Асан мен Үсеннің басынан кешкендері немесе ақша туралы хикая 3 тарау

time 3.11.2023
aye


Таңертеңгі шай үстінде анасы балаларынан нені армандайтынын сұрады.

– Маған, дәлірек айтсам, менің балықтарыма кеңірек аквариум керек, – деп Үсен өзінің қалауын айтты. – Ескісі тым кішкентай.

– Ал маған жаңа велосипед пен құлаққап, коллекциялық машина керек. Одан кейін Мэджил Миксис сиқырлы қазанын, Үсенмен сөйлесу үшін балалар рациясын алғым келеді! – деді Асан үстемелетіп.

– Осыншама нәрсені бірден алғың келе ме? – Анасы бұған таңғалып, өз ұсынысын айтты. – Санамалап шыққан заттардың ішінде қайсысы саған маңыздырақ?


Асан сәл ойланып тұрып:

– Велосипед! – деді. – Бұрынғым жиі бұзылатын болды.

– Армандау оңай ғой, бірақ арманды шындыққа айналдыру үшін екеуің не істедіңдер? – Сөзге араласқан әпкесі інілеріне сынай қарады. – Тек ертегіде ғана сиқырлы таяқшаның бір сермегенімен армандар орындалады. Ата-анамызда ондай таяқша жоқ.

Айша ұлдардан жеті жас үлкен болатын. Ата-анасы оны үнемі бұларға үлгі қылады. Өйтетін себебі де бар – оқу үздігі, дизайн мектебінде оқиды, қолөнермен айналысады және өзі жасаған бұйымдарын жәрмеңкелерде сатып жүр.

– Мен, мысалы, өзімнің эскизіммен, басқа ешкімде жоқ көйлек тігуді көптен армандадым, оны тігетін матаға ақша жинадым. Міне ертең анам екеуміз ол матаны пішіп, тігуді бастаймын.

Асанның қайран қалғаны сонша, жеп отырған печеньесін қоя салды:

– Сен маған велосипедті өзің құрастыр деп тұрсың ба? Бұл Лего конструкторы емес қой!

– Асандыкі дұрыс, – деп әңгімеге араласты әкесі. – Олар есейген соң, егер өздері қаласа, бәріміз бірге көлік құрастыруға кірісеміз. Ал қазір басқа жолын табайық. Меніңше, балалар велосипед пен аквариумді өздері-ақ сатып алады.

– Сатып аламыз? Өзіміз? Қалайша? – деді Асан бауыры екеуі бірдей ішегін тартып. – Біз әлі баламыз ғой! Жұмыс істемейміз. Бізге ешкім жалақы төлемейді.

– Иә, расымен де біз велосипед пен аквариумға ақшаны қайдан аламыз? – деп інісі оны қолдай кетті.

Асан жұлып алғандай:

– Лотереяға қатысып, ұтып алсақ қайтеді! – деп мәселенің бір шешімін ұсынды.

Жоқ, ондайды атама! – Анасы қолын сермеді. – Лотереядан тек сол кәсіптің иесі ұтады. Басқалар ақшасын жоғалтқаннан басқа еш пайда таппайды.

– Ендеше, еш амал жоқ, – деп күрсінді Үсен.

– Түк те уайымдамаңдар! – деді әкесі ұлдарын жігерлендіріп. – Ең бастысы – алдыңа мақсат қойып, оған жетудің жүйелі жоспарын жасау.

– Бұл үшін не істеуіміз керек?

– Ең алдымен, бәрін мұқият ойластырып аласыңдар – сендерге осы заттар шынымен қажет пе? Анам екеуміз ылғи осылай істейміз. Содан кейін кірістер мен шығындарды есептеу керек. Сөйтіп, жинақ сандықшасын үнемі толықтырып отырудың жолын табуға тырысамыз.

Әкесі ұлдарының алдына айқыш-ұйқыш сызылған парақтар мен қаламдарды қойды.

– Біз сендермен бірге жеке қаржы жоспарын құрумен айналысамыз. Бұл бір қарағанда қиын көрінгенмен, тіпті де олай емес. Өз ақшаңды басқаруды үйренген жөн.

– Ендеше, бүгін қаржылық сауаттылықтың кезекті сабағын өтейік. Тиісті бағанға армандарыңды орындауға қажетті соманы жазыңдар, – деп кеңес берді анасы.

– Маған 16 мың теңге жинау керек. Өзіме ұнайтын велосипед үлгісі сонша тұрады, – деді Асан. – Мен тіпті қай дүкенде арзанырақ сататынын білемін.

– Аквариумның бағасы да шамамен сондай, – деп Үсен де тиісті бағанға қажетті соманы жазды.

– Ал енді кірісті анықтайық, – әкесі сөзін жалғастырды. – Анаң екеуміз сендерге күн сайын қалтапұл береміз. Бұл сендердің кірістерің. Оған қоса мерекелерде және достарыңмен серуендеуге ақша береміз. Қанеки, аптасына, айына, жарты жылда қанша болатынын есептеңдер...

Ұлдар санауға кірісті.

– Аз сома емес екен, – деді Асан.

– Ойланып көріңдерші, сендер осы ақшаны дұрыс жұмсайсыңдар ма?

Асан мен Үсеннің мойындауына тура келді:

– Әр кезде әрқилы. Міне бүгін тағы да болымсыз нәрсеге ақша құрттық.

– Оны үнемдегенде, жинақ сандықшаға салып қояр едіңдер, иә.

– Сонда, егер күн сайын 100 теңгеден қалса... – Асан қолына қаламды қайта алып, есептеп көрді:

– Сәуірге дейін велосипедтің қарасын көрмейтін сияқтымын. Соншама ақша жинау мүмкін емес.

– Маған да! – Үсен күрсінді.

– Дұрыстап санадыңдар ма? – деп сұрады әпкесі. – Меніңше, әлдебіреу шоколад кәмпитке, кола-сусын мен бургерлерге қатты қызығып, үйде түскі ас ішуден бас тартатын сияқты. Мысалы, фастфуд алуға айына қанша ақшаларың кетеді?

– Мәссаған! – Ақшаны қайта санап шыққан Асан өкініп қалды. – Гамбургер дегенің бізге қымбатқа түседі екен ғой!

– Иә, кола да солай, – деп оны Үсен қоштады.

– Ал енді біреуі үнемі заттарын – қаламын, дәптерін, киімін жоғалтып не бүлдіріп жүреді, – деп ескертті анасы. Оған әкесі қосылды:

– Бүгін сол бала сабаққа кетіп бара жатып, бөлмесіндегі жарықты өшіруді ұмытып кетті. Ол аздай, тісін жуған кезде жарты сағат бойы шүмектен су сарылдап тұрады.

– Ал біреудің телефонындағы мобильді интернет үшін жиі-жиі қосымша ақы төлеуге тура келеді. Өйткені тарифпен берілген гигабайтты бір айға жеткізбейді, – деді Айша бір інісін меңзеп.

– Егер сендер бізге отбасылық бюджетті үнемдеуге көмектессеңдер, онда армандаған заттарыңа жинайтын ақшаларың тез көбейеді деп уәде беремін! – деді әкесі осы кезде.

Асан мен Үсеннің көңілі көтеріліп сала берді.

– Тамаша, олай болса, біз дайынбыз!

* * *

Кешке қарай анасы екі ұлына екі сандықша сыйлады – қызылы Асанға, жасылы Үсенге тиді.

– Алғашқы салымды бүгін-ақ жасаймын, – деді Асан мақтанып. – 100 теңге. Бүгін қаламымды жоғалтқан жоқпын ғой, сол үшін оны сатып алудың қажеті болмады.

– Мен де 100 теңге үнемдедім, – деп Үсен де қалысар емес. – Шоколад жемесем де болады екен.

Монеталар сыңғырлап сандықшаға түсті.

– Құттықтаймын! – деп әкесі қос ұлға жадырай қарады. – Армандарыңды орындау үшін бар болғаны 15 900 теңге жинау керек!

Айша екі інісіне сыбыр етті:

– Жақында екеуіңнің туған күнің, туыстарыңнан сыйлықтың орнына ақша беруін өтінуге болады. Мен ылғи солай істеймін, содан соң ол ақшаға өзіме шынымен қажет әрі ұнайтын нәрсені сатып аламын.

– Міне, нағыз идея! – Балалар жымың етті.

_________

Жас қаржыгердің қойын дәптері 

Қаржы – латын тілінен аударғанда қолма-қол қаражат, табыс деген мағынаны білдіреді. Термин XIII-XV ғасырларда пайда болған.

Жеке бюджет – бұл белгілі бір кезеңге – айға, тоқсанға немесе бір жылға арналған кіріс пен шығындардың дербес жоспары.

Жеке қаржылық жоспар – бұл әркімнің жеке қаржылық мақсатына жету жоспары.

_________

Пайдалы ақпарат жинағы 

Үнемшіл болу – ақшаңның қайда жұмсалатынын білу. Өз ақшаңды басқаруды үйренудің бірнеше ережесі бар: 

Жеке бюджетіңді жоспарла және оны орында.

Жұмсаған ақшаңның есебін жүргіз.

Қарыз алма.

Жол жүру картасын пайдалан.

Ұялы байланыс пен интернет үшін тиімді тарифтік жоспарды таңда.

Алғашқы эмоциямен бірден сатып алуды қой. Яғни, ең алдымен бұл зат саған қажет пе, соны ойланып ал, бағасы тиімдісін ізде, содан кейін шешім қабылда.

Жинақ сандықшаңа белгілі бір соманы үнемі салып отыруды ережеге айналдыр.


white-arrow Тізімге