2023 жылғы 3 наурыздан бастап соттан тыс және сот банкроттығы рәсімі қолжетімді болады. Бірақ қарыз алушылар кредит шарты бойынша проблемалық берешекті реттеу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгінгендерін растауы керек. Бұл міндетті талап.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев қарыз немесе микрокредит бойынша төлеу мерзімі өткен жағдайда борышкер мен кредиттік ұйымның іс-қимыл алгоритмі туралы толығырақ айтып берді.
- Александр Леонидович, Қазақстанда проблемалық қарыз алушылар өз кредиттерін қайта құрылымдау үшін кредиторға жүгіне алатын тәртіп қашаннан бері қолданылып келеді?
- 2021 жылғы мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Бұған дейін кредиттік ұйымдар азаматтардың 6 және одан да көп айға мерзімі өткен қарыздарды қайта құрылымдауға өтініштерін қараған болатын. Қаржы реттеушісіне осы мәселе бойынша қарыз алушылардан көптеген өтініштер келіп түсті.
Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша реттеудің бірыңғай тәртібін енгізу бөлігінде маңызды түзетулер қабылданды, олар 2021 жылғы 1 қазаннан бастап қолданыла бастады.
Осылайша, Заң мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға өз кредиттерін немесе микрокредиттерін қайта құрылымдау мәселелерін тікелей кредиторлармен шешуге мүмкіндік береді, ал кредиторлар өзара қолайлы шешімді әзірлей отырып, олардың өтініштерін заңнамада белгіленген мерзімде қарауға міндетті.
- Заңның нәтижелері қандай? Агенттік Заңды жүзеге асыру үшін не істеді?
- 2022 жылы кредиттік ұйымдар қарыз алушылардың 708,7 мың өтінішін қарады, олардың ішінде 74,5%-ының 527,8 мың азаматтың қарызы қайта құрылымдауға мақұлданды. Заң нормасы 2021 жылдың төртінші тоқсанында күшіне енгенін ескерсек, бұл жақсы нәтиже деп санаймыз. Бастапқыда кредиттік ұйымдар реттеуге қажетті деңгейде көңіл бөлген жоқ, алайда бірнеше рет жүргізілген келіссөздер мен заң нормаларын қолдану тәртібіне түсіндірме берілгеннен кейін іс алға басты.
Реттеуші банктер және МҚҰ-ның проблемалық берешекті реттеу тәртібінің қолданылуына жүйелі түрде мониторинг және талдау жүргізе бастады. Бірінші кезекте, банктер мен микроқаржы ұйымдары Агенттіктің талабы бойынша қарыз алушының өтініші бойынша қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің міндетті тәртібін ескеретін ішкі нормативтік құжаттарды жаңартты.
Екінші кезекте, біз мониторинг шеңберінде бұл тетік жөніндегі ақпаратты қарыз алушылар, әдетте, кредиттік ұйымдардың ресми интернет-ресурстарында, әлеуметтік желілерде, мобильдік қосымшаларда іздейтініне назар аудардық. Осыған байланысты, банктер және МҚҰ Агенттіктің тапсырмасы бойынша барлық коммуникация құралдарын пайдалана отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтті, кредиттерді қайта құрылымдау тақырыбы бойынша қарыз алушыларға консультациялар беру үшін қосымша жедел желілер аша бастады. Бүгінгі таңда мерзімі өткен берешекті реттеу туралы ақпаратты банктер мен МҚҰ-ның барлық ресми сайттарынан және мобильдік қосымшаларынан табуға болады, кредиттік ұйымдар
call-орталықтары арқылы азаматтарға консультациялар да береді.
Сонымен қатар, Агенттік қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарының, олар атаулы әлеуметтік көмек алушылар да, әскерге шақырылушылар мен әскери қызметшілер және қоныс аударғандар, яғни, мемлекет тарапынан ерекше көмекке мұқтаж санаттың құқықтарын қорғау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау жөнінде үлкен жұмыс атқарды.
2022 жылғы сәуірде Агенттік және ҚР Жоғарғы Соты арасында азаматтардың берешектерін сотқа дейін, соттан тыс реттеумен байланысты дауларды шешуге бағытталған Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Заңның әлеуметтік бағыттылығын түсіне отырып, соттар аталған тәртіпті тиісінше орындамаған жағдайда кредиторлардың талап арыздарын қарамай қайтаруда.
