Жамбыл және Түркістан облыстарында қаржылық сауаттылық бойынша тренингтер өтті

time 12.08.2022
aye 5530
Жамбыл және Түркістан облыстарында қаржылық сауаттылық бойынша тренингтер өтті

Жамбыл және Түркістан облыстарының шалғай өңірлерінің тұрғындары, оның ішінде үй шаруасындағы әйелдер, жұмыссыз және зейнеткерлікке дейінгі және зейнеткерлік жастағы адамдар үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері (бұдан әрі – Агенттік) Азиялық Несие Қорымен бірлесіп, бірнеше тренинг өткізді. Оқыту іс-шараларының негізгі тақырыптары кредиттік сауаттылықты арттыру, қаржылық жоспарлау және алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жайында болды.

Fingramota.kz жобасының шеңберінде 7 тренинг өткізілді, оған 270-тен астам адам қатысты, тренингтер Азиялық Несие Қорының Тараз, Түркістан, Шардара, Жетісай қалаларындағы, сондай-ақ Сарыкемер, Құлан ауылдарында, Т. Рысқұлов атындағы ауылдағы офистерінде өтті.

Шақырылған спикерлер – Агенттіктің Шымкент қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Әбілғазы Қалназаров, Агенттіктің Тараз қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Дәурен Төлепбергенов және оның әріптесі Мәдина Сапахова тыңдармандарға қарыз немесе микрокредит алар алдында нені ескеру керек, не себепті алдымен ағымдағы өз қаржылық жағдайын бағалаудың маңызды екені, өз кірістері мен шығыстарының есебін жүргізуден бастау, мерзімін кешіктіріп алған жағдайда не істеу керектігі, сондай-ақ қалайша бөгде кредиттердің құрбаны болмау керектігі жайында түсіндірді.

Онлайн-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тақырыбы аталған өңірлердегі тұрғындардың үлкен қызығушылығын тудырды. Белгілі болғандай, олардың арасында іс жүзінде алаяқтардың қулықтарына, атап айтқанда кредиттік алаяқтыққа және фишингке тап болғандар да кездесті. Қаскүнемдