Қарыз алушылар үшін БЖК есебін қатаңдату: не өзгереді және бұл кредиттерге қалай әсер етеді

time 24.11.2025
aye 163
Қарыз алушылар үшін БЖК есебін қатаңдату: не өзгереді және бұл кредиттерге қалай әсер етеді

Ағымдағы жылғы 24 қарашадан бастап Қазақстанда төлем мерзімі өткен тұтынушылық қарыздары бар азаматтарды неғұрлым жауапты кредиттеуге бағытталған жаңа қағидалар қолданыла бастады. 

Қарыз алушылар үшін не өзгереді, жаңа шектеулер не үшін енгізіледі және олар тұтынушылық кредиттеу нарығына қалай әсер ететінін Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық  

БЖК  деген не және ол неліктен маңызды 

Борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) — бұл кірістің кредитті төлеуге кететін үлесі. Оның шекті мәні — 0,5. Бұл барлық қарыздар бойынша ай сайынғы төлемдер қарыз алушының кірісінің 50%-нан аспауға тиіс дегенді білдіреді. Мысалы: егер азамат 300 000 теңге табыс тапса, онда БЖК
0,5 болған кезде оның ең жоғары «кредиттік жүктемесі» — айына 150 000 теңге.

Бұл көрсеткіш банктерге адам жаңа кредитті қайтармау тәуекелінсіз оған қызмет көрсете алатынын бағалауға көмектеседі.

Ұзақ уақыт төлем мерзімін өткізген қарыз алушылар үшін не өзгереді 

Соңғы 12 айда 90 күннен астам төлем мерзімін өткізген азаматтар үшін БЖК-ның ең жоғары мәні 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендейді. Бұл дегеніміз, банктер жаңа кредиттер беру кезінде бұрынғы 50%-дың орнына жүктеме ретінде мұндай қарыз алушының кірісінің 25%-нан аспайтынын ескереді. Мысалы: 300 000 теңге кіріс кезінде ай сайынғы ең жоғары рұқсат етілетін төлем 150 000 теңгеден 75 000 теңгеге дейін төмендейді.

Бұл шектеу қайталанатын дефолттар мен шамадан артық кредит алудың алдын алу үшін енгізіледі.

Кімге кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салынады 

Тыйым банктік кредиттер бойынша кешіктіру мерзімі күнтізбелік
30 күннен асатын немесе микрокредиттер бойынша кешіктіру мерзімі
1 күннен асатын қарыз алушыларға қолданылады. Халықаралық нормалар бойынша 30 күннен астам кешіктіру банк үшін қарыз алушының бұрынғыға қарағанда тәуекелі жоғарылағанын және оның кредит бойынша төлемді тоқтату ықтималдығы жоғары екенін білдіреді. Қарыз мерзімі қысқа және күндермен немесе апталармен өлшенетін, тіпті ең аз төлем кідірісі бір күн болатын микрокредиттер бойынша кредит проблемалық болуы мүмкін деген белгіні білдіреді.

Қарыз алушылардың басқа санатына 2025 жылғы 1 шілдеден бастап соңғы 36 айда толық кешірілген берешегі (негізгі қарыз немесе сыйақы) бар адамдар жатады. Мұндай қарыз алушылар кредит тәуекелі жоғары және қарызды қайта қайтармайтындар санатына жатқызылады. Мұндай қарыз алушыларға жаңа кредиттер беруді шектеу азаматтардың қайтадан қарызға батпауына, сондай-ақ масылдықтың пайда болмауына және кредит өнімдерін теріс пайдаланбауға мүмкіндік береді.

Қарыз алушылардың тағы бір санаты соңғы 12 айда қарызына қайта құрылымдау жүргізгендер, бірақ қайта құрылымдау қарыз төлемдері бойынша тәртіптің жақсаруына әкелмеді (яғни қарыз алушы сол күйі дұрыс төлемеді). Жосықсыз кредитор мұндай клиенттің нақты қаржылық жағдайын бұрмалаған кезде мұндай қайта құрылымдауды жалған деп атайды. Бұл, бір жағынан, қарыз алушыға кредит тарихын формальды түрде жақсартуға мүмкіндік бергенімен, екінші жағынан, нақты борыш жүктемесін төмендетпейді және оның төлем қабілетін көтермейді.

Жалған қайта құрылымдау жүргізілген-жүргізілмегенін түсіну үшін реттеуші келесі өлшемшарттарды айқындады:

1)    қарыз бойынша берешек сомасы қарыз қайта құрылымдалған сәттен кейінгі 6 айда 5% және одан да көп пайызға кеміген жоқ; 

2)    қарыз бойынша мерзімі өткен берешек бар және соңғы 12 айда 2 және одан да көп қайта құрылымдау жүргізілген;  

3)    қайта құрылымдалған қарыз бойынша сыйақының негізгі борышқа қатынасы 20%-дан асады;  

4)    жаңа банктік қарыз беру жолымен қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті ішкі немесе сыртқы қайта қаржыландыру жүргізілген.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге