Көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдері

time 26.09.2023
aye 5582
Көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдері

Қазақстан Республикасында көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі заңнамалық деңгейде белгіленген, ол жол-көлік оқиғасы (бұдан әрі - ЖКО) жағдайына сақтандыру полисін ресімдеуге міндеттейді. Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жол-көлік оқиғасы кезінде кінәлі адамның зардап шеккен адамның алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету тетігі ретінде көптеген жылдар бойы Қазақстан Республикасында маңызды өтемақы функциясын қамтамасыз етіп келеді. 

Fingramota.kz көліктік сақтандыру бойынша төлемнің ерекшеліктері туралы айтып береді. 

Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ МАҚЖ) жүргізушінің үшінші тұлғалар алдындағы жауапкершілігін, оның ішінде Қазақстан арқылы транзитпен жүретін жүргізушілердің жауапкершілігін сақтандыратын сақтандырудың міндетті түрі болып табылады. ЖКО-да жүргізуші кінәлі болатын жағдайда, зардап шеккен адамдарға шығынды сақтандыру компаниясы өтейді.

Мәселен, заңнамада белгіленген лимиттердің шеңберінде сақтандыру компаниясы апаттың зардап шеккен қатысушыларына олардың көлік құралдарын жөндеуге сақтандыру төлемін төлейді, сондай-ақ зардап шеккен адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келсе, емделуге төлем немесе қайтыс болуына байланысты өтемақы жасалады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда КҚИ МАҚЖ бойынша сақтандыру полисін ашу барынша оңай әрі жылдам. Бар болғаны сақтандыру компаниясының ресми сайтында өзіңіздің ЖСН мен көлік құралының мемлекеттік нөмірін енгізу жеткілікті, қалған ақпарат Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан автоматты түрде толтырылады.

КҚИ МАҚЖ полисінсіз сіздің жолға шығуға құқығыңыз жоқ және сақтандырусыз көлік айдағаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. КҚИ МАҚЖ автомобильді емес, жүргізушінің өзінің жауапкершілігін сақтандыратынын есте ұстаңыз.

Меншікті көлік құралын ерікті сақтандыру 

Автокөлік иелері өздерінің қалауы бойынша автомобиль көлігін ерікті сақтандыру полисін қосымша ресімдей алады.

Өз заттарына мұқият қарауға әдеттенген адамдар міндетті автосақтандыруға қосымша ретінде автомобиль көлігін ерікті сақтандыру полистерін жасағанды дұрыс көреді.

Ерікті сақтандырудың шарттары мен тәртібі тікелей сақтандыру полисінде айқындалады, себебі әрбір сақтандыру полисі жеке болып табылады және тараптардың еркіне қарай жасалады.

Сақтандыру жағдайы туындаған (ЖКО ғана емес, сонымен қатар көлік құралына бөгде объектінің немесе заттың құлауы немесе ішіне енуі; өрт; жарылыс; табиғат апаты; найзағай ойнап, жай түсуі; үшінші тұлғалардың заңға қайшы әрекеттері және т.б.) кезде сақтандырылушы белгіленген лимит шегінде сақтандыру төлемін пайдалана алады, осылайша машинаны жөндеу арзандауға түседі не оны сақтандыру полисі түгел өтейді. Егер алушы ЖКО-ға кінәлі тарап болып табылса да, меншікті көлік құралын осындай ерікті сақтандыру болса, оған төленеді.

Зардап шеккен тарапқа шығынды қосымша өтеудің талаптарын қамтитын ерікті сақтандыру полисі бар болса, ЖКО-ға кінәлі тараптан шығынды ерікті дербес өтеу талап етілмейді.

Толығырақ "Сақтандыру" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге