейді. Кез-келген күмән туындаған жағдайда ұйымға ресми байланыстар арқылы дербес хабарласқан дұрыс. Сақтық және ақпаратты тексеру сіздің жинағыңызды және дербес деректеріңізді қорғайды.

«Туысқаныңыз қиын жағдайда» 

Алаяқтар жиі қарт адамдардың көңіл-күйлерін пайдаланады. Олар қоңырау шалып, ұлы, немересі немесе басқа жақын адамы апатқа ұшырағанын, ұсталғанын немесе шұғыл көмекке мұқтаж екенін хабарлайды. Әңгіме сенімді түрде және асығыс жүреді: адамды оның салдарымен  қорқытады, біреуге қоңырау шалуға немесе ақпаратты тексеруге тыйым салады, бұл қарт адамға қатты күйзеліс болып, тез әрекет ету қажет деген  ой тудырады. Эмоциялардың қысымымен алаяқтар дереу ақша аударуды немесе оны «курьерге» беруді талап етеді. Мұндай жағдайда тіпті ең сақ адам да сасқалақтап қалуы мүмкін.

Есте сақтау маңызды: ешкімнің қауіп төндіріп  қаражат аударуды талап етуге құқығы жоқ. Егер сізге осындай оқиғамен қоңырау шалса, әңгімені тоқтатып, жақын адамыңызбен өз бетіңізше байланысыңыз.

Жалған инвестициялар және «кепілдік берілген кіріс»

Қарт адам «сенімді» жобаға — кооперативке, криптовалютаға немесе «мемлекеттік бағдарламаға» жинақ салу туралы ұсыныс алады. Олар танымал брендтердің атын жамылып немесе Үкіметтің қолдауы бар деген желеумен тәуекелсіз, жоғары кіріс алуға уәде береді. Бір қарағанда қауіпсіз болып көрінеді, бірақ бұл алаяқтардың классикалық схемасы.

Шындығында, мұндай ұсыныстардың артында әрдайым алдау тұрады. Ешқандай жоба тәуекелсіз пайдаға кепілдік бермейді, ал ресми бағдарламалар бейтаныс шоттарға ақша аударуды қажет етпейді. Кез келген инвестицияны жасамас бұрын, ақпаратты тексеру, оны туыстарымен талқылау немесе ресми дереккөздерге жүгіну маңызды.

Мессенджерлердегі аккаунттарды қолды қылу

Жалған сілтемелер арқылы алаяқтар қарт адамның WhatsApp немесе Telegram қосымшаларына кіре алады. Осыдан кейін олар оның туыстары мен таныстарына оның атынан шұғыл қарыз алуды талап етіп хат жаза бастайды.

Есте сақтау маңызды: егер хабарлама күдікті болып көрінсе немесе талап етуге ұқсайтын болса, оны жіберген адамды дереу тексеріп алған дұрыс.

Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар!

white-arrow Тізімге