Сізге шұғыл ақша қажет болды, бірақ қолыңызда қажетті сома жоқ. Осы кезде банкке немесе микрокредиттік ұйымға бармастан, кредит ресімдеуге болатындығы туралы күнделікті естіп жүрген ақпаратымыз бізді еліктірмей қоймайды. Сонымен қатар, «тауарды қазір ал, төлемді кейін жаса» ұғымы адам психологиясына қатты әсер етеді, және ол жиі жарнамаланады. Ай сайынғы төлем сомасы соншалықты көп емес сияқты көрінеді, оның үстіне ресімдеуге көп уақыт кетпейді, қағазбастылық жоқ және жаңа тоңазытқыш/теледидар/микротолқынды пеш сізге ыңғайлы уақытта жеткізіледі. Бұл қолайлы болмағанда не деп ойлайсыз? Алайда, әр нәрсені егжей-тегжейлі ойланған жөн.
Fingramota.kz-пен бірге тұтынушылық кредитті қалай дұрыс ресімдеуге болатынын және қарызға батпау жолдарын, кредит беруден неге бас тартылғаны және қарыз алу үшін өз мүмкіндігіңізді қалай дербес есептеу керектігін талдайтын боламыз.
Банк немесе микроқаржы ұйымы өз клиенттеріне кредитті беруден бас тарту себебін түсіндіре қоймайды. Бірақ шешімге әсер ететін негізгі өлшемшарттардың бірі - борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) деп аталатын әлеуетті қарыз алушының борыштық міндеттемелері мен кірістерінің арақатынасы.
Борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) — бұл қарыз алушының барлық өтелмеген кредиттері бойынша төлемдерінің оның орташа айлық кірісіне қатынасы. Кредит бермес бұрын банк немесе МҚҰ клиенттің төлем қабілеттілігін тексеруге міндетті. Егер кредиттер бойынша төлемдер қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50%-нан асатын болса, онда кредит берілмейді. Бұл клиенттің төлем қабілеттілігін және банктің немесе МҚҰ тәуекелдерін бағалау үшін жасалады. Борыштық міндеттемелер айтарлықтай асып кеткен жағдайда клиентке кредит беруден бас тартылуы мүмкін.
Басқаша айтқанда, БЖК есебі қарыз алушы келешекте кредитті өтей ала ма, бұл ретте өз қажеттілігіңіз бен отбасы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ақша жеткілікті ме деген сұрақтарға жауап береді. Бұл ретте банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушылардың кредит берілгенге дейін төлем қабілеттілігін бағалауды БЖЗҚ дерекқорынан алынған кірістер туралы шынайы деректерге және қарыз алуға өтініш берілген күннің алдындағы 6 ай кезеңіндегі дебеттік картаны толықтырудың орташа айлық сомаларын негізге ала отырып жүргізуге міндетті.
Кредит таңдаудағы ең басты нәрсе — оны қандай қаражаттан төлеуді жоспарлап отырғаныңызды нақты түсіну. Бұл ретте коммуналдық қызметтерге, жол жүруге, тамақтануға, киімге, ойын-сауыққа, тіпті басқа кредиттерді өтеуге арналған барлық ай сайынғы шығындарды ескеру қажет.
Сізге кредитті нақты не үшін ресімдейтініңізді және ол не мақсатқа жұмсалатынын шешіп алуға кеңес береміз. Күндерді бақылау және мерзімін өткізіп алмау үшін өзіңге төлемдер графигін жасау құптарлық.
Бір кредитті төлеген кезеңде сіз одан әрі бөліп төлеу арқылы ойланбай сатып алудан немесе тағы басқа кредит ресімдеуден тартынғаныңыз жөн: қарызға алынған ақшаға белгілі бір тауарлар мен қызметтерді сатып алу қаншалықты қажет екенін нақты бағалауыңыз керек. Сондықтан банкке бармас бұрын өзіңізге қарапайым сұрақ қойыңыз: «Не үшін?». Екі-үш күн ойлануға өзіңізге мұрсат бергеніңіз жөн. Бұл сұраққа өзіңіз үшін ойластырылған жауап алған кезде, бұл қаржылық қателіктерден аулақ болуға көмектеседі.
Егер әлі де қарыз қаражатынсыз мәселені шешуге болмайтын болса, оңтайлы қолайлы шарттары бар нарықтағы ең жақсы ұсынысты таңдаңыз. Қарыз шартын мұқият оқып шығыңыз. Егер бірдеңе түсініксіз болса, менеджер сізде туындаған сұрақтарды түсіндіруге міндетті. Сонымен қатар сіз шартты алып кетіп, оны ешкім мазаламайтын тыныш жерде оқып шығуға құқығыңыз бар.
Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары