Кредит бойынша төлем мерзімі өткен жағдайда не істеу керек

time 12.02.2025
aye 1345
Кредит бойынша төлем мерзімі өткен жағдайда не істеу керек

Кредит алудың шұғыл ақша қажет болған кезде көмегі зор. Алайда төлем мерзімі кешіктірілген жағдайда ол проблемаға айналады. Егер сіздің борышты уақтылы төлеу мүмкіндігіңіз болмаса не істеу керек? Кредит бойынша  төлемдерді уақтылы төлемеу қандай салдарға әкелуі мүмкін, бұл жағдай одан әрі кредит алуға және кредиттік тарихқа қалай әсер етуі мүмкін?

Fingramota.kz банктік қарыз немесе микрокредит төлемдері бойынша төлем мерзімі өткен жағдайда қарыздарды қайта құрылымдау процесі туралы толығырақ айтып береді.

Қарызды қайта құрылымдау банктер мен микроқаржы ұйымдарының қарыз алушыларына қалай көмектесе алады?

Мерзімі өткен берешекті реттеу үшін 2021 жылғы қазанда банктердің және микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай және міндетті сотқа дейінгі тәртібі заңнамалық түрде енгізілді.

Мәселен, тәртіпке сәйкес банктер мен МҚҰ қарыз алушыға төлем мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде ол  туралы хабарлауға  міндетті. Мұндай хабарлама мерзімі өткен жылдың маусым айынан бастап белгіленді. Жаңа заңнамаға сәйкес кредитордың қарыз алушыны төлем мерзімін кешіктіру туралы хабардар ету мерзімі 20 күннен 10 күнге дейін қысқартылды.

2021 жылдан бастап бірыңғай тәртіп 1,7 млн қарыз алушы шарттарының талаптарын өзгертуге мүмкіндік берді, оның ішінде 2024 жылы кредиторлар 420 мыңнан астам қарыз алушының (банктердің 189 мың қарыз алушысы, МҚҰ-ның 231 мың қарыз алушысы) қарыздарын қайта құрылымдауды жүргізді.

Банктің немесе микроқаржы ұйымының хабарламасында не болуы керек? 

Хабарламада кредиторлар пайда болған мерзімі өткен берешектің нақты мөлшерін, олардың банкке немесе МҚҰ-ға жүгіну құқығын және кредиттер мен микроқарыздар бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдарын көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттілігі туралы азаматтарды хабардар етуге тиіс.

Есте сақтаңыз!  Тұрғылықты жерін немесе ұялы телефон нөмірін ауыстырған кезде кредиттік менеджерге хабарлау қажет. Байланыс деректерінің өзгеруі туралы банкке немесе МҚҰ-ға хабарлау өте маңызды.

Қарыз алушының құқықтары 

Қарыз алушы төлем мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде кредиторға жазбаша өтінішпен қарызды қайта құрылымдау үшін, сондай-ақ цифрландыру объектілері арқылы не кредиттік шартта жазылған өзге де тәсілмен жүгінуге құқылы.

Азаматтардың проблемалық берешегін реттеудің сотқа дейінгі тәртібінің тиімділігін арттыру үшін өткен жылы Агенттік банктер мен МҚҰ-ға жаңа талаптар белгіледі! 

Мәселен, егер 2021 жылғы 1 қазандағы заңда қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға мерзімі өткен берешекті 30 күн ішінде реттеуге өтініш бере алса, биыл қаңтардан бастап нормативтік құқықтық акт қарыз шартының талаптарын өзгертуге, оның ішінде төлем мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң өтініш беруге мүмкіндік береді.

Демек, қарыз алушы мерзім өту күніне тәуелді емес және кредиторға борышын реттеу үшін кез келген ыңғайлы уақытта жүгіне алады. Жаңа ережелер банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішті банктің мобильдік қосымшасы арқылы да беруге мүмкіндік береді.  

Қарыз алушы өтініште нені көрсетуі тиіс?

Өтініште төлем мерзімі өтуінің туындау себебін көрсету қажет, мысалы, кірістің төмендеуі немесе жұмыссыз қалу; ауыр науқастану немесе мүгедектік; декреттік демалыс; форс-мажор жағдайлары (өрт, мүліктің ұрлануы және т.б.). Себептерді көрсете отырып, олардың барлығын құжатпен растау қажет. 

Сонымен бірге өтініште ықтимал қайта құрылымдаудың нұсқаларын да көрсете аласыз. Мұндай әрекеттер айыппұлдар төлеу, кредиттік тарихыңыздың нашарлау және соттың өндіріп алу мүмкіндігін азайтуы мүмкін.  

Есте сақтаңыз! Қарызды қайта құрылымдау түрлері

  • сыйақы мөлшерлемесін төмендету;
  • төлемді кейінге қалдыру;
  • өтеу әдісін өзгерту (бұл талап кепілмен қамтамасыз етілген қарыздарға тән);
  • қарыз мерзімін ұлғайту;
  • мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, айыпақының (айыппұл, өсімпұл), комиссиялардың және қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдердің күшін жою;
  • ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өз бетінше сату немесе кепіл мүлкін кредиторға беру жолымен бас тарту төлемін беру;
  • сатып алушыға міндеттемені бере отырып, жылжымайтын мүлікті сату.

Қарыз алушы мүлікті үш ай ішінде соттан тыс тәртіппен өзі сатуға құқылы. Егер соттың шешімі болса, онда қарыз алушы баспанасын үш ай ішінде өзі сата алады.

Кредитор күнтізбелік 15 күн ішінде қарыз алушылардың өтінішіне жауап беруі керек. Бұл ретте кредитордың кредит беру шартының талаптарын өзгерту жөніндегі ұсыныстарын алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қайта құрылымдау талаптары бойынша келісімге қол жеткізбеу реттеуден бас тарту болып саналады.

Банктер мен микроқаржы ұйымдарына қандай жаңа талаптар қойылады?

Банктер мен МҚҰ кредитті қайта құрылымдау мәселесін қарау үшін қарыз алушыдан мерзімі өткен берешекті не оның бір бөлігін біржолғы өтеуді талап ете алмайды.

Іс жүзінде кредит бойынша жаңа төлемдер кестесін беру үшін көптеген банктер мен МҚҰ қарыз алушыдан алдымен берешек сомасынан
20-30% мөлшерінде жарна енгізуді талап етіп, тек содан кейін ғана қайта құрылымдау туралы мәселені шешуге кірісетін болған. Қазір бұл практика қолданылмайды.

Есте сақтаңыз! Қарыз алушыға берілетін мерзімнің кешіктірілгені туралы хабарлама нысанында негізгі борыш бойынша мерзімі өткен берешектің толық сомасы, сондай-ақ есептелген сыйақы көрсетіледі. Сонымен қатар, хабарламада негізгі борышты қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін есептелген айыпақы (өсімпұл) сомасы да көрсетілуге тиіс.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге