Кері байланыс: азаматтардың жиі қоятын сұрақтарына жауаптар

time 2.06.2024
aye 3194
Кері байланыс: азаматтардың жиі қоятын сұрақтарына жауаптар

Fingramota.kz сіздердің назарларыңызға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кері байланыс арналары – Fingramota Online мобильдік қосымшасы және 1459 нөмірі бойынша call-орталық арқылы келіп түскен азаматтардың өзекті сұрақтарына жауаптар ұсынады.

Fingramota Online мобильдік қосымшасы Агенттікте халықтың қаржы реттеушісімен жедел өзара іс-қимыл жасауы және кері байланысты нығайту мақсатында жұмыс істейді. Онда реттеушіге қаржы өнімдері мен көрсетілетін қызметтер, қаржы ұйымдарымен, МҚҰ, коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл, алаяқтық жағдайлары туралы сауалдар қоюға болатын 14 тақырыптық бөлім ұсынылған. Қосымша жұмыс істеген сәттен бастап Fingramota Online арқылы пайдаланушылардың 10 мыңнан астам сұрақтары қабылданды және өңделді.

Қаржы реттеушісінің қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі мен толықтығын арттыру үшін Агенттікте call-орталық жұмыс істейді, ол арқылы бүгінде азаматтардан 56 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Call-орталықтың жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00 – ден 14.30-ға дейін.

Сұрақ: Таныстар посылка  немесе қандай да бір жүлде тапсырмақшы болып келетін жалған курьерлермен байланысты алаяқтық жағдайлардың жиілеп кеткені жөнінде шағымдануда. Олар SMS-кодты хабарлауды сұрайды, қорапты тапсырады, содан кейін шоттардан ақша алынады. Мұндай жағдайларда не істеу керек? Алаяқтарды қалай тануға болады?

Жауап: Алаяқтық схемалар технологиялық прогреспен бірге дамуда.  Алаяқтар бір адамды таңдап алып, оның құпия деректерін қолға түсірудің  түрлі тәсілдерін ойластырады. Егер оларға SMS-пен келетін код қажет болса, онда олардың қолында сіз және сіздің банктік шоттарыңыз жөнінде жеткілікті  ақпарат бар деген сөз.  

Банктік операцияны растау үшін кодты білгеннен кейін, қылмыскерлер сіздің шоттарыңыздан ақшаны оп-оңай аудара алады, сіздің атыңызға жалған кредит аша алады. Сондықтан сақ болу қажет, бұрын қатыспаған кездейсоқ ұтыс ойындарына сенбеу керек, сізге маркетплейстер арқылы сатып алынған өнімді тапсыру үшін шынымен курьердің келгенін тексеріңіз. Сонымен қатар, курьерлерге арналған код көбінесе SMS арқылы емес, банктің немесе онлайн-дүкеннің мобильдік қосымшасында келеді.

Жалпы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша мынадай жалпы ұсынымдар беріледі:

- Бірінші ереже қарапайым болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл ең маңыздысы – сізге не уәде етсе де, жеке деректер мен ақшаны басқа адамдарға бермеңіз;

- Әдетте балаларға дауыс беру, ұтыс ойындары, викториналар және т.б. түріндегі күмәнді сілтемелерді ашпаңыз. Ол жерге ешқашан жеке деректеріңізді енгізбеңіз;

- WhatsApp-аккаунтыңызға байланыстырылған құрылғыларды тексеруді әдетке айналдырыңыз. Егер сіз бейтаныс құрылғыны көрсеңіз, оны дереу өшіріңіз. Ол үшін келесі алгоритмді орындау керек: WhatsApp теңшеуінде «Байланысты құрылғыларды» басыңыз. Сізге тиесілі емес байланыстырылған құрылғыны көргеннен кейін оны белгілеп, «Шығу» түймесін басыңыз;

- Әрқашан қарызға ақша сұрайтын таныстарыңыздың ақпаратын қайта-қайта тексеріңіз. Олардың нөмірін теру арқылы оларға қоңырау шалыңыз. Сондай-ақ түрлі жөнелтілімдер туралы ақпаратты да қайта-қайта тексеріңіз, жіберушілердің ресми нөмірлеріне хабарласыңыз;

- Қандай да бір құжатты рәсімдеуге шешім қабылдағаннан кейін мемлекеттік органдардың ресми аккаунттарынан оны алу тетігін мұқият зерделеңіз, сонда ғана алаяқтар сізді жаңылыстыра алмайды;

- Әлеуметтік желілерде баланы емдеуге ақша жинау туралы хабарды көріп, ілеспе құжаттарын мұқият оқып шығыңыз. Егер нақты қор көрсетілсе, оның сайтына кіріп, баланың олардың базасында бар-жоғын тексеріңіз. Сондай-ақ балалардың фотосуреттерін іздеу жүйелері арқылы тексеріңіз – алаяқтар суретті ұрлап салуы да мүмкін. Жеке нөміріңізден қайырымдылыққа ақша жібермеуге тырысыңыз – деректемелерді сұраңыз және оларды тексеріңіз. Баланың ата-анасы немесе жануарларға арналған панажай иелері тезірек қаражат жинау үшін өз нөмірлерін тіркеу алады, бірақ соған қарамастан ақпаратты мұқият тексеріңіз;

- Алаяқтық туралы жаңалықтарға мән беріңіз: неғұрлым көп білсеңіз, алаяқтардың арбауына түсу қаупі соғұрлым аз болады. Fingramota.kz сайтын жиі оқып тұрыңыз, мұнда «Абайлаңыз, алаяқтар» бөлімінде барлық қазіргі алаяқтық схемалар егжей-тегжейлі сипатталған.

Мұқият болыңыз!

Сұрақ: Сіздің алдыңызда қаржы пирамидасы не ақшаңызды көбейтуге көмектесетін нақты компания екенін қалай бірден түсінуге болады? Кеңес беріңіздерші.

Жауап: Заманауи қаржы пирамидалары (инвестициялық пирамидалар) пирамиданың  жаңа мүшелерінен  тартылған ақша арқылы қатысушылардың кіріс алулары үшін жалғыз әдісті қолданады. Қаржы пирамидасының шынайы қаржы жобасынан  түбегейлі айырмашылығы – кіріс алу үшін осындай қағидатты қолдануы. Пирамиданың бастапқы қатысушыларына дивидендтер кейіннен келгендердің салымдары есебінен төленеді. Әдетте, барынша сенімді болып көріну үшін пирамидалар жалған құжаттарды, күмәнді цифрлық ақпаратты, диаграммалар мен схемаларды қолданады, сондай-ақ жарнама ретінде құрған схемаларына алдап  тартылған немесе «байлыққа кенелуге» уәде берілген  қоғамның белгілі тұлғаларын тартылады.

Бүгінгі таңда алаяқтар мен қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар білікті, IT-технологиялар бойынша мамандық иелері. Олар адамдардың эмоцияларын басқара алатын жақсы психологтар мен спикерлер. Қазіргі уақытта қаржы пирамидаларын құруда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер маңызды рөл атқарады.

Алайда, бұл компаниялардың қызметін желілік маркетингпен шатастырмаңыз. Желілік маркетингте де оған тартылған адамдар үшін белгілі бір пайыздар төленеді, бірақ оның негізінде өнімдер тұрады, өнімді сатқаны үшін  дистрибьюторлік желінің қатысушылары нақты табыс табады, ал қаржы пирамидасының негізінде салымшылардың ақшасы тұр.

Қаржы  пирамидасын мынадай белгілер арқылы тануға болады:

 - сізге кіру жарнасын енгізу ұсынылады;

 - нарықтық деңгейден бірнеше есе асып түсетін  жоғары кіріс алуға кепіл береді;

- интернеттегі, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жарнамалық науқан арқылы салымшыларды белсенді тартады;

- басқа клиенттерді тартқаны үшін сыйақы төлеуге уәде береді;

- компанияның қаржылық жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ;

- ұйымның халықтың ақшалай салымдарын тартуға лицензиясы немесе бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы жоқ.

Сұрақ: Еурохаттама дегеніміз не? Оны тек ұсақ жол-көлік оқиғасы болған кезде ғана қолдануға бола ма, келтірілген зиян сомасы қанша болуға тиіс?  

Жауап: 2024 жылдан бастап міндетті автосақтандыру бойынша ұсақ жол-көлік оқиғаларын (ЖКО) жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей онлайн ресімдеуге болады. Мұндай жеңілдетілген тәртіп Еурохатта деп аталады.

Еурохаттама келтірілген залалдың сомасы 100 АЕК-тен аспаған (шамамен 370 мың теңге) және ЖКО-ға қатысушылар апатқа кінәліні, ал кім зардап шеккенді анықтауда өзара келіспеушіліктер болмаған кезде ресімделеді.

Осы уақытқа дейін мұндай жағдайларда ЖКО қатысушылары жол полициясын шақырмай және сақтандыру төлеміне жүгінбей, оқиға орнында уағдаласқан. Келтірілген залалды апатқа кінәлі адам дербес өтеген.

Қазір Еурохаттаманы ресімдеу үшін ЖКО-ға қатысушылардың екеуіне де смартфондарға мобильдік қосымшаны жүктеу, идентификаттаудан өту, декларация толтыру, апат орнынан жақсы сападағы фотосуреттер жасау қажет, содан кейін өтініш автоматты түрде сақтандыру ұйымына жіберіледі. Осыдан кейін ғана апат орнынан кетуге болады. Жол полициясын шақырудың және сотқа жүгінудің қажеті жоқ.

Еурохаттаманы «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ (СТКҚ) «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-мен бірлесіп құрған Еурохаттаманың мобильдік қосымшасын пайдалана отырып ресімдеуге болады. Барлық сақтандыру ұйымдары СТКҚ-ның акционерлері болып табылады, сондықтан бұл қосымшаны кез келген сақтандыру ұйымының клиенттері пайдалана алады. Бұл қосымшаны App Store немесе Google Play қосымшалары дүкенінен жүктеуге болады.

