ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мүгедектігі бар адамдар және қарт адамдар үшін алаяқтықтан қорғау құралын әзірледі

time 27.12.2022
aye 6108
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мүгедектігі бар адамдар және қарт адамдар үшін алаяқтықтан қорғау құралын әзірледі

Мүгедектігі бар адамдарды және қарт адамдарды алаяқтықтың сан алуан түрлерінен, оның ішінде әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып қорғау мақсатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, микроқаржы ұйымдарына (бұдан әрі – кредиттік ұйымдар) арналған әдістемелік ұсынымдар әзірледі.

Мүгедектігі бар адам немесе қарт адам (бұдан әрі – клиент) кредиттік ұйымның басқа клиентімен уағдаластық бойынша өзіне Көмекші тағайындау мүмкіндігіне ие болған жағдайда, Агенттік кредиттік ұйымдарға «көмекші қол» сервисін енгізуді ұсынады. Көмекші, өз кезегінде, жоспарланып отырған онлайн-операциялар туралы хабарлама алуға және оларды растауға немесе қабылдамауға мүмкіндік алады. Егер клиент тағайындаған Көмекші қандай да бір ерекше әрекетті байқаса және ол алаяқтық болып шықса, ол Клиентке ескерту жасап, транзакцияны тоқтата алады. Сервисті қосуға Клиенттің өзі ғана бастамашы бола алады, ал мұндай қызметті тоқтату туралы сұраныс түскен жағдайда, кредиттік ұйымдарға өтінішті ықтимал алаяқтық тұрғысынан тексеру ұсынылады.

Кредиттік ұйымдарға клиентке кредиттік ұйымның ресми интернет-ресурсында және мобильді қосымшадағы жеке кабинетте шоттарды (барлық шоттар немесе жеке), салымдар немесе карталарды жария етпеу, операциялардың өлшемдер бойынша шектеулер (сомасы, саны, қол жеткізілетін алушылардың жабық тізбесі) белгілеу опциясын беру ұсынылады. 

Кредиттік ұйымға клиентті міндетті түрде хабардар ете отырып, Көмекшінің тарапынан алаяқтық іс-әрекеттердің белгілері мен фактілері анықталған жағдайда «көмекші қол» сервисін дербес ажырату ұсынылады.

Кредиттік ұйымдар алаяқтық іс-әрекеттерді дербес анықтаған жағдайда клиенттің операцияларын тоқтата тұруға және клиенттің қаржысының жоғалуы тәуекелін барынша азайту мақсатында тиісті рәсімдер өткізуге құқылы.

Бірінші жартыжылдықта Агенттік «көмекші қол» сервисін апробациялауды жүзеге асырады және кейіннен оны кредиттік ұйымдарда міндетті қолдану үшін нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Агенттік, сондай-ақ аталған құралды азаматтардың барлық санаттарына қолдану үшін тәжірибені зерделейтін болады.

white-arrow Тізімге