Өткен жылғы қазанда екінші деңгейдегі банктер халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға бағытталған маңызды құжатқа қол қойды. Бұл Меморандум проблемалық берешекті реттеу кезеңінде банктердің сот талабын, берешекті өндіріп алу бойынша атқарушылық жазба жасау үшін нотариусқа жүгінуін, сондай-ақ ХӘОТ-ке жататын азаматтардың, оның ішінде банктің балансына қабылданған жалғыз баспанасын сатуды тоқтатады. Бұл Меморандумның өте маңызды тармағының бірі қарыз алушыларды, оның ішінде банктің балансына алынған осы мүліктің бұрынғы иелерін үйден шығаруға тыйым салу болды. Өткен жылғы қазанда Меморандумға оның қолданысын, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған қарыз алушыларға қолдану бөлігінде өзгерістер енгізілді. Меморандумның қолданысы 2023 жылғы 1 қазанға дейін ұзартылды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударушы-азаматтарды қолдау мақсатында Агенттік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, Қоныс аударушылардың кредиттері бойынша төлемді кейінге қалдыру алгоритмін әзірледі. 29,9 мың қоныс аударушы-азаматтың 9,2 мыңында
9,7 млрд теңгені құрайтын берешек болған, оның ішінде 2 мың қарыз алушыда 1,1 млрд теңге сома мөлшерінде мерзімі өткен берешек бар.
Банктер мен МҚҰ-ға қарызды қайта құрылымдауға 1 452 қоныс аударушы-қарыз алушы өтініш берді, оның ішінде 1 060 қарыз алушының қарызы қайта құрылымдалды.
2022 жылғы 5 желтоқсанда Агенттік пен Қорғаныс министрлігі арасында Меморандумға қол қойылды, оның шеңберінде кредиторлар әскерге шақырылушылар мен әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызметін өткеру кезеңінде кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынады. 13,6 мың әскеридің 7,1 мыңында банктер мен МҚҰ-да 16,3 мың кредиті бар. 2022 жылдың соңындағы жағдай бойынша 4,9 мың әскери қызметшіге қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді.
- Енді басты мәселеге көшейік, кредит бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу тәртібі қандай? Қарыз алушы өз тарапынан не істеуі керек және егер қарыз алушының қарыз бойынша мерзімі кеткен берешегі болса, банктер мен МҚҰ қандай қадамдарға барады?
- Қарыз алушыда қарыз бойынша мерзімін өткізіп алу басталған сәттен бастап 20 күн ішінде банк немесе МҚҰ қарыз алушыны хабардар етуге міндетті. Олар хабарламада кредит бойынша төлемдерді енгізу және мөлшерін көрсете отырып, мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі, кредит төлемеген жағдайда, туындауы мүмкін салдар туралы хабардар етеді және кредитті қайта құрылымдау үшін кредиторға жүгіну мүмкіндігі туралы хабарлайды. Қайта құрылымдау қолданыстағы кредит шарты шеңберінде борышты төлеу талаптарын өзгертуді білдіретінін бірден түсіндіріп кетейін.
- Мерзімі кешіккен жағдайда кредиторлардың өздері бірінші болып ден қоюы керек қой сонда, ал қарыз алушы не істеуі қажет?
- Егер қарыз алушыда қаржылық қиындықтар туындаса және кредит төлеуге жағдайы келмесе, ол банкке немесе МҚҰ-ға өтінішпен жүгінгені дұрыс. Мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап 30 күн ішінде жүгінген дұрыс. Қарыз алушы өтініште мерзімін өткізіп алуға не себеп болғанын көрсетуі, ықтимал қайта құрылымдауда өз нұсқаларын ұсынуы және кірістерінің төмендегенін және өзінің міндеттемелері бойынша ақы төлеуге мүмкіндігінің жоқ екендігін растайтын құжаттар ұсынуы қажет.
Атап айтқанда, қарыз алушы кредиторға өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруі тиіс, кірістерінің төмендеу не кірістерінің болмау фактісін, осыған байланысты өзінің міндеттемелерін толық көлемде орындай алмайтынын құжатпен растауға тиіс. Егер сұратылатын құжаттар өтінішке қоса берілмесе, онда кредиттік ұйым қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыруға құқылы.
Өтінішті банк және МҚҰ міндетті түрде қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға тиіс. Күнтізбелік 15 күннің ішінде банк немесе МҚҰ жауап берулері: не кредит шартының талаптарына қарыз алушы ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісім берулері, талаптарды өзгерту бойынша өз ұсыныстарын берулері немесе себептерін көрсете отырып, бас тартулары тиіс. Кредитор өтінішті қарау кезінде қарыз алушының төлем жасау қабілеттілігін, әлеуметтік жағдайын, кепілге салынған баспананың жалғыз болуын, қарыз бойынша міндеттемені дұрыс орындағаны сияқты факторларды да ескереді.
- Демек, шартты өзгерту, қайта құрылымдау талаптарын қарыз алушының өзі де, кредитор да ұсына ала ма?
- Иә, бұл:
Сондай-ақ, қарыз алушы ипотека нысаны болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес сатуға құқылы. Кепіл мүлкін кредиторға беру арқылы бас тарту төлемін ұсыну немесе міндеттемені сатып алушыға бере отырып, жылжымайтын мүлікті сату тағы бір жолы болып табылуы мүмкін.
