Қазақстанда жаңа қаржы құралы – «жасыл» облигациялар енгізіледі

time 30.06.2021
aye 5728
Қазақстанда жаңа қаржы құралы – «жасыл» облигациялар енгізіледі

Ағымдағы жылғы 2 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды, оның бағыттарының бірі қаржы құралдарының жаңа түрлерін енгізу болып табылады. Қазіргі уақытта қазақстандық тәжірибеге инвестициялық және «жасыл» облигацияларды енгізу мәселесі пысықталуда.

Аталған бондтардың қаржыландыру құралы ретіндегі маңыздылығы туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлчехра Талқамбаева айтып берді.

«Біздің еліміз қазір жасыл экономикаға көшуді ілгерілетуде, осыған байланысты мемлекет қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қызметті ынталандыру жөнінде бірқатар шараларды көздеді. «Жасыл» қаржыландыру шеңберіндегі жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары көрсетілетін болады. Инвестицияларды тартуға арналған құралдардың бірі «жасыл» облигациялар болып табылады.»,-  деді Гүлчехра Талқамбаева.

Спикер түсіндіргендей, «жасыл» облигациялар – бұл борыштық бағалы қағаз, оның көмегімен компания («жасыл» облигациялар шығарған эмитент) экологиялық проблемаларды шешумен байланысты жобаларды іске асыру үшін қаражат тартады. «Жасыл» облигациялар арқылы қаржыландыру үшін «жасыл» жобаларды жіктеуді ҚР Экология министрлігі әзірлейді және ҚР Үкіметі бекітеді. Айналыс мерзімі, купонды төлеу кезеңділігі, айналыс, өтеу талаптары және басқалары эмитенттің «жасыл» облигацияларды шығару талаптарында көзделеді.

Кез келген басқа бағалы қағаздар сияқты, «жасыл» облигацияны коммерциялық ұйымдар шығаруға құқылы. Шығарылым «Бағалы қағаздар рыногы туралы»                   ҚР Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. «Жасыл» облигациялар, басқа облигациялар сияқты, айналыс мерзімі бойынша әр түрлі болуы мүмкін, қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген, айырбасталатын немесе айырбасталмайтын.

 «Жасыл» облигацияларды орналастырудан алынған ақша қолданыстағы табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге, энергия тиімділігін, энергия үнемдеуді арттыруға, климаттың өзгеру салдарын жұмсартуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға байланысты мақсаттарға ғана пайдаланылуы мүмкін», - дейді Гульчехра Талқамбаева.

Спикер атап өткендей, эмитент «жасыл» облигацияларды орналастыру мерзімі ішінде қаржыландырылатын жобаның қоршаған ортаға әсері бойынша жыл сайынғы есепті жариялауға міндетті. Сонымен қатар, Талқамбаева табыстылығы алдын ала белгіленген оқиғалардың басталуына байланысты болатын инвестициялық облигациялар - бағалы қағаздар қалай жұмыс істейтіні туралы айтып берді.

«Халықаралық тәжірибеге сәйкес, негізгі сыйақыны алумен қатар, инвестициялық облигацияны ұстаушының белгілі бір жағдайлардың туындауына не туындамауына байланысты қосымша сыйақы алуға құқығы бар. Инвестициялық облигациялар бойынша кірістілік ол тәуелді базалық актив құнының серпініне байланысты болады", - деп түсіндіреді Гүлчехра Талқамбаева.

Инвестициялық облигациялар қор биржасының тізіміне енгізілуі немесе тиісті азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасу арқылы алаңнан тыс орналастырылуы мүмкін. Бұл ретте, спикер атап өткендей: инвестициялық облигациялар шығарылымы уәкілетті органда - Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.

Спикердің айтуынша, облигация бойынша кірістің белгілі бір көрсеткішке, индикаторға немесе индекске қосылуы белгілі бір нарықта мамандандырылған және ұзақ мерзімді болжамдар жасай алатын инвесторлар үшін тартымды. Екінші жағынан, бұл бағалы қағаз ол бойынша сыйақы төлеу шарттарын неғұрлым икемді етуге және осылайша эмитенттің нарықтық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Төлемдер эмитент табысының мөлшеріне, бағалы қағаздардың немесе өзге де қаржы құралдарының пайыздық мөлшерлемелеріне және баға белгілеулеріне, бағалы металдардың, шикізаттың немесе өзге де тауарлардың баға белгілеулеріне, қор және тауар индекстеріне, үшінші тұлғалардың міндеттемелерді орындамауына байланысты болуы мүмкін.

«Қазіргі уақытта Агенттік мемлекеттік тіркеу тәртібін, сондай-ақ инвестициялық және «жасыл» облигацияларды шығару, айналысқа шығару және өтеу тәртібіне қойылатын талаптарды көздейтін тиісті түзетулерді әзірлеуде. Осындай бағалы қағаздарды енгізуді ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуін ескере отырып, бұл қағаз әлеуетті эмитенттердің де, инвесторлардың да қызығушылығын тудырады деп ойлаймыз», - деп қорытындылады Гүлчехра Талқамбаева.

 

white-arrow Тізімге