Асан мен Үсеннің басынан кешкендері немесе ақша туралы хикая 8 тарау

time 8.12.2023
aye

Оқиға кешке қарай болды. Сабақ тап-тұйнақтай орындалған. Далада қар аралас жауын. Асан мен Үсенге істейтін ештеңе қалмады. Ұлдар сөйтіп интернетті шарлап шықпақ болды.      

– Әлде құлаққап сатып алсам ба екен? – Біраз уақыттан кейін Асанға осындай ой келді.      

– Әкем келесі аптада бізбен бірге компьютер дүкеніне барамыз деп айтты ғой.

– Бақандай бір апта күтіп отырудың қажеті не? Дүкендегіден әлдеқайда арзан әрі дәл қазір алуға болады екен. 

– Сен сонда әкеміз бен анамызға айтпай, бір өзің интернет-дүкеннен зат сатып алғың келе ме? – Үсен аң-таң.      

– Неге алмасқа! Оның үстіне мен қажетті соманы жинадым. Міне, дәл қазір менің  электронды поштама құлаққап сататын өте танымал компаниядан хат келді, оның сайтында үлкен жеңілдік жүріп жатқаны жөнінде ұсыныс бар. Оған қоса сілтеме де жіберіпті, интернеттен іздеп әуре болудың қажеті жоқ!

– Ал егер сайт жалған болса, хатты алаяқтар жіберсе ше? – Үсен күмәндана қарады. –  Ең болмаса біз сайттың шынымен осы компанияға тиесілі екенін тексеріп көрейік.    

Асан қолын бір сілтеді:

– Компанияның логотипі сайтта тұр.

Үсен әлі де сенер емес:

Бірақ оның түрі басқаша, ұқсамайтын сияқты! Әрі тауары аз, таңдау жоқ, фотосуреттері сапасыз екен. Сайтта пікірлер де жоқ. Сайтқа иелік ететін компанияның мекенжайы жазылмаған. Егер құлаққап ұнамай қалса немесе ақауы болса, оны да, ақшаңды да қайтара алмайсың!

– Есесіне бағасы қандай! Маған ұнап тұр! Ол аздай компаниядан бонустар мен сыйлық бермекші! Болды, мен аламын! – деді де Асан «Сатып алу» батырмасын басып жіберді.   

Сол сәтте-ақ телефон шыр етті. Сатушы жағымды да еліктірер  дауыспен сәлемдесіп, сауданы аяқтауға көмектеспек болды.   

Асан өз есімін атап, алғысын білдірді.  

Сатушы баланың банк шоты байланған Жарқын Арманұлының картасы мен жеке деректері туралы толық ақпаратты беруді талап етті. Оған қоса аударымды растау кодын және картаның PIN-кодын айтуды сұрады.    

– Әкем бұл ақпаратты ешкімге бермеу керектігін ескертті емес пе! – Үсен шыр-пыр болды. – Интернет-дүкен қызметкерлеріне де, банк қызметкерлеріне де бұл деректер қажет емес. Банктегілер онсыз да бүкіл ақпаратты біледі, ал интернет-дүкенде төлем жасау үшін ол  мүлде қажет емес.

Жап-жаңа құлаққапты армандаймын деп Асан қырағылықты мүлде ұмытып, сатушының сөзіне ерді. Ол бейтаныс адамның барлық өтінішін орындауға дайын еді, бірақ осы сәтте бөлмеге әкесі кіріп келді.    

– Мұнда не болып жатыр? – деді ол түсін суыта. – Банктен сен өте қымбат нәрсе алмақшы деген хабарлама келді. Мен дереу шотты  бұғаттадым.  

– Үлкен сомаға дей ме? Бұл сайттағы фирмалық құлаққаптар дүкендегіден үш есе арзан.

Әкесі басын шайқады:           

– Ал сұраныс мүлде басқа сомамен келді. Есіңде болсын, «арзанның жілігі татымайды». Мен сендерге онлайн сауда жасағанда мұқият болу керектігін ескерткен едім ғой! Ең дұрысы, менімен немесе анаңмен бірге алыңдар. Сендердің карталарың менің шотыма байланған. Сен өз ақшаңды ғана емес, менікін де ұрлатасың.

Асан монитор экранына қарады: сайт қатып қалды, жағымды дауысты сатушы үнсіз, содан кейін экран да сөнді. Антивирус бағдарламасы бұл интернет-ресурсты бұғаттады деген хабарлама пайда болды.  

Бала күрсінді.  

– Үсен маған ескерткен, бірақ менің жап-жаңа фирмалық құлаққапты алғым келгені сонша...     

Біз оны міндетті түрде сатып аламыз, – деп жұбатты әкесі. –  Әйтеуір алаяқтар банк шотын бұза алмады. Бұл оқиға болашақта қайталанбауы үшін бәріміз бірге Интернетті пайдалану ережелерінің тізімін жасаймыз және интернет-дүкендерде қауіпсіз сауда жасап, ақшаңнан айырылмау туралы нұсқаулық дайындаймыз.

Пайдалы ақпарат жинағы  

Интернетте ешкімге толық аты-жөніңді, мекенжайыңды,  тұрғылықты және орналасқан жеріңді, телефон нөмірің мен басқа ақпаратты айтпа. 

Көптеген веб-сайттар пайдаланушының аты мен құпия сөзді талап етеді. Бұл ақпаратты ешкімге, тіпті достарыңа беруге болмайды. Құпия сөзді жиі-жиі өзгертіп отыру керек. 

Интернетте жалған хабарландыру беретін жарнамалық бағдарламалар көп. Сыйлық ойнату ойынына тіркелмеген жөн,  және де тегін өнімдерге айырбас ретінде жеке ақпаратты беруге болмайды, себебі ақшаңнан айырылып қалуың мүмкін. 

Бейтаныс пайдаланушыдан келген файлдарды жүктеп алма.

Антивирус орнатып қой. Ол компьютерге кездейсоқ жүктелген күдікті бағдарламаларды бұғаттап тастайды.

«Алтын монета» балалар ойын бөлмесі 

Комикс-сабақ

Сатып алу керек пе, жоқ па?   

Интернетте қалайша қауіпсіз сауда жасауға болады? Алаяқтардан сақтану және ақшаңнан айырылмау үшін:

1. ...онлайн зат сатып аларда ата-анаңнан рұқсат сұра.

2. ...сатушы мен өнім туралы көбірек білуге тырыс. Егер интернет-дүкен жақында пайда болса, сатушы банк картасының мәліметтерін, оның ішінде құпия код пен жеке ақпаратты сұрайды,  және де бағасы күмән туғызса, оны алудан бас тартқан дұрыс.

3. ...төлемді тек сенімді антивирус қорғайтын, дербес  электронды құрылғыдан жасау керек.     

4. ...банк картасының деректерін бейтаныс адамдарға берме және push-хабарламалар мен SMS кодтарын айтпа.

white-arrow Тізімге