Аңыздарды жоққа шығарамыз: коллекторлармен қалай өзара іс-әрекет етуге болады

time 16.02.2023
aye 11692
Аңыздарды жоққа шығарамыз: коллекторлармен қалай өзара іс-әрекет етуге болады

К оллектор лар жөнінде қалыптасқан түсініктер көп. Fingramota.kz мұндай түсініктерді Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасының төрайымы Назгүл Естеусізовамен бірлесіп тарқатып береді.

Коллекторлар қарыз алушылармен қалайша жұмыс істеулері қажет, қандай іс-әрекеттерге рұқсат берілген, нелерге берілмеген – бұл сұрақтардың барлығына жауаптарды біздің Instagram-аккаунтымызда  тікелей эфире таба аласыздар.

Аңыз №1. Кредиторлар төлем мерзімін өткізу пайда болысымен бірден коллекторларға жүгінеді

Шын мәнінде кредиторлар – банктер немесе микроқаржы ұйымдары төлем мерзімін өткізу пайда болған сәттен бастап 20 күн ішінде қарыз алушыны бұл туралы хабардар етеді. Ол Қазақстанда 2021 жылғы 1 қазаннан бастап қолданылатын азаматтардың қарыздар мен микрокредиттері бойынша проблемалық берешегін реттеу тәртібіне сәйкес талап етіледі.  Хабарламада кредиторлар қарыз алушыға қарызды қайта құрылымдауға өтініш беру құқығы жөнінде хабарлайды, алайда қарыз алушы оны мерзімін өткізу пайда болғаннан 30 күн ішінде жасауға тиіс.

Егер қарыз алушы ешқандай әрекет жасамаса, онда кредиторлар 90+ күн мерзімі өткен берешек пайда болғанда қарыз алушының қарыздарын, оның ішінде банктік қарыз немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша өз құқықтары мен міндеттерін қоса бере отырып,  коллекторлық агенттікке сатуға құқылы. Немесе кредитор коллекторға сотқа дейін өндіріп алуға немесе берешекті реттеуге, сондай-ақ берешекпен байланысты ақпарат жинауға шартты уақытша бере алады.

Коллекторлық қызмет берешекті сотқа дейін реттеу тәртібі негізінде жүзеге асырылады. Аталған тәртіпке, коллекторлық қызмет туралы заңда айқындалған регламентке және қағидаларға сәйкес, коллектор борышкерді берешектің болуы, оны реттеу қажеттілігі және берешекті өтемеген жағдайда оның салдары жөнінде хабардар етуге тиіс.

Аңыз №2. Коллекторлармен іс-әрекеттесу міндетті емес

Шын мәнінде борышкерлер коллекторлармен өзара іс-әрекеттестік жасамауға құқығы жоқ, алайда үшінші адамдар заң бойынша олармен өзара іс-әрекеттесуден бас тарта алады. Коллектор, егер борышкермен байланысу және оның орналасқан жерін немесе борышкердің байланыс деректерін анықтау мүмкін болмаса, борышкердің туысқандарына және таныстарына телефон соғуы мүмкін. Алайда, мұндай талап қарыз алушымен жасалған банктік қарыз (микрокредит) шартында көрсетілуге тиіс.

Сол себепті, қарыздары коллекторларға берілген азаматтар заң бойынша тұрғылықты жерінің (заңды мекенжайы), телефон нөмірінің, жеке басын куәландыратын құжаттарын ауыстырғаны (қолданыс мерзімі аяқталған, жоғалтқан жағдайда) туралы коллекторлық агенттікті хабардар етуге міндетті екендерін естен шығармауға тиіс.

Борышкерлер, өз кезегінде, коллекторлармен мына тәсілдердің бірін қолдану арқылы өзара іс-қимыл жасайды: жеке кездесулер, телефон арқылы келіссөздер, жазбаша немесе пошта хабарламалары, ұялы байланыс арқылы хабарламалардың барлық түрлері, интернет арқылы.

Бұл ретте, қарыз алушылар коллекторлық агенттіктің қызметкерлерімен өзара іс-қимыл процесін аудио-немесе бейнетехника құралдарының көмегі арқылы дербес тіркеуге құқылы.

Аңыз №3. Коллектор кез келген уақытта қоңырау шалып, келе алады

Шын мәнінде коллекторлық агенттік өз тарапынан телефон арқылы келіссөздерді жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін үш реттен артық жасамауға тиіс. Коллекторлардың бөгде телефон нөмірлерінен қоңырау шалуына болмайды. Коллекторлық агенттіктердің борышкерлермен байланыс жүргізетін барлық телефон нөмірлері ресми түрде тіркелуге тиіс әрі  коллекторлық агенттіктер бұл жайында қаржы реттеушісін хабардар етеді.

Қарыз алушының тұрғылықты немесе тіркелген жері бойынша не коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) үй-жайында өткізілетін жеке кездесулер жұмыс күндері сағат 8.00-21.00 аралығында аптасына үш реттен артық болмауға тиіс.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар.

white-arrow Тізімге