Кредиттер: шартта жазылған жауапкершілік

time 20.12.2020

Кредит сияқты қаржы құралдарымен қалай дұрыс әрекет жасау қажет? Кредиттік жауапкершілік дегеніміз не? 


Кредит тарихы қалай қалыптасады?

Қазіргі таңда ең танымал қаржылық қызметтің біреуі кредиттер екендігі күмәнсіз. Кредиттер мен микроқарыздар беру – екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың  ерекше құзыреті. Осындай қызмет түрін көрсету үшін кредиттік ұйым уәкілетті органда есептік тіркеуден өтуі және қызметтің осы түріне лицензия алуы тиіс. Банктер мұндай жағдайда тауарды (бұл жағдайда ақшаны)  сатушылар, ал тұтынушылар қаржылық қызметтерді сатып алушылар болып табылатынын есте ұстау қажет. Тиісінше бұл өз заңдары, бәсекелестігі, ерекшеліктері бар нарық. 

Осы жағынан мысал келтірсек. Әрбір адам базарда немесе дүкенде зат сатып ала отырып, өзі үшін барынша пайдасы бар тауар сатып алуды қалайды. Бұл үшін ол ұсыныстар мен бағаларды мұқият зерттейді, содан кейін ғана қандай да бір тауарды сатып алуға шешім қабылдайды. Кредиттік ұйымдардың қызметін таңдаған кезде де осы қағидат жұмыс істейді. Қаржылық қызметтердің тұтынушылары әдемі жарнамаға жиі сеніп, кредиттеу талаптарын жете түсінбей, шартқа қол қойып, кредит ресімдейді.

Олар салдары туралы терең ойланбайды, және кредит бойынша ақы төлеуге қатысты мәселе туындаған жағдайда «кредиттік апанға» түсуі мүмкін. Ал кей жағдайларда қаржы алаяқтарының, мәселен, жалған кредиторлардың қармағына түсіп қалуы да мүмкін. 

Сондықтан, ең бірінші - қаржы реттеушісі – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен тиісті лицензия алған белгілі бір қаржы ұйымдары ғана Қазақстанда кредиттер бере алатынын білуіңіз керек. Агенттіктің сайтында кредиттік ұйымдардың есептік тіркелуін тексеруге болады.

Екінші - өзіңіздің қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалау жөнінде ойлану қажет. Сіз берешегіңізді уақытында төлей аласыз ба, күтпеген жағдайлар болған кезде, мысалы, ауырып немесе жұмыссыз қалған жағдайда, қаржылық қауіпсіздік жастықшасы бар ма?

Сондықтан, жан-жақты ойластырған шешімдер қабылдау, туындауы мүмкін түрлі жағдайларды ескеру және мүмкін болатын тәуекелдерді есептеу өте маңызды.

Үшінші және өте маңызды сәт -  бұл шарт. Оған қол қоймас бұрын, оның шарттарымен танысып, менеджерге сұрақтар қоюдан қымсынбаңыз, «басынан бастап аяғына дейін», «түгін қоймай» оқып шығыңыз. Шартқа қол қоя отырып сіз өзіңізге міндеттеме аласыз! Мұны әрдайым есте сақтау керек.

Сонымен, барлық жағымды және жағымсыз жақтарын өлшеп, қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалап, сіз бәрібір кредит немесе микроқарыз алуға шешім қабылдадыңыз. Сіздің барлық әрекеттеріңіз бірден сіздің кредиттік досьеңізде, яғни сіздің кредиттік тарихыңызда көрсетіледі. Онда қарыз алушы ретінде сіз туралы барлық ақпарат көрсетіледі: қашан және неше сомаға кредит ресімдедіңіз, төлем уақтылы жүргізілді ме немесе кешіктірілді ме, басқа банктерге кредит алуға өтініштер болды ма және т.б. Айтпақшы, кредит беруден бас тарту себебінің ең көп тараған түрі - кредит тарихында көрсетілетін кредиттер бойынша төлем мерзімінің кешіктірілуі. Мәлімет үшін, егер сізде төленбеген айыппұлдар мен басқа да берешектер болса, кредит берілмеуі мүмкін.

Егер сіз ешқашан кредит алмаған болсаңыз, онда сіздің кредиттік тарихыңызда тиісті жазбалар болмайды.

Қарызды ресімдеу кезінде банк кредиттік бюродан әлеуетті клиент туралы деректерді сұрайды. Қазақстанда олардың екеуі бар: Мемлекеттік кредиттік бюро және Бірінші кредиттік бюро. Кез келген банк, мысалы, берілген қаражаттың қайтарылуына сенімді болғысы келеді және сенімді қарыз алушыларға ғана кредит береді. Сондықтан да сіздің кредиттік  тарихыңызға қарайды.

Біздің елдің кез келген азаматы жеке есеп беруді сұрай алады. Мұны кредит бюросына, тұрғылықты жері бойынша ХҚО-ға хабарласу арқылы немесе электрондық үкімет - egov.kz сайтына өтінім толтыру арқылы жасауға болады. Бір жыл ішінде қазақстандықтар кредиттік есепті ақысыз ала алады. Егер сіз сол жылы қайта жүгінген болсаңыз, онда сіз бұл қызмет үшін аз мөлшерде ақы төлеуіңіз керек.

Неліктен кредиттік тарихтың жақсы болуы қажет екендігін, сондай-ақ кредиттік жауапкершілікті арттырудың және қарыздар бойынша төлемдерді уақтылы төлеудің маңыздылығын енді түсінетін боласыз. Fingramota.kz-мен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге