Асан мен Үсеннің бастан кешкендері немесе ақша туралы хикая 2 тарау

time 26.10.2023
aye

Таңертең Асан мен Үсен ас үйдегі қабырғадан мұқабасында өздерінің отбасының суреті салынған, бір жылдық аудармалы күнпарақты көрді.

Үй іші түгел дастарқан басына жайғасқан. Анасы шай құйып отыр. Әкесі нанға май жақты, ал әпкесі тәрелкелерге ботқа салды.

– Қандай ерекше күнтізбе! – Үсен қыркүйек айының парағындағы ағасы екеуінің суретіне зер сала қарап, ойлана тіл қатты.

– Ол шынымен де ерекше. Әкең оны біздің отбасымыз үшін баспаханаға арнайы тапсырыс беріп жасатты, – деп түсіндірді анасы. – Ол отбасылық бюджетті жүргізуге арналған. Күн сайын оған кірісіміз бен шығынымызды, яғни қанша ақша алып, қанша жұмсағанымызды жазып отырамыз. Бұған сендер де қатысасыңдар, өйткені қазір екеуіңнің де қалтапұлың бар.

Асан таңырқай қарап:

– Ол не үшін керек? – деп сұрады.

– Бұл бізге отбасылық бюджетті бақылап отыруға көмектеседі, сонда біз қажетімізден артық жұмсамаймыз, ақшаны қайда құртқанымызды түсінеміз және сәйкесінше, үнемдеуді үйренеміз.

– Сонда шынымен де бюджетті қадағалап отыру керек пе? – Асан одан бетер таң қалды. – Ең бастысы, ақша жеткілікті болса болды емес пе.

– Сенің кешегі ойланбастан сауда жасауыңа қарағанда, иә, «керек», – деп анасы ұлының есіне салды.

Асан күрсінді. Кеше ол шынымен де ойланбай әрекет етті – түкке керегі жоқ нәрселерді сатып алды емес пе. Ол аздай қаламын үйде ұмытып кеткені бар, оны ағасынан кәмпитке айырбастап алуға тура келді, енді оған 30 теңге қарыз.

– Ақша аспаннан салбырап түспейді. Анаң екеуміз жұмысымызда ай сайын жалақы аламыз, ал әжең зейнетақы алады – бұл біздің тұрақты табысымыз. Ал кейде жақсы еңбек еткеніміз үшін сыйақы береді, жазда саяжайдағы алманы саттық – бұл да қосымша табыс. Сондықтан ай сайын біздің қолымызда белгілі бір сома болады, одан артық ақша жұмсай алмаймыз.

Әкесі балалардың алдына үстелге ақша қойды – әрқайсысына 500 теңге. Сосын ұлдарына қарап:

– Бұл сендердің күнделікті шығындарыңа арналған қалтапұл. Біз екеуің үшін бір айға кем дегенде 11 000 теңге бөлуге тиіспіз деп шештік, – деді.

Асан үнсіз 30 теңгені санап, Үсеннің ақшасына қосты.

– Бүгін сейсенбі. Тиісті бағанға әрқайсың өз кірісіңді жазып қой – бұл 500 теңге, – деп кеңес берді әкесі, – және өздеріңе міндетті түрде алуға тиіс заттардың сомасын да жазыңдар.

– Маған қосалқы қалам сатып алу керек. Бұл 150 теңге, – деді Асан бірден.

– Тамақты ұмытпаңдар! – деп еске салды анасы.

Асан алған ақшасынан бұл соманы да шегерді.

Сонымен, кешке қарай оның 170 теңгесі қалуы керек еді. Ал кешегі

ақшасын ысырап етпеген Үсенде буфеттің ақшасын шегергенде 380 теңге қалады.

Әкесі кіріс бағанына 400 000 теңге мен 250 000 теңгені жазып, қосу белгісін қойды да, балаларға түсіндірді:

– Бұл біздің табысымыз – анаң мен менің жалақым.

– Түһ, шіркін! Қаншама ақша! – Асан мәз болды. – Талай нәрсе сатып алуға болады екен! Мен тіпті не алу керектігін де білемін! Үсен екеумізге жаңа планшет керек.

Әкесі мырс етті:

– Балам, бұл сомадан міндетті шығындарды – пәтер ақысын және коммуналдық қызметтер, үй интернеті, ұялы байланыс, көлік шығындарын – жол жүру билеттері мен көлікке қажет бензин ақысын алып тастағаннан кейін ғана бұл жайында ойланамыз...

– Азық-түлік және балалар қатысатын үйірмелер мен секциялардың ақысына қажетті соманы қалдыруды ұмытпа.

– Онымен қоса саябаққа, театрға баруға, және де жаңа кітаптар алуға ақша қалдыру керек.

– Осы айда маған жаңадан күзгі аяқ киім алуды жоспарлаған едік, – деп еске салды әпкесі.

– Ал маған жаттығуға жаңа шалбар керек! – Асанның есіне енді түсті. – Өзімдікін өткенде жыртып алдым.

– Бұл күтпеген шығындар. Өткен айда ваннадағы шүмек сынып қалды. Қайта ақша қалдырып қойғанымыз жақсы болды, – деп анасы сөзге араласты.

Асанның қуанышы сап тиылды – ақша көз алдында азайып барады.

– Жаңа планшет көзден бал-бұл ұшты десеңізші, – деді ол мұңайып.

– Осы айда, иә, ол рас, – деп келісті әкесі. – Әйткенмен Үсен екеуің бізге көмектессеңдер, бүкіл отбасы болып бірнеше айдың ішінде қажетті соманы жинай аламыз.

Ұлдардың жүзі жадырап сала берді.

– Бұл үшін не істеуіміз керек? – деді екеуі бірдей.

– Ақшаны босқа жұмсамау керек! – деп күлімсіреді анасы. – Мысалы, гамбургер мен қытырлақ картоптан үнемдеңдер. Егер тамақты үйде жесеңдер, заттарыңды күтіп ұстасаңдар, ол бізге үлкен көмек.

Асан қысылғаннан күрсінді, ата-анасы жаттығуға киетін шалбарын өткен айда ғана сатып әперген. Оны ұзақ киемін ғой деп еді, бірақ оның дуалдағы шегеге ілініп, жыртыла қалатынын кім білген.

– Су мен электр қуатын үнемдеу керек. Айтпақшы, бүгін ваннада жарықты сөндіруді ұмытқан кім? – Әпкесі де ескерту жасап үлгерді.

– Біз үнемделген ақшаны отбасымыздың қорына жинаймыз. Бірнеше айдан кейін, егер бәрі дұрыс болса, қажетті сома жинақталады. Бүгін кешкісін қолымыз тиген кезде сендермен бірге планшет үлгісін таңдап, қанша тұратынын анықтаймыз.

Әңгіменің соңында әкесі ұлдардың әрқайсысына бір-бір жинақ сандықшасын берді: Асанға – қызыл, Үсенге – жасылы бұйырды.

Мектепке барар жолда балалар қалай және нені үнемдеуге болатынын ақылдасты.

Кешке қарай Асан өзі жоспарлағандай, тура 170 теңгені сандықшасына салды. Ол өзіне риза болып қалды – бірде-бір теңгесін ысырап етпеді ғой. Ал Үсен 480 теңге салды.

– Бұл қалай болғаны? Сен таңғы астан үнемдеген жоқсың ба? – Анасы қабағын түйді.

Үсен:

– Үйден алма мен бутерброд алып шықтым, буфеттен тек 50 теңгеге шай сатып алдым, – деп жай-жапсарын түсіндірді.

– Бұлай істеуге де болады екен, ә? – Асан желкесін қасыды. Бауыры бұл жолы да алғырлығын танытты.


Жас қаржыгердің қойын дәптері

Бюджет – ағылшын тілінен аударғанда «ақшалы сөмке» дегенді білдіреді, бірақ біз бұл сөзді белгілі бір уақыт кезеңіндегі ақшалай кірістер мен шығындарды есепке алатын жоспар деп білеміз.

Отбасының табысы – бұл отбасы бюджетіне жан-жақтан түсетін қаражат.

Отбасы шығындары – бұл отбасы мүшелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға жұмсалатын ақшалай шығындар.

Қалтапұл – ата-ананың балаға ұсақ-түйекке жұмсау үшін беретін нақты сомасы.

______

 Пайдалы ақпарат жинағы 

Мәселе туғызбауға көмектесетін бірнеше кеңес 

Бейтаныс адамдарға ақшам бар деп мақтанба.

Ата-анаң берген ақшаның барлығын бірден жұмсама. Мысалы, жол жүру картасын жоғалтып алған жағдайда жолақы төлеу немесе жеңіл-желпі тамақтану үшін әрқашан сенде біраз ақша болуы керек.

Мектептегі түскі астан ақша үнемдеме, денсаулық бәрінен қымбат.

Мектепке аздаған ақша апарған дұрыс.

Сырт киімнің немесе рюкзактың қалтасына ақша салма.

Егер көшеде біреу қорқытып, ақша талап етсе, бер. Басың аман болғаны маңызды.

______

Балалардың «Алтын монета» ойын бөлмесі Комикс-сабақ

«Отбасылық бюджетті қалай үнемдеуге болады?» 

Отбасы бюджетін үнемдеудің негізгі ережесі – алғаныңнан аз жұмсау.

Ақшаны үнемдеу әдістері:

1. ...кіріс пен шығыс деңгейін бақылау;

2. ...тұрақты және мерзімді шығынды жоспарлау;

3. ...тауарлар мен қызметтерді таңдағанда балама нұсқа іздеу.

4. Ақшаны не нәрсеге жұмсайтыныңды алдын ала білсең, бәрін нақты есептеп, көлемді шығынды қажет ететін зат сатып алуды жоспарлай аласың.



white-arrow Тізімге