Тату-тәтті үш дос балмұздақ алуға дүкенге бірге барды. Әлиша шоколад, құлпынай, ваниль қосылған неше түрлі балмұздақтың қайсысы өзінің көңіл-күйіне сай келетінін ойланғанша ұлдардың сәл күтуіне тура келді. Ақыры ол ванильді таңдады, өйткені оның орамасы көйлегінің түсіне ұқсайды екен.
Мұрат балмұздақтың ақшасын төлейін деп қалтасына қолын сұғып еді, кенет купюраның орнына... бір уыс түрлі-түсті жылтыр бақалшық шыға келмесі бар ма!
– Каури, – көп білетін Ерке бірден таныды (теңіз ұлуының бақалшығы осылай аталады – ред.). «Теңіз және оны мекендеушілер» энциклопедиясы оның үстелінде жататын сүйікті кітабы.
Әйтсе де балалардың жолы болды, бүгін дүкендегі сатушы оның қожайыны Салтанат тәте емес, қызы Шолпан екен. Мұнда кірген бала-шағаның тауарды ұзақ таңдап тұратынын Салтанат тәте жақтырмайтын, сол себепті оларды тез шығарып жіберетін. Ал Шолпан болса, анасына қарағанда шыдамдылау. Ол университетте экономист мамандығында оқиды, жазғы демалыста анасына сауда жасауға көмектеседі.
– Сендер бақалшықтың орнына балмұздақ алғыларың келе ме? – деді ол жымиып.
Мұрат сасқалақтап қалды. Достарының, әсіресе Әлишаның алдында ыңғайсыз жағдайда қалғанына қатты қысылды.
– Бақалшықтар, әрине, әдемі, – Шолпан басын шайқады. – Бірақ бұл теңбе-тең айырбас емес.
Не істерін білмей тұрған досына болысқысы келген Ерке:
– Ертең төлесек бола ма? – деп өтінді.
– Алдымен ақша, сосын тауар...
– Шолпан, бәлки, саған менің шаш қыстырғышым ұнайтын шығар? Мен саған – шаш қыстырғыш, ал сен бізге – балмұздақ? – Әлиша әмиянынан өз қолымен жасаған бұйымды алып шықты.
Бір қызығы, Шолпан бұл ұсынысқа қуана келісті:
үш балмұздақты ұлдардың қолына ұстатты.
– Бұлай да болады екен, иә? – Ерке әлі аң-таң.
Шолпан басын изеді:
– Баяғы заманда, ақшаны әлі ойлап таппаған кезде, адамдар дәл осылай тауар айырбастаған.
Ерке мырс етті:
– Түһ, оларға сауда жасау оңай болмаған шығар! Көз алдыңа елестетші, Мұрат, саған мендегі астық қажет, ал маған сенің түйең керек...
Мұрат енді Шолпаннан:
– Ал егер астықтың құны түйенің құнынан төмен болса, мәміле жасалмай ма? – деп тәптіштеп сұрай бастады.
– Олар қалған ақшаны ...қоймен немесе құстармен қайтарған, – деп жымиды Шолпан.
Бұл жауапқа балалар мәз-мейрам.
- Өте ыңғайсыз ғой, –деп Әлиша басын шайқады.
- Міне, сондықтан адамдар ақшаны ойлап тапты! – Ерке дөп түсті.
– Бұл әркімнің өмірін жеңілдеткен адамзаттың ең үлкен жаңалығы, – деп қосты Шолпан. – Әуелгі кезде ақшаның рөлін әрбір қоғамдағы ерекше сұранысқа ие заттар – жабайы аңның, ірі қара малдың терісі, інжу-маржан, жаңағы каури бақалшықтары атқарды.
– Бірақ мұндай ақшаның ғұмыры қысқа, ол бүлінуі, сынуы немесе... қашып кетуі мүмкін! – деді Әлиша тақылдап.
- Ежелгі адамдар мұны білген және айырбас үшін алтын-күміс секілді асыл металдарды пайдаланған. Дәл осы металдар кейіннен жалпыға бірдей айырбас тауардың рөлін атқаруға көшті. Оларды оп-оңай құймаға айналдыруға, бөлікке бөлуге болады және төзімді. Ал ұсақ айырбас үшін мыс бұйымдары пайдаланылды.
- Керемет шешім! Бірақ адамдар бұл нұсқадан да неге бас тартты? –
Ерке қызығушылығын жасырмады.
Шолпан кассадан бір уыс ұсақ тиын алды:
- Саудагерлерге құйма салынған қаптарды өзімен алып жүру ыңғайсыз болды, әрі ауыр, әрі керуендерді аңдыған қарақшылар бар дегендей. Және де қалдық ақшаны қайтару үшін құймаларды кесектерге бөлу керек қой.
– Сөйтіп әлдекім құймаларды монетаға айналдыруды ойлап тапты, иә?
– Бұл адамның аты-жөні белгісіз. Ең алғашқы монеталар біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда Кіші Азияда, ежелгі Лидия патшалығында пайда болған деп есептеледі. Бұл өнертабыс бүкіл әлемге тез тарады. Ертеде қазіргі Қазақстан аумағында, мысалы, Отырар мен Талхизда да теңге соғылған.
– Ал мен музейден тоқаш нан сияқты тесігі бар тиындарды көрдім. Олар не үшін қажет? – деп сұрады Мұрат.
- Жоғалтып алмау үшін, - деп түсіндірді Шолпан. – Көпестер олардың тесігінен бау өткізіп байлады. Бірақ мұндай буда-буда тиындармен әлемді кезу көпестерге тым ыңғайсыз еді. Сөйтіп, Қытайда ақшаны қағазға басып шығаруды ойлап тапты. Тұңғыш купюра біздің дәуірімізге дейінгі VIII ғасырда пайда болды. Ал Еуропа мен Америкада тек ХVІІ ғасырдың аяғы – XVIII ғасырдың басында жасалды.
– Ал Қазақстанның өз банкноты қашан пайда болды? – деген Еркенің сұрағына Шолпан тағы да егжей-тегжейлі жауап берді.
– Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге 1993 жылы 15 қарашада айналысқа енгізілді. Қазақ ақшасының алғашқы партиясы Лондондағы зауытта басылды. Ал басылған ақшаны Қазақстанға жеткізу үшін төрт ИЛ-76 ұшағы қажет болды, олар қатаң құпия түрде Оралдан Лондонға және кері қарай 18 рейс жасаған. Алғашқы қазақ монеталары Германияда басылды. Тек кейін ғана біздің ақшамыз өз елімізде – банкноттар Қазақстан Ұлттық Банкінің Алматыда орналасқан Банкнот фабрикасында, ал монеталар Өскеменде орналасқан Қазақстан Теңге сарайында жасала бастады.
- Мен өзім жеке банк картасымен төлегенді ұнатамын, - деді Әлиша сызылып.
Мына сөзді естіген Ерке маңдайын бір ұрды:
- Қап, ұмытқаным-ай! Менде банк картасы бар еді ғой!
Мұраттың да есіне енді түсті:
– Ал менің телефонымда банк қосымшасы орнатылған.
Дәл осы сәтте Мұраттың телефоны көңілдене сыңғыр етті. Бала хабарламаны ашты.
– Менің есепшотым екі мың теңгеге толықты, – деп ол тағы да айран-асыр болды. - Балмұздақтың ақысын төлей аламын.
Бұны естіген Шолпан енді Әлишаға шаш қыстырғышын қайтарып бермек болып еді, бірақ қыз оны алудан бас тартты:
– Шолпан, мен оны саған сыйлаймын. Сенің ақша тарихы туралы әңгімең өте қызықты болды, біз көп нәрсе білдік.
Балалар дүкеннен шыққан соң Ерке досының құлағына сыбыр етті:
- Каури бақалшығы жоқ болып кетпеп пе?
Мұрат қалтасына қолын сұғып:
– Жоқ, орнында, - деп сыбырлай жауап берді. – Оларға кішкене металл құйма қосылды, қателеспесем мыс секілді. Сосын бір монета, қағаз купюра және банк картасына ұқсайтын картон зат... Бұлар қайдан шықты, білмеймін...
- Ғажайыптар жалғасуда! – деді Ерке жымыңдап. – Ендеше, жаңа шытырман оқиғаларды күтеміз!
_____
Ақша – заттардың құнын көрсететін, басқа заттарға айырбастауға болатын металл немесе қағаз түріндегі таңбалар мен бірліктер.
Бартер – ақшаны пайдаланбай, бір затты басқа затқа тікелей айырбас жасау.
Монета – ақшаның бір түрі, металл ақша белгісі.
Аверс – банкноттың немесе монетаның алдыңғы, беткі жағы.
Реверс – банкноттың немесе монетаның сырт жағы.
Гурт – монетаның жиегі, оның бүйіріндегі қыры.
Аңыз – монеталардағы жазулар.
Купюра – құндылығы белгіленген қағаз ақша.
Банкнот – орталық банк шығаратын қағаз ақша.
Электронды ақша – тауарларды немесе қызметтерді онлайн төлеуге болатын қаражат (қолма-қол емес).
______
Сіз білесіз бе...
...мүйізді ірі қара мал – ең көне ақшаның бір түрі. Африканың кейбір аудандарында ол ХХ ғасырдың ортасына дейін ақша орнына қолданылған.
...бағзы замандағы әр елдегі ақшаның түрлері: жануарлардың терісі, темекі, кептірілген балық, күріш, жүгері дәндері, каури бақалшығы, какао бұршақтары, тұз, дәмдеуіштер және тіпті бір буда ит тісі.
...ең алғашқы монеталар біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда ежелгі Лидия патшалығында соғылған.
...дүние жүзіндегі алғашқы қағаз банкноттар VII ғасырда Қытайда пайда болды. Әйткенмен олар IX ғасырдың басында ғана, Қытайдың жекелеген аймақтары арасындағы сауда күшейген кезде кеңінен тарады.
...дүкендерде төлемге жүретін карта идеясын алғаш рет 1880 жылы жазушы Эдуард Беллами ұсынды. Бұл қиял-ғажайып секілді көрінгенмен, 30 жылдай уақыт өткенде кейбір америкалық банктер бай клиенттеріне картон карта бере бастады. Олар зат сатып алу үшін емес, иесінің төлем қабілеттілігін білдіру үшін қолданылды.
...1974 жылы америкалық Роланд Морено орталық компьютермен ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін «смарт-карта» атты тұңғыш микропроцессорды ойлап тауып, өз атына патенттеді. Кейінірек банктер чип орнатылған осындай картаны жаппай пайдалана бастады, оларда карта иесі туралы бүкіл ақпарат бар.
__________
Ақша тарихы адамзат өркениетінің тарихымен тығыз байланысты. Ақшаның шығуы мен дамуының негізгі кезеңдерімен танысу үшін «Ақша тарихы» атты тақырыптық саябаққа шақырамыз.
Ойын ережесі:
Сені қызықтыратын кезеңге өтер алдында кіру билетін сатып алу үшін тиісті «ақшаны» таңдау керек.
1. Біздің дәуірімізге дейінгі 5000 жылдық (Мал, аң терісі, астық, бақалшық)
2. Біздің дәуірімізге дейінгі 2000 жылдық (металл құймалары)
3. Біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасыр (Лидияда соғылған алғашқы монета)
4. IV ғасыр (Отырар монетасы)
5. VII ғасыр (Алғашқы қағаз банкнот, Қытай)
6. ХХ ғасырдың екінші жартысы (Банк карталары)
7. XXI ғасыр (электронды ақша)
«Жаңа жылдық фейктер»: мереке қарсаңындағы қарбаласта алаяқтардың қақпанына түспеу жолдары
AQYL дегеніміз не және білім беру депозитін онлайн қалай ашуға болады
Егер сізде бірнеше кредитіңіз болса: оларды мерзімінен бұрын қалай дұрыс өтеуге болады
Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Криптовалюта дегеніміз не және ол қайда пайдаланылады?