Алайда, бұл жалғыз нұсқа емес. Жекелеген сақтандыру ұйымдары өздерінің цифрлық сервистерін әзірледі, оларды жүргізушілер де Еурохаттаманы ресімдеу үшін пайдалана алады. Тұтынушы кез келген сервисті пайдалана алады. Бұл – қажетті  сақтандыру ұйымына сақтандыру төлемін алуға арналған өтініш жіберуге мүмкіндік беретін ресурс.

Сақтандыру төлемін алуға арналған өтініш апатқа кінәлі болған тараптың сақтандыру ұйымына (классикалық реттеу) не зардап шеккен тараптың сақтандыру ұйымына (тікелей реттеу) жіберілуі мүмкін. Зардап шеккен тараптың сақтандыру ұйымы тікелей реттеу кезінде төлемді өзі жүзеге асырады, содан кейін апатқа кінәлі тараптың сақтандыру ұйымына шығыстарды өтеу үшін өзі жүгінеді.

Сұрақ: Менің бір танысым уақытша қаржылық қиындыққа тап болды, сол себепті кредит бойынша ақы төлей алмай қалды. Енді мерзімін өткізіп алды. Осындай жағдайда қарыз алушылар қайда жүгінгендері, не істегендері дұрыс?

Жауап:  2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі енгізілді. Мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлға-қарыз алушылар өз кредиттерін құқықтық ая шеңберінде өздерінің өтініштерін міндетті түрде қарайтын кредиторлармен тікелей қайта құрылымдау жөніндегі мәселелерді шеше алады.

Өз кезегінде, қарыз алушылар мерзім кешіктірілген күннен бастап 30 күннің ішінде қарыздарды қайта құрылымдау үшін жазбаша өтінішпен немесе кредиттік шартта көзделген өзге де тәсілмен кредиттік ұйымға жүгінулері керек. Өтініште мерзімді кешіктірудің себебін көрсету, ықтимал қайта құрылымдауға қатысты өз ұсыныстарыңызды ұсыну және кірістердің азайғанын және өз міндеттемелеріңіз бойынша төлем жасаудың мүмкін болмай отырғанын көрсететін растаушы құжаттарды беру қажет.

Микроқаржы ұйымы қарыз алушының өтінішін міндетті түрде қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға тиіс. Толық емес мәліметтер ұсынған жағдайда қарыз алушы оларды МҚҰ-дан хабарламаны алған күннен 5 жұмыс күні ішінде береді.

Құжаттардың толық топтамасын алғаннан кейін кредитор жолданымды қарайды, бұл ретте қарыз алушының ағымдағы қаржылық жағдайы (төлем қабілеттілігі), микрокредит бойынша міндеттемелердің адал орындалуы сияқты факторларды ескереді.

Кредитор өзінің жауабын күнтізбелік 15 күн ішінде беруі керек. Бұл оның қарыз алушы шарттың талаптарына ұсынған өзгерістермен келісімі болуы мүмкін. Немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту жөніндегі ұсыныстар не себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тарту болуы мүмкін.

Қарыз алушы немесе кредитор ұсынған қайта құрылымдау талаптары сыйақы мөлшерлемесін не сыйақы мәнін азайту, төлем мерзімін кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, негізгі борышты, сыйақыны кешіру, айыпақының (айыппұлдың) күшін жою түрінде болуы мүмкін.

Белгілі бір шешімді кредиттік ұйым дербес түрде, қаржы реттеушісінің араласуынсыз, жеке тәртіппен, қарыз алушының өмірлік және қаржылық жағдайына қарау қабылдайды. Шарт талаптарына өзгерістер енгізу кредитор осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде жүзеге асырылады.

Егер қарыз алушы микроқарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы болады. Бұл ретте қарыз алушы міндетті түрде өзінің МҚҰ-ға жүгінгені және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбегені туралы дәлелдерді ұсынуға тиіс. Агенттік өтініш берушінің жолданымы негізінде өз өкілеттіліктерінің шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашылық жасайды және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін кредитордың мәселені жан-жақты қарауына және қабылдаған шешіміне қатысты кредиттік ұйымның іс-әрекеттерін бағалауды ұсынады.

Өздерінің құқықтарын қорғау үшін қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың ресми жолданыммен, атап айтқанда, А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша жазбаша, сондай-ақ Egov.kz электрондық үкіметінің порталы, E-Otinish жүйесі немесе аумақтық тиістілігіне қарай Өңірлік өкілдер басқармалары арқылы Агенттікке жүгіне алатынын еске саламыз.

Агенттік жанында Қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді, онда азаматтар ақпараттық-анықтамалық сипаттағы консультациялар алып, қаржы реттеушісінің қызметіне қатысты мәселелерді жедел түрде шеше алады. Консультацияларды 1459 нөмірі бойынша Агенттіктің call-орталығы немесе «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.


white-arrow Тізімге