Қазақстанда жаңа қаржы пирамидасы анықталды

time 7.07.2021
aye 6224
Қазақстанда жаңа қаржы пирамидасы анықталды

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүйелі негізде қызметінде қаржы пирамидаларының белгілері анықталған ұйымдар туралы халықты хабардар ету бойынша жұмыс жүргізеді.

Әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікті мониторингтеу барысында инвестициялық қызметтен жоғары кіріс алуға уәде бере отырып, өз қызметін белсенді жарнамалайтын «Finiko» компаниясы анықталды. Атап айтқанда, осы ұйымның аккаунттары Instagram-да жарнамаланады: https://www.instagram.com/finiko.ru/, hlhttps://www.instagram.com/ finiko.kazakhstan/?hl=ru.

«Finiko» пайдаланушыларға «Сyfron Sapital OÜ» платформасында cryptocurrency және басқа инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынады. Бұл жылжымайтын мүлікті, автомобильдерді сатып алуға, міндеттемелерді өтеуге және инвестициялауға байланысты жағдайларды имитациялайтын ойын алаңы.

СYFRON (CFR) – есептеулер жүргізілетін криптовалюта ресми валюта болып табылмайды және қаржылық құндылығы жоқ. Осылайша, пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, оның жалған үлгісіне салады.

Өз кезегінде «Finiko» компаниясы осы ойын платформасын пайдалану кезінде күніне 1-1,2% мөлшерлеме бойынша кіріс төлеуді уәде етеді, бұл халықтың теңгелік депозиттері бойынша орташа нарықтық мөлшерлемеден 43 есеге дейін асатын жылдық есептеудегі кірістіліктің жоғары деңгейіне сәйкес келеді.

«Finiko» сонымен қатар тұтынушылық және ипотекалық несиелерді өтеуді ұсынады. Егер компания борыш сомасының 35%-ын салса, ол қатысушының кредиті бойынша бүкіл соманы төлеуге міндеттенеді. Осындай талаптар автокөлік пен жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде ұсынылады: жарна мүлік құнының кемінде 35%-ын құрайды және 3-4 ай өткеннен кейін компания оны сатып алуға және қатысушының меншігіне беруге уәде береді.

Компания сондай-ақ кез келген сатып алу үшін 25%-ға дейін ақшаны қайтаруды және тегін қызмет көрсету кезінде ай сайынғы қаражат қалдығына 6% сыйақыны ұсынатын жалған кэшбэк-карталар есебінен көтеріңкі кірістілікті алуға уәде етеді. Сонымен қатар, осы карта аясында 1-5 адам тарту үшін 1%-дан 10%-ға дейін жоғары кэшбэк пайызын ұсынатын анықтамалық бағдарлама бар. «Finiko» өтініші бойынша кэшбэк-карточка MasterCard-пен ынтымақтастықта жасалғанын атап өтеміз. Алайда, «Finiko» MasterCard серіктестерінің тізімінде жоқ.

«Finiko» компаниясы банктерде арнайы есеп айырысу шоттарын пайдаланбайды. Алаяқтық операцияларды жүргізу үшін ол ақшаны тек қолма-қол нысанда қабылдайды не Qiwi-кошелек, Яндех-ақша, Easy Pay, PayPal және т.б. сияқты интернет-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйелерін пайдаланады. Осылайша, қатысушылар салынған қаражаттың қайда бағытталғанын бақылай алмайды.

Қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісі бойынша Ресей Федерациясының аумағында «Finiko» компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Компанияның жалпы шығыны 80 миллион рубльден асады. 2019 жылғы тамыз - 2020 жылғы желтоқсан аралығында компания Татарстан мен Ресей Федерациясының басқа субъектілерінің аумағында жеке тұлғалардың қаражатын қор нарықтары мен криптовалютаға инвестициялау үшін деп тартқаны анықталды. РФ Орталық Банкінің сайтында «Finiko» «қаржылық пирамида» белгілері бар компаниялар тізімінде тұр. Берілген тізімде Орталық Банк қаржылық пирамидалардың немесе өзге алаяқтық әрекеттердің айқын белгілерін анықтаған компаниялар көрсетілген. Қазіргі уақытта тізім 1913 ұйымнан тұрады.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Finiko» қызметін анық қаржылық пирамида мен қаржылық алаяқтықтың белгілеріне ие деп бағалайды. Берілген компания қаржылық ұйымдарға жатпайды, өйткені оның уәкілетті орган берген лицензиясы жоқ, тиісінше, ол халықтан ақша тарту, тартылған қаражатты сенімді басқару және инвестициялау бойынша қызмет атқаруға құқылы емес.

Агенттік депозиттер түрінде немесе қаржылық құралдарға инвестицияларды жүзеге асыру үшін ақшаны тарту тек қана екінші деңгейдегі банктер, ұлттық пошта операторы және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (брокер-дилерлер және басқарушы компаниялар) жүзеге асыра алатын лицензияланатын қызмет түрлеріне жататынын еске салады. Агенттіктің лицензиясын алған ұйымдар туралы ақпарат Агенттіктің интернет-ресурсында жарияланған.

Осыған байланысты, Агенттік Қазақстан азаматтарына «Finiko» компаниясына инвестиция жасау және онымен шарттық қатынастарды орнату, берілген компанияның шотына қаражат аудару немесе қолма-қол ақша беру қауіпті болып табылатыны туралы хабаралайды.

white-arrow Тізімге