Еркенің бүгінгі күні Мұраттың қоңырауымен басталды.
– Қалған ақшаңды санашы, тезірек! – деді ол тіпті сәлемдесіп үлгерместен. Мұраттың дауысынан қатты толқып тұрғаны аңғарылды.
Ерке шалбарының қалтасына қолын сұғып, кешегі серуеннен қалған ақшаны санады.
Бір түнде ақша қосылмайды! – деп күлді ол. – Не болып қалды?
– Тағы да бір жұмбақ, қазір айта алмаймын, – деп сыбырлады досы. – Мен Әлиша екеуіңді бақшада күтемін.
Еркені екі рет шақырудың қажеті жоқ еді. Бір ғажабы, Әлиша да кешікпеді.
Достары Мұратты қақпаның жанындағы сәкіден тапты. Оның абыржып тұрғаны түрінен байқалды.
– Міне, – деді ол, сәкінің үстінде тұрған қақпағында тасбақасы бар, монета толы шыны құтыны нұсқап, – мұның бәрі нені білдіретінін түсінуге көмектесіңдерші.
Бұл кәдімгі құты. – Ерке түсінбегендей иығын қиқаң еткізді.
– Кәдімгі емес! – Мұраттың дауысы қатты шығып кетті. – Құтыда кешегі серуеннен қалған ақшам жатыр. Бұл бір. Екіншіден, ол неге үйде емес, ауызғы бөлмеде немесе үстелде емес, мына сәкіде тұр?
– Шамасы, бұл біз міндетті түрде ашуға тиісті жұмбақ. Құтының қақпағындағы тасбақа тек даналық пен игілікті ғана емес, сонымен бірге біз табандылық танытуымыз керек екенін білдіреді! – Әлиша досының айтқанын қостады.
Балалар құтыны жан-жақтан қарап, оның пайда болуының әртүрлі нұсқасын айта бастады, бірақ оны шешуге бір қадам да жақындайтын емес.
Спаниель тектес Ричи ит те құтыны зерттеуді ұйғарғандай, сәкінің алдында артқы аяғымен тұрып алып оны біресе иіскеді, біресе тілімен жалады. Бір кезде:
– Қараңдар! – дегендей шәу етті.
Балалар спаниельдің соншама нені көріп қуанғанын білу үшін еңкейіп қарай берді де қайран қалды – шыны ыдыстың ар жағында көшенің сол бетіндегі нағыз банктің сұлбасы тұр еді.
– Бұл жұмбақ оңай шағылатын жаңғақ емес екен, – деді Мұрат желкесін қасып. – Әйткенмен, сәкінің бұған қатысы қанша!
Әлиша өзіне көңілі толмағандай қолын жайып:
– Мен бұл сұрақтың жауабын білдім ғой, бірақ ол бірден ойыма келген жоқ, – деді. – Мектепте қаржылық сауаттылыққа арналған сынып сағатында маған «Банк» сөзінің шығу тегі туралы сұрақ тап келді. Итальян тілінен аударғанда ол «орындық, сәкі, ақша айырбастаушының сөресі» дегенді білдіреді. Бұл термин орта ғасырларда пайда болды.
– Мәссаған! Банктердің пайда болғанына сонда неше жыл? – Ерке айран-асыр.
Әлиша жымия қарап, досының сұрағына жауапты күттірмеді:
– Банк ісінің тарихы 2700 жыл бұрын басталған деп есептеледі! Ежелгі Вавилонда несиеге ақша беретін өсімқорлар болған. Ал алғашқы банктердің бірі Генуя республикасында 1147 жылы пайда болды.
– «Ежелгі дүние тарихы» оқулығында бұл туралы жазылмағаны өкінішті, – деп налыды Мұрат.
– Банкті ойлап тапқан адам немесе адамдар өте ақылды және пысық болса керек, – деп Әлиша өзінің жорамалын қосты. – Біреулер банкте өздерінің жинаған ақшасын сақтаса, енді біреулері қажетті затын сатып алу үшін банктен қарызға ақша алады.
Дәл осы сәтте көне қобдиша-тасбақаның зүбәржат көзі жарқ етіп, сәуле шашты.
– Көрдіңдер ме? – деп Мұрат айғайлап жіберді.
Достар келіскендей бас изеді.
– Демек біз дұрыс жолдамыз! – Бала ымдап бәрін өзіне қаратты. – Сонымен біз банктер және олардың біздің өмірімізде қандай рөл атқаратыны жайлы ақпарат іздейміз! Гугл бізге көмектеседі!
Сөйтіп балалар жалма-жан ұялы телефондарына үңілді. Арасында тапқан ақпаратын біріне-бірі дауыстап айтып қояды.
– Білесіңдер ме, біздің еліміздегі ең үлкен, ең маңызды банк Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі екен. Оны бірінші деңгейдегі банк немесе еліміздің орталық банкі деп те атайды...
– Бізде тағы коммерциялық банктер де бар – бұл банк жүйесінің екінші деңгейі. Олар адамдармен және ұйымдармен тікелей жұмыс істейді – салымшылардың ақшасын сақтайды. Бұл үшін нақты пайыз төлейді, несие береді, валюта мен бағалы металдарды сатып алады және сатады...
– Ой, балалар, қараңдаршы! Біздің еліміздегі екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржы ұйымдарын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылап отырады екен. Агенттік лицензия, яғни банктердің жұмыс істеуіне рұқсат береді. Міне, осы мемлекеттік ұйым қаржылық қызметтерді тұтынушылардың, яғни ата-анамыздың, әке-шешеміздің және сені мен менің құқықтарымызды қорғайды. Бұны есте сақтау керек...
– Мен банктердің адам өмірінде және ел экономикасында мұндай маңызды рөл атқаратынын білмедім, – деді Ерке мынадай миға шабуылдан кейін өзіне-өзі келіп.
– Бәлкім, жұмбақ инсталляция бізге ақшаны әйнек банкіде емес, шын банкте сақтаған жақсы деген тұспалды сездірмек болған шығар? – Әлиша өз болжамын ұсынды.
– Қалай сонда, банктер балаларға да қызмет көрсете ме? – Ерке таңғалғанын жасырмады.
– Елімізде 7 миллионға жуық балалар мен жасөспірімдер бар, – деп Әлиша интернетте оқығанын сақ еткізді.
– Біз дүкендерге барамыз, секциялар мен үйірмелерде сабақ оқимыз, көлікпен жүреміз, ол үшін ата-анамыз қалтамызға ақша салып береді. Сондықтан екінші деңгейдегі банктер балаларға арналған арнайы қаржылық өнімдерін ұсынады. Мысалы, ата-анам мен үшін атаулы балалар картасын ашты. Бұл карта анамның есепшотына байланған, – Әлиша сөмкесінен өзінің жеке банк картасын шығарып, достарына көрсетті. – Мен мұны бір жылдан бері қолданып жүрмін!
Мұрат пен Ерке қызығып:
– Балаларға арналған тағы қандай банк өнімдері бар? – деп сұрай жөнелді.
Әлиша сәл ойланып қалды да дұрыс ұсыныс айтты:
– Бұл жөнінде банк мамандарына жүгінейікші! Осындай банктің бірі сенің үйіңнің арғы жағындағы көшеде тұр.
_____
БАНК (ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙДЕГІ БАНК) – ақшаны сақтауға қабылдауға және оны қарызға беруге құқығы бар қаржылық ұйым.
БАНК САЛЫМЫ (ДЕПОЗИТ) – бұл сіздің банкте тұрған жинағыңыз. Банк өзінде сақтаулы ақшаға алдын ала келісілген пайызды төлеп отырады.
САЛЫМШЫ – ақшасын банк депозитіне салатын адам.
КРЕДИТ – бұл банктен белгілі бір мерзімге қарызға алуға болатын ақша. Қарызға алған ақша үшін біз банкке белгілі бір соманы төлеп отыруымыз керек. Ол кредит пайызы деп аталады. Кредитті банкке міндетті түрде қайтару қажет, ең дұрысы оны алмауға тырысқан жөн.
ҚАРЫЗ АЛУШЫ – банктен кредит ресімдейтін адам.
_____
Сен білесің бе...
...Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін қаржылық реттеуші деп те атайды. Ол Алматы қаласында орналасқан, ал еліміздің басқа қалаларында Агенттіктің өңірлік өкілдер басқармалары бар.
...Егер салымшылар немесе қарыз алушылар банктердің әрекетінен зардап шеккен болса, олар Агенттіктен көмек немесе кеңес сұрай алады.
...Агенттіктің өте пайдалы «Fingramota Online» мобильді қосымшасы бар. Оны ересектер де, балалар да тегін жүктей алады және қаржылық реттеушіге кез келген сұрақты қоя алады.
«Жаңа жылдық фейктер»: мереке қарсаңындағы қарбаласта алаяқтардың қақпанына түспеу жолдары
AQYL дегеніміз не және білім беру депозитін онлайн қалай ашуға болады
Егер сізде бірнеше кредитіңіз болса: оларды мерзімінен бұрын қалай дұрыс өтеуге болады
Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Криптовалюта дегеніміз не және ол қайда пайдаланылады?