Теңге мен рубль: Ұлттық Банк төрағасы валюта нарығындағы ахуалға пікір білдірді

time 11.03.2022
aye 6787
Теңге мен рубль: Ұлттық Банк төрағасы валюта нарығындағы ахуалға пікір білдірді

ҚР Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов базалық мөлшерлемені сақтап қалу себептері, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар және валюта нарығындағы ахуал туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жағдай өте қиын, белгісіздік деңгейі де орасан. Сыртқы секторда ең жағымсыз қауіп-қатерлер мен геосаяси тұрғыда тәуекелдер пайда болды. Біз Үкіметтердің, орталық банктердің, қаржы және басқа да ұйымдардың Ресей Федерациясына қарсы санкцияларға қатысты мәлімдемелерін бақылап, осы санкциялардың Қазақстанға қалай әсер ететінін бағалап отырмыз. Қазақстанда қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын боламыз», – деді ол.

ҰБ төрағасы осы ретте ақпан айында базалық мөлшерлеменің 13,5 пайызға дейін кезектен тыс көтерілу себептерін түсіндірді.

«Біз ішкі және сыртқы нарықтардағы жағдайды үнемі қадағалап отырамыз, сондай-ақ нарықтық өзгерістердің ықтимал салдарын бағалаймыз. Ел үшін жағымсыз салдарға әкеп соқтыруы мүмкін күрт өзгерістер орын алған жағдайда, Ұлттық Банк жоспарлы кестеден тыс базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдауға құқылы. Ақпан айының соңындағы жағдай осыны дәлелдейді. Енді оның туындау себептерін айтсам, сыртқы күйзелістер түрлі елдерге бірдей әсер ете бермейді. Ресей біздің негізгі сауда әріптесіміз екенін ескерсек, рубль бағамының әлсіреуі теңгеге де қысым көрсетті. Мұндай жағдайда Қазақстанда базалық мөлшерлемені жедел арттыру сыртқы күйзелістер салдарының ел экономикасына таралуының алдын алуға қажетті шара болды. Біз қабылдаған жедел шешім теңгенің айырбастау бағамына көрсетілетін қысымды, атап айтқанда, алыпсатарлық қысымды төмендетуге мүмкіндік беріп, инфляциялық және девальвациялық күтулердің өсуін болдырмауға бағытталды. Мұндай дағдарыс жағдайларында жауапкершілікті өз мойнымызға алуға дайын екенімізді көрсету маңызды. Біз өз әрекеттерімізді, саудадағы өзгерістер мен интервенциялар туралы ақпаратты ашық жариялап, нарықпен бөлісеміз», – деді Ғалымжан Пірматов.

Сонымен қатар ол қазіргі базалық мөлшерлемені сақтау туралы шешім қабылдауға әсер еткен факторлар туралы да айтып берді.

«Күрт өзгеріп жатқан жағдайды және бұрын-соңды болмаған белгісіздік деңгейін ескеріп, белгілі бір уақытқа үзіліс жасадық. Бұл уақыт бізге негізгі ішкі және сыртқы макроэкономикалық индикаторлардың осы күтпеген өзгерістерге ықпалы жөнінде жаңа ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Ахуал түбегейлі нашарлаған жағдайда бізде пайыздық саясат шеңберінде бұдан былайғы шешімдер қабылдау үшін кеңістік сақталып отыр. Егер қаржы нарықтарында құбылмалылық артатынын көретін болсақ, біз қаржы тұрақтылығына нұқсан келтірместен, ақша-кредит талаптарын елеулі түрде күшейте аламыз», – деді ҰБ Төрағасы.

Ғалымжан Пірматов инфляцияны төмендету бойынша жалпы саясаттың бір бөлігі ретінде базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдауға қатысты да тоқталды.

«Біз сыртқы геосаяси тәуекелдердің пайда болғанын ескере отырып, ол қиындықтарды сезінуге әрі түсінуге мәжбүрміз. Біздің барлық әрекетіміз Қазақстанда баға және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Базалық мөлшерлемені арттыруымыздың өзі инфляциялық күтудің орнын толтырады және теңгедегі жинақтардың кірістілігін жоғарылатады. Яғни, халықтың жинақтауға деген ұмтылысын ынталандыра отырып, инфляциялық қысымды жеңілдетуге тырысамыз. Біз базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынатын ең жоғары мөлшерлемелер де бірден өсті», – деді ол.

Оның атап өтуінше, Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметпен бірлесіп теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасын жариялады. Ол 10 пайыз мөлшерінде өтемақы төлеуді қарастырады. Бұл шаралардың барлығы теңгедегі жинақтардың кірістілігін арттыруға, халқымызды қолдауға және экономикадағы инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған.

«Қалыпты жағдайда базалық мөлшерлеменің өсуі белгілі бір дәрежеде экономикадағы ақша құны өсуі үшін жасалатынын қосымша атап өткім келеді. Қандай да бір жолмен кредит қаражатының қол жетімділік деңгейі төмендеуі мүмкін. Дәл осы жағдайда біз экономикадағы ақша құнын арттыру және кредит берудің қол жетімділігін шектеу үшін жасаған жоқпыз. Біз мөлшерлемені банктерді қаржыландыру үшін көтердік. Өйткені, банктердің базасы халық депозиттерінен құралады, оның көмегімен банк халыққа кредит береді. Егер халықтың девальвациялық және инфляциялық күтулері үй шаруашылығын жүргізу тәсілдерінің өзгеруіне, яғни депозиттік базаның долларлануына әкеп соқтырар болса, онда банктерде кредит беруге мүмкіндік беретін қор жинақтау базасы таусылып қалар еді. Сондықтан бұл шешім банктердің экономикамызды кредиттеуге мүмкіндігі болуы үшін жасалып отыр», – деді Ғалымжан Пірматов.

Ол рубль бағамы динамикасының теңге бағамына әсері және валюта нарығындағы қазіргі ахуалға да жеке тоқталып өтті.

«Жағдай шынымен де күрделі. Одан әрі де санкциялар күшейтілуі мүмкін деген болжамдарға байланысты сауда-саттықта рубльдің жағдайы құбылмалы. Әрине, Ресей Федерациясы қазір біздің негізгі сауда әріптесіміз саналады. Рубль бағамының долларға шаққандағы өзгеруі Қазақстан теңгесіне де әсер етпей қоймайды. Енгізілген санкциялардың нәтижесінде рубль енді техникалық түрде негізгі екі алаңда – Мәскеу биржасында, ішкі нарықта және банкаралық нарықта саудаланады. Өкінішке қарай, оларда баға белгілеу әртүрлі. Біз Мәскеу биржасына көбірек қараймыз, онда өтімділік бар. Банкаралық биржада өтімділік көп емес. Рубльдің долларға шаққандағы бағамы осы деңгейде болса да, рубль сегменттің өсуімен саудаланатынын атап өткім келеді, оның құны қанша болуы керек деген іргелі талдау жоқ. Бұл – нарықтың қалыпты ықпал етуі. Менің ойымша, теңге рубль бағамының әсеріне ұшырай бермеуге тиіс және бізде құбылмалылық та өсті, бірақ ол рубльге шаққандағы бағаммен бір деңгейде емес. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда мен сауда ағынының қазір қалай өзгеретінін ескере отырып, теңге мен рубль басқа тепе-теңдік құнын табады деп ойлаймын. Сондықтан бұл деңгейдің қандай болатынын қазір айту қиын. Бірақ біз қазірдің өзінде соңғы 6 жылда байқалған деңгей енді біз үшін бағдар бола алмайтынын түсіндік», – деді ол.

Оның атап өтуінше, Ұлттық Банк белгіленген бағамға көшуді қарастырмайды.

«Біз кезінде бұл жағдайдан өткенбіз. Экономикамыздың құрылымы бағамды белгілі бір деңгейде ұстап тұруға, бекітуге тырысқанымен, оның арты күрделі түзетуге, бір уақытта девальвацияға алып келгенін тәжірибе көрсетіп берді. Белгіленген бағам алтын-валюта резервтерінен айтарлықтай үлкен шығыстарды талап етеді. Егер біз мұны соңғы рет жасауға тырысқан 2014-2015 жылдарды еске алсақ, бізге 35 млрд доллар қажет болды, нәтижесінде біз теңге бағамын бәрібір ұстап тұра алмадық. Белгіленген айырбастау бағамы сарапшылар ортасында бизнестің инвестицияларын, шығысын, кірісін жоспарлай алатын талап ретінде ұсынылады және бұл бизнес үшін маңызды. Дегенмен бизнес белгісіздік көптеп орын алған жағдайда өмір сүре алады. Бұл – айырбастау бағамы ғана емес, баға, инфляция. Бұл – кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер. Бұл, әдетте, болашаққа үміт арту және ертеңге күнге сенім білдіру. Сондықтан айырбастау бағамы – факторлардың бірі ғана», – деді Ұлттық Банк Төрағасы.

Сондай-ақ Ғалымжан Пірматов инфляциялық күтулерге және баға тұрақтылығына әсер ететін басқа да факторларға да тоқталды.

«Егер халық, үй шаруашылықтары және бизнес – Ұлттық Банк инфляцияны ұстап тұра алады деп сенсе, инфляциялық күтулер тұрақталып қалар еді, бағалар қалай болатыны, экономикадағы ақшаның нақты құны қандай болатыны түсінікті болар еді. Қазақстандағы бизнес-ортаға әлі де ұзақ мерзімді сенімді қамтамасыз ете алсақ, бизнес үшін жақсы болар еді – бизнес пен үй шаруашылықтарының экономикалық шешімдер қабылдауына әсер ететін мәселелер өте көп. Сондықтан біз белгіленген бағамға қайта оралуды қарастырмайтынымызды айтқым келеді. Құбылмалы айырбастау бағамы сыртқы күтпеген өзгерістерді реттеуге мүмкіндік береді және біз үшін Қазақстандағы баға тұрақтылығы негізгі басымдық болып қалады», – деді ол.

Ол Қазақстан экономикасын одан әрі дамытудағы болжамдар мен кезекті болжамдық раундтардың қорытындыларына жа егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

«Сыртқы нарықтардағы және сауда әріптес елдердегі жағдайдың өзгеруі болжамды раундты толық дайындауға қиындық туғызып отыр. Осыған байланысты негізгі бағыттарға тоқталып, экономикамыздың қысқа және орта мерзімді перспективада өзін қалай ұстайтынына тоқталған жөн. Қазақстан экономикасының өсуін біз экспорттайтын негізгі энергетикалық ресурстардың бағасы, бюджет шығыстары қамтамасыз етеді және белгілі бір дәрежеде елдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы да іскерлік белсенділікті қалпына келтіруге ықпал етеді. Жиынтық сұраныс тарапынан инвестициялық және тұтынушылық сұраныс серпіні біздің алдыңғы болжамдарымызбен және бағалауларымызбен салыстырғанда анағұрлым төмен болатындығын, сондай-ақ көбіне Ресей Федерациясына қарсы түпкілікті санкциялардың ауқымымен және ол санкциялардың әлемдік экономикаға, Ресей Федерациясының экономикасына және біздің экономикамызға қалай әсер етерін еске салар едім. Сондықтан осы факторларды ескере отырып, біз 2022 жылы Қазақстан экономикасының өсуі біздің алдыңғы болжамдарымызбен салыстырғанда төмендеу жағына қарай өзгеше болады деп есептейміз. Дегенмен 2023 жылы экономиканың өсу бағыты қалпына келеді деген болжам бар», – деді Ғалымжан Пірматов.

ҰБ Төрағасының атап өтуінше, инфляция алдыңғы болжамдардан жоғары болады және теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының әлсіреуі негізгі факторға жатады.

«Бұл біздің азық-түлік тауарларын да импорттайтынымызды ескергенде, инфляцияға теріс әсер ететін болады. Мұндай өзгеріс проинфляциялық қысым жасайды. Ресей Федерациясында да инфляция өсуі ықтимал – бұл инфляцияны сырттан импорттайтын фактор болады. Азық-түлік инфляциясы тұрғысынан біз әлемдік бағаның тұрақты өсуін байқаймыз. Ресей Федерациясы сияқты Украина – ірі астық өндірушілердің бірі. Соны ескере отырып, әлемдік нарықтарға астық пен дәнді дақылдарды жеткізуде белгілі бір деңгейде тапшылық туындауы мүмкін тәуекелдің жоғары екенін түсінеміз. Қазір жеткізу тізбегінде көптеген мәселелер туындап отыр. Тіпті өндірілген өнім болса да, санкциялар риторикасы сақталатынын ескерген күнде мүмкіндігінше тиімді әрі нарыққа оңтайлы түрде қалай жеткізуге болатыны мәселе тудыратыны рас», – деп түйіндейді ойын Ұлттық Банк басшысы.

Дереккөз:  ҚазАқпарат

white-arrow Тізімге