- Банк немесе микроқаржы ұйымы қайта құрылымдаудан бас тартса, не істеу керек?
- Егер қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда, қарыз алушы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы өзінің банкке немесе МҚҰ-ға жүгінгенінің және өзара тиімді шешімге қол жеткізбегенін растайтын құжатты міндетті түрде ұсынуға тиіс.
Сондай-ақ борышкерлер ипотекалық қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу үшін Банктер туралы заңға сәйкес банк омбудсманына жүгіне алады.
Агенттік өтініш берушінің жолданымы негізінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеру жүргізеді және банктің немесе МҚҰ-ның іс-әрекеттеріне баға береді. Осы кезеңде кредиттік ұйым халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге берілген мүлкін өндіріп алу рәсімін бастауға құқылы болмайды.
Өз құқықтарын қорғау үшін қаржылық қызметтерді тұтынушылар egov.kz порталы, «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы Агенттікке ресми түрде не А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 ш/а., 21-үй мекенжайы бойынша жазбаша нысанда жүгіне алады.
Өңірлердің тұрғындары өздерінің тұрғылықты жерлері бойынша Агенттіктің өңірлік өкілдер басқармаларына жүгіне алады.
Бұдан басқа, Агенттікте Қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді, онда азаматтар ақпараттық-анықтамалық сипаттағы консультациялар алып, реттеушінің қызметіне қатысты мәселелерді жедел түрде шеше алады.
Агенттіктің Қоғамдық қабылдау бөлмесіне жазылу үшін Yermek.Utemisov@finreg.kz электрондық мекенжайына өзіңіздің аты-жөніңізді, ЖСН, байланыс деректеріңізді, ұйымның толық атауын, жолданымның қысқаша сипатын жіберу қажет және міндетті түрде тақырыбын «Азаматтарды қабылдауға жазылу» деп көрсету не «1459» нөмірі бойынша Агенттіктің call-орталығына қоңырау соғу арқылы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкеріне осы ақпаратты хабарлау немесе «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы жазу керек.
- Александр Леонидович, «Азаматтардың төлем қабілеттігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң талаптарының бірі берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімін жүргізу болып отыр. Аталған міндетті рәсімнен өтудің тетігі әзірленді ме?
- Кредиторлардың жауаптары берешекті реттеудің және (немесе) өндіріп алудың жүргізілгенін растайтын құжат болып табылады. Мұндай жағдайда бұл банктік қарыз немесе микрокредит шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы бас тарту себептері көрсетілген бас тарту болып саналады. Егер кредитор борышкердің өтінішіне жауап бермеген жағдайда, осы құжат борышкердің өтінішінің көшірмесі немесе өтінішті электрондық форматта жіберу туралы растама болып табылады. Кредитордың банктік қарыз немесе микрокредит шартының талаптарын өзгерту туралы ұсынысы бас тарту болып табылмайды.
Борышкердің берешекті реттеуге берген өтінішінің күні және кредитордың бас тартқан күні кредит бойынша соңғы мерзімі өту туындаған күннен ерте болмауға тиіс.
Борышкерде мерзімі өткен, оның ішінде әр түрлі қаржы ұйымдарында бірнеше қарызы бар болса және борышкер берешекті реттеу үшін жүгінген кезде, кредиторлардың барлығы барлық қарыз бойынша «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 36-бабына және «Микроқаржылық қызмет туралы» Заңның 9-2-бабына сәйкес қарыздарды қайта құрылымдау бойынша талаптарды ұсынуға тиіс.
Өтініш берген күннің алдындағы 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылатын борышкерге қатарынан 12 ай ішінде өтеудің болмағаны туралы талап қолданылмайды. Аталған өлшемшартқа сәйкестігіне тексеру Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктеледі. Бұл ретте АӘК алушы - борышкерге қатысты банктік қарыз немесе микрокредит шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу бойынша рәсімді жүргізу бөлігінде талап сақталады.
Қорыта келе, азамат банкроттық рәсімін бастамас бұрын, бәрін мұқият ойланып жасағаны дұрыс екеніне назар аудартқымыз келеді. Азамат аталған рәсімнен өткеннен кейін ол үшін бес жыл ішінде жаңа қарыздарды ресімдеуге тыйым салу түрінде белгілі бір шектеулер, баспана сияқты ірі сатып алу туралы сөз болғанда алдағы 3 жыл ішінде банкроттықтың қаржылық жағдайын тексеруден өту басталады, сот арқылы банкроттық болғанда жалғыз баспанасы кепілге салынған болса, оны да алып қоюы мүмкін.
Ақпарат көзі: Zakon.kz
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт