Соңғы уақытта технологияның дамуымен қатар жалған брокерлер мен жалған дилерлердің белсенділігі де арта түсуде. Алаяқтар инвестициялық – брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыру сылтауымен әдеттегі схема бойынша азаматтардың ақшасын тартады: қолдарында қаржы реттеушісінің тиісті лицензиясы жоқ бола тұра олар өздерін табысты және болашағы зор компаниялардың қызметкерлері ретінде ұсынады.
Жалған брокерлердің кеңінен тараған әдістері және оларды шынайы әдістерден қалай ажыратуға болатыны жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастырып көрелік!
Биржалық, лицензияланған брокер – бұл реттеушінің лицензиясы бар және сатушы мен сатып алушы арасындағы биржада делдал болып табылатын ҚР заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін компания.
Брокерлік компания:
- сізге мәмілелер үшін есеп айырысуға болатын шот ашады;
- кейін оларға активтер сатып алу үшін шотқа ақша аударады;
- биржада бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату жөніндегі операцияны жүргізуді қамтамасыз етеді;
- ақша қаражаттарының балансы мен қозғалысы туралы қаржылық есеп береді;
- инвестордың өтінімі бойынша брокерлік шоттан қаражат алады, сондай-ақ салық агенті қызметін атқара отырып салық төлейді.
Бір сөзбен айтқанда, брокер биржада мәмілелер жасасу үшін инфрақұрылымдық мүмкіндіктер береді: қор санаты, валюта және тауар секциялары бойынша, сондай-ақ басынан аяғына дейін барлық процестерде клиентпен бірге жүреді.
Енді жалған брокерлердің кім екенін және олардың қалай жұмыс істейтінін қарастырайық.
Жалған брокерлер — бұл алаяқтар, жосықсыз әрекеттің белгілері бар адамдар немесе компаниялар. Олардың ең басты белгісі - бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясының болмауы.
Олардың кейбіреулері Қазақстан Республикасының резиденттері емес, тиісінше қазақстандық қаржы реттеушісінің тарапынан олардың қызметіне бақылау және қадағалау жүргізілмейді. Көбінесе олардың кеңселері біздің елде емес, аралдық юрисдикциялардың бірінде орналасқан, осыған байланысты жалған брокерлерді табу, ұрланған ақшаны қайтару құқық қорғау органдарына қиынға соғады.
Ісін жаңадан бастаған инвесторлар қызу жарнамаға бой алдырып, өз қаражаттарын басқа елдің лицензиясы бар компанияларға сеніп салады. Алайда, брокер жалған немесе шынайы лицензия берсе де, олардың Қазақстанда өз қызметтерін көрсетуге құқығы жоқ екенін түсіну маңызды.
Жалған брокерлердің кең таралған әдістерінің бірі – өз қызметтерін агрессивті түрде және ығырын шығаратындай жарнамалау. Брокерлердің алаяқтарынан тіркелмеген нөмірлерден қоңыраулар, электрондық хаттар және бағалы қағаздарға инвестициялауға байланысты жалған құжаттардың сканерлері бар хабарламалар келуі мүмкін. Зиянкестер мүмкіндігінше сенімді клиенттерді агрессивті жарнамамен көбірек тартуға тырысып, азаматтарды тұрақты жоғары кірістілік уәделерімен адастырады. Олардың нысаналы аудиториясы – инвестициялық ғажайып платформалар арқылы тез және оңай ақша тапқысы келетін адамдар. Сенімді болу үшін алаяқтар «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», Kaz Minerals сияқты ірі компаниялардың және басқа да компаниялардың логотиптері мен атауларын пайдаланады.
Көп жағдайда жаңадан бастаған инвесторлар алаяқтардың құрбаны болады. Жалған брокерлер көбінесе жаңадан бастаған инвесторлардың тәжірибесі мен білімінің жетіспеушілігіне баса назар аударады, ал диджиталдандыру және қашықтан ақша табу мүмкіндігі дәуірінде олар өздерінің шынайы бет-бейнесін жасырып, клиенттерді алдайды және ұлттық юрисдикцияны бұзған жағдайда қолжетімсіз болып қала береді. Жалған брокерлер әр түрлі психологиялық ықпал ету әдістерін, сенімдерді, сатудың жиі пайдаланылатын түрлерін белсенді түрде қолданады. Олар клиентті өзіне тартқаннан кейін жоғары пайданың дәлелі ретінде оларға есептер мен графиктерді ұсынады. Алайда мұның бәрі шын мәнінде ештеңемен расталмаған жалған сандар.
Жалған брокерлер шот ашуға арналған қосымшаны орнатуды ұсынады, онда олар инвестициялардан, соның ішінде криптовалютадан түсетін кірістің қалай өсетінін «өтірік көрсетеді». Егер пайдаланушы шоттан ақша алғысы келсе, онда «жалған брокерлер» ақшаны толық алу үшін шотқа қосымша ақша салуды сұрайды. Сонымен қатар, олар ақшаны шұғыл түрде алу үшін «сақтандыру» төлемін немесе «еуропалық ұяшықта» валютаны күнделікті орналастыру үшін төлемді талап етуі мүмкін.
Жалған брокерлердің негізгі белгілері:
- салынған ақшадан қысқа мерзімде өте жоғары пайда алуға туралы уәде беру;
- лицензия туралы қажетті және толық ақпарат беруден бас тарту немесе оның болмауы;
- брокерлік компания сайтының мекенжайын айтудан бас тарту, ол туралы интернетте ақпараттың болмауы немесе компанияның сайтында компания меншік иесі туралы мәліметтердің, заңды мекенжайы мен байланыс деректерінің болмауы;
- «жеке менеджердің» банк картасына қаражат аудару туралы өтініш;
- тәуліктің кез келген уақытында «брокер» менеджерінің жасырын нөмірден немесе түрлі нөмірден қоңырау шалуы;
- дөрекі не кәсіби емес іскерлік қарым-қатынас;
- интернетте, әсіресе әлеуметтік желілерде «Халықтық IPO», «Тиімді инвестициялау», «Инвестицияларға арналған платформа» және басқаларын қолдана отырып, агрессивті және жалықтыратындай жарнама жасау.
«Жалған брокерді» қалай тексеруге болады?
Ақшаңызды бейтаныс адамдарға немесе компанияларға сенбес бұрын, олардың Қазақстанда жұмыс істеу үшін тиісті лицензиясының бар-жоғын тексеру қажет. Ресми лицензиясы бар брокерлік және дилерлік ұйымдардың тізімін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында «Тізілімдер мен рұқсаттар» бөлімінен көруге болады. Сонымен бірге санаттары (валюталық, қор) бойынша брокерлердің тізімін Қазақстан қор биржасының сайтында тексеруге болады.
Агенттіктің интернет-ресурсында көрсетілген инвестициялық делдалдың деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелермен сәйкес келуі тиіс екенін ескеру маңызды. Сонымен бірге қаржылық есептілікті, биржалардағы белсенділікті, сондай-ақ басқа клиенттердің пікірлерімен де танысу қажет.
Агенттіктің интернет-ресурсында лицензияланбаған қызмет немесе қаржы пирамидасының белгілері бар субъектілердің тізімі орналастырылған. Қазіргі уақытта тізім қызметі қаржылық лицензиялау және реттеу аясына кірмейтін 295 субъектіден тұрады. Бұл тізбе жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен жолданымдары, сондай-ақ құқық қорғау органдарының сұрау салулары негізінде қалыптастырылады. Онымен міндетті түрде танысыңыз!
Толығырақ "Бағалы қағаздар нарығы" бөлімінен оқыңыздар
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Satbayev University -де қаржылық сауаттылық бойынша семинар өтті
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Кредиттермен жасалатын алаяқтық схемалар: өзіңізді алдауға қалайша жол бермеуге болады
Мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектелген топтары үшін қаржылық қолжетімділікті арт...