Отбасылық альбомды парақтай отырып, Ирма Тілегенқызы балалық шағында өзінің соншалықты тынымсыз, тентек болғанын есіне алды.
– Бала кезімде үйдің төбесіне шығып, ағаштың бұтақтарына өрмелеуші едім, бүкіл аула болып неше түрлі ойын ойнайтынбыз. Қыста баллонмен сырғанаймыз. Неткен қызықты кез еді, шіркін. Ал қазір мен ондай ерлік жасауға батылым бармас еді...
Осы сәтте Асан жұлып алғандай:
– Әке, жотадан баллонмен сырғанау маусымын қашан бастаймыз? – деді.
Қысты жақсы көретін Асан оның келуін асыға күтеді. Ол бауырына қарағанда шаңғымен, конькимен, шанамен сырғанағанды ұнататын.
– Еске салғаныңа рахмет, балам, – деп Ирма Тілегенқызы екі қолын сарт еткізді де күйеуіне бұрылды, – Жарқын, біз балаларды сақтандыру полисін рәсімдеуді сонау жазда жоспарлаған едік қой.
Ұлдар бір-біріне таңдана жалт қарады:
– Бізді сақтандырудың керегі не? Сақтандыру деген не өзі?
Жарқын Арманұлы түсіндіре бастады:
– Бұл сақтандыру компаниясымен арнайы келісім. Ол адамдарды және олардың мүлкін түрлі қауіп-қатерден қорғайды. Соның ішінде балаларды да жарақаттан, белгілі бір аурулардан, тіпті жануарлардың, жыландар мен жәндіктердің шағуынан сақтандыруға болады.
Бұған аң-таң болған Асан енді:
– Сонда шыбын-шіркейден де сақтандыруға бола ма? Сақтандыру компаниясымен келісім жасайсың, ол сені қансорғыштардан қориды, тамаша емес пе! – деп мәз болды.
– Біздің шыбын-шіркейлер ештеңе емес қой, ал кейбір елдерде жергілікті масалар тарататын өте қауіпті ауру – безгектен шынымен де сақтандыруға болады. Безгекті емдеу қиын әрі қымбат.
– Егер экстримге әуесқойлардың біреуі күтпеген жерден
төтенше жағдайға тап болса, сақтандыру полисіміздің көмегі тиер еді, – деп анасы ұлы мен күйеуіне зер сала қарады.
Жарқын Арманұлы мына сөзді естімегендей кейіп танытты, ал Асан күмілжіп қалды.
– Иә, оныңыз рас.
Өткен жылы қыста әкесі екеуі жотада сырғанақ теуіп жүргенде, оны қайдан заулап шыққаны белгісіз бір шаңғышы қағып кеткен. Соның кесірінен сол қолы сынды. Оң қолы сау болғандықтан оны ешкім мектептен босатқан жоқ: үй тапсырмасын орындап, сабақта жауап беруге тура келді.
– Мен енді абай боламын, – деп уәде берді Асан.
Анасы басын шайқады:
– Ұлым, болған оқиғаға сен де, әкең де кінәлі емессіңдер.
Барлығын алдын ала болжау мүмкін емес қой, сондықтан сақтанып жүрген жөн, әрі ақша жинап қойған дұрыс.
– Сонда не, сақтандырудың шынымен пайдасы бар ма? – Үсеннің көбірек білгісі келіп барады. – Банкте немесе сақтандыру компаниясында жатқан ақша жарақат пен аурудан қалай қорғайды?
Анасы жайлап түсіндірді:
– Егер келісім-шартта алдын ала белгіленген жағдайға ұшырап қалсаң, мысалы, қолың сынса, сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді – бұл емделуге арналған ақша немесе түрлі қызметті алу мүмкіндігі. Айтпақшы, сақтандыру төлемі сақтандыру жарнасынан әлдеқайда көбірек.
– Бізде медицина тегін емес пе! – деп саңқ етті Асан.
– Иә, рас. Саған балалар ауруханасында тегін көмек берді.
Бірақ оңалту үшін ақша төледік, – деп еске салды анасы, – ол аз ақша емес!
– Балаларды кез келген жаста сақтандыруға болады және
нақты мақсатты ескере отырып, өзіміз белгілеген мерзімге келісім жасай аламыз, – әкесі телефонындағы қойын дәптерді ашып, ұлдарына қарады. – Сонымен сақтандыруды рәсімдейміз бе, жоқ па? Сақтандырудың бірнеше түрі бар: «Өмірді және денсаулықты сақтандыру» және «Жинақтаушы сақтандыру». Соңғысы нақты мақсатпен рәсімделеді, оның ішінде белгілі бір жасқа жеткенге дейін жинақтауға болады – сақтандырудың бұл түрі банктегі депозитке ұқсас. Бұл ұзақ мерзімді инвестиция. Шотқа тұрақты түрде қанша ақша салу керектігін сақтандыру компаниясы есептеп береді. Сақтандыру оқиғасы орын алған жағдайда, мысалы, біреу жарақат алса немесе ауырса, сақтандыру компаниясы шарттың талаптарына сәйкес соманы төлейді. Ал егер анаң екеуміз дәлелді себептермен жарна төлей алмасақ, сақтандыру компаниясы бұл мәселені шешуге көмектеседі.
Ұлдар ойланып қалды.
– «Сақтансаң сақтаймын» деген ғой, – деп Асан өз ойын айтты. – Жағдай қалай болатынын кім біледі.
– Керемет шешім! – Әкесі риза болып қалды.
Үсеннің сұрағы таусылар емес:
– Егер ешқандай оқиғаға ұшырамасақ ше? Ақшаны алмаймыз ба?
Жарқын Арманұлы ұлының аптығын басты:
– Сақтандыру оқиғасы болмаса, бұған дейін салынған ақша сақтандыру компаниясында қалады. Бірақ олар дивидендпен бірге келісім-шарт аяқталған соң төленеді. Ең бастысы, сенімді компания таңдау және барлық нюансты қамтитын шарт жасау керек.
Олар осы шешімге тоқтады.
* * *
Сақтандыру полисін екі ұлға да, тау шаңғысы спортын жақсы көретін Айша әпкелеріне де рәсімдеді.
Жас қаржыгердің қойын дәптері
Сақтандыру – адамдарды және олардың мүлкін ықтимал тәуекелдер мен қауіп-қатерден қорғайтын, сақтандыру компаниясымен жасалған арнайы шарт. Сақтандыру оқиғасы болмаған жағдайда бұрын салынған ақша сақтандыру компаниясында қалады. Сақтандыру төлемі әдетте сақтандыру жарнасынан анағұрлым көп болады.
Қазақша «сақтандыру» деген сөз «сақтау» дегеннен шыққан. Орыс тілінде «страхование» сөзінің шығу тегі «қорқыныш» деген түбір сөзге тіреледі. Ағылшынша insurance сөзі латынның securus – қауіпсіз деген сөзінен шыққан. Бастапқы мағынасында insurance дегенді тікелей «сенімділік» деп аударуға болады.
«Алтын монета» балалар ойын бөлмесі
Комикс-сабақ
Сақтандыру шартын қалай жасауға болады?
1. Сақтандыру компаниясымен келісім жасамас бұрын, ата-аналар шарттармен танысып, содан кейін ғана шешім қабылдағаны жөн.
2. Банкке немесе сақтандыру компаниясына қоңырау шалып, өтініш қалдыру керек. Сақтандыру туралы өтінімді толтырасыз.
3. Алғашқы жарнаны төлеу, содан кейін алдын ала келісілген соманы тұрақты түрде аудару.
4. Егер сақтандыру оқиғасы бола қалса, сақтандыру ұйымына қажетті бүкіл құжат тапсырылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде ақша төленуге тиіс.
Шытырман ойын
Сақтандырылған өмір
Бұл ерекше шытырман оқиғалы ойында барлық кедергілерді еңсеріп, мәреге бірінші жеткен адам жеңімпаз болады.
Бұл үшін саған фишкалар – тиындар және ермексаздан жасауға болатын ойын текшесі, ойын кезінде алынған «сақтандыру полистерін» жазуға арналған қалам мен қағаз қажет.
Ойын ережесі
Сары шеңбер түсті ме? Сенің жолың болды – болашақта қиын жағдайдан шығуға көмектесетін «сақтандыру полисің» бар.
Егер сұр түсті үшбұрышқа тап болсаң – демек, саған қауіп төніп тұр. Бірақ егер сенде ақшасы төленген қосымша сақтандыру полисі бар болса, қауіпті жерден қорықпай секіріп өтуге болады. Ал егер «сақтандыру полистері» таусылған болса, ойынды басынан бастауға тура келеді.
Ольга Гумирова,
Суретші Ирина Легостаева
Аударған Дина Имамбай
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!