Әсіресе жаңа технологиялар ғасырында, мессенджер немесе әлеуметтік желідегі суреті қойылмаған аватардың арғы жағынан бұл алаяқтық әрекетті кімнің ұйымдастырғанын тексеру қиын. Сондықтан, қастандық ойлаушылардың тұзағына түсіп қалмау үшін қаржылық пирамиданың басты белгілерін білген дұрыс.
Қазақстанда қаржылық пирамиданы құрып, жүргізген жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бір ғана өткен жылдың өзінде бүкіл республикамызда ҚР ҚК 217-ші «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару» бабы бойынша кемінде 14 қылмыстық іс қозғалды.
Зардап шеккендердің санын елестетудің өзі қиын! Кей азаматтар қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыларға соңғы ақшаларын берсе, енді біреулері пәтерлері мен үйлерін сатқан. Қаржылық пирамидаға қатысушылардың барлығы көп ұзамай салған ақшамызды қайтарып аламыз, сондай-ақ жоғары пайызға да ие боламыз деп шын көңілден сенеді. Алайда пирамиданы ұйымдастырушылар дәстүрге сай барлық ақшаны жымқырып, із-түзсіз жоғалып отырады.
Мысалы, қазір Алматыда зергерлік бұйымдарды сатумен айналысқан-мыс қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыларға қатысты тергеу ісі жүріп жатыр. Іс жүзінде алаяқтар клиенттерге алтын және күміс әшекейлерге сыйлық сертификатын сатып, алдағы уақытта ақшаларын қайтарып беретіндеріне сендірген (cash back). Бұл сертификаттар қожайынына алынған сертификат сомасы мен пирамидаға тартқан адамдар санына сәйкес жылына 520 %-ға дейінгі кіріс әкеледі деп сендірілген.
Сонымен қатар, ломбардтың атын жамылған қаржылық пирамидаларға қатысты да тергеулер жүргізіліп жатыр. Алдын ала деректер бойынша, осындай пирамидалардың бірінің негізін қалаушы-жалған ломбардшылар оған 37 миллиард теңгеден астам салым салған 50 мыңнан аса адамды тартқан. Қаржылық пирамидалар тұтас республика бойынша клиенттерден автомобильдер мен жылжымайтын мүлікті нарықтағы бағадан 20 % қымбатқа бөліп төлеуге сатып алып отырған. Алғашқы бірнеше айда адамдар ақшаларын алған, бірақ артынша төлем жасау тоқтаған. Қаржылық пирамидалар сонымен қатар 2-3 ай мерзімге ай сайын 30-40% ақшалай салымдарды да қабылдаған. Қаржылық пирамидаға қатысушылар белсенді түрде достары мен таныстарын шақырып, ұйымдастырушыларға өз ақшаларын беріп отырған. Себебі, кез келген қаржылық пирамиданың мәні оның қатысушыларын байыту тікелей жаңа қатысушылардың салымы есебінен жүретінінде жатыр.
Тәжірибеге сүйенсек, қаржылық пирамиданы кез келген қызмет саласынан кездестіруге болады. Азаматтардың көбі Форекс әлемдік валюта нарығына немесе криптовалютаға салынатын салымнан болатын жоғары кіріс жайлы жарнамаға сенеді. Шын мәнінде, алаяқтарда ешқандай да «Форекс» жоқ, қаржылық пирамиданы құрушылар ешқандай акцияны және тағы басқа құнды қағаздарды сатып алмайды, салымшылардың ақшаларын ешқайда инвестицияламайды, жай ғана ұрлап әкетеді. Жаңа қатысушылар ағыны тоқтай салысымен, пирамида құлайды.
Бірінші кезекте не нәрсеге сақтықпен қарау керек?
Сізге ақшаңызды салғалы отырған ұйымның, бірінші кезекте, ақшалай қаражатты тартатын қызметті жүргізуіне рұқсат ететін лицензиясының жоқтығы күмән тудыруы тиіс. Қазақстанда мұндай лицензияны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі береді. Мұндай ақпарат жария болып саналады және оны тексеру қиын емес – ол қаржылық реттеушінің сайтында жарияланады. Сондай-ақ біздің елімізде салым тартуға екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ құқылы.
Әлемдік тәжірибеде қаржылық пирамидалардың тағы бірнеше белгілері бар. Бұл, бірінші кезекте, нарықтағы деңгейден бірнеше есе асып түсетін жоғары кірісті ұсыну; жаңа қатысушыларға бұған дейін ақша салған қатысушылардың есебінен төлем жасау; өзіндік басты қаражаттың, басқа да бағалы активтердің болмауы; ұйымның жұмысына қатысты нақты анықтаманың жоқтығы және тағы басқалар.
Егер сіз сенім артқалы отырған ұйымда осы белгілер кездессе, өзіңізді қаржылық пирамидаға тартқалы отырған жоқ па деп ойланған абзал.
Қаржылық пирамидалар көбінесе қаржыны интернет-сайттар мен әлеуметтік желілер арқыты тартады. Сондықтан да қаржылық пирамидаға қатысушылардың әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі клиенттерді сендіруге бағытталған пікірлеріне сенудің керегі жоқ. Әдетте, мұндай пирамидаларды ұйымдастырушыларды ұстау қиын, олар ұзақ уақыт бойы жасырын болып қалады. Бұл ақша ағынын бақылауда ұстауды анағұрлым қиындата түседі, ал ақшаны қайтару мүлде мүмкін емес болады.
Нені білген дұрыс?
- Әрдайым ұйымның Қазақстан Республикасының аумағында қаржылық қызметті жүргізуге және ақшалай қаражатты тарту бойынша жұмыс жасауға лицензиясының бар екенін тексеріңіз. Егер ұйым шетелде тіркелген болса – бұл оған сенуге болады деген сөз емес. Компания жайлы, оның басшылары, жобалары туралы көбірек анықтама жүргізіңіз. Компанияның іскерлік беделін экономикалық және қаржылық жаңалықтарды жариялайтын атақты БАҚ басылымдарынан тексерсеңіздер болады. Әлеуметтік желілерден компанияның өзі ұсынған емес, тәуелсіз пікірлерді іздеп көріңіз.
- Аса жоғары пайыз, күн сайынғы кіріс және әр ертіп келген адам үшін бонус ұсынса, сеніп қалмаңыз. Бұл нағыз қаржылық пирамиданың белгісі.
- Сізге пайда көретініңізге кепілдік берді ме? Осының өзі үрейлі дабыл, бұл сізді күмәнді жобаға тартқалы жатыр деген сөз.
- Қаржылық пирамидалар барынша көп клиент жинау үшін агрессивті жарнама кампанияларын жүргізеді.
- Ақшаңызды криптовалютаға айырбастауға келісім бермеуге тырысыңыздар.
- Есіңізде болсын, кез келген ақша аударымы құжаттай расталуы тиіс — шартпен, қаржыны алу туралы қолхатпен немесе кассалық кіріс ордерімен.
- Көп жағдайда қаржылық пирамидалардың реквизиттері, толық байланыс деректері (кеңсесінің мекенжайы, тұрақты телефон) болмайды.
Сондықтан, кез келген қаржылық операция кезінде сақ болыңыздар! ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінен қай уақытта болмасын тегін кеңес ала аласыздар. Мысалы, «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы (App Store және Play Market дүкендерінен жүктеп алуға болады) немесе +7 (272) 327 1000 шұғыл желі телефоны бойынша.
Проблемалы несиелер: банк және микроқаржы омбудсмендеріне жүгініңіз
Цифрлық алаяқтық дегеніміз не және одан қалай сақтануға болады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Жеке қауіпсіздігіңіз – өз қолыңызда!
Зейнетақы аннуитеті: ол қалай жұмыс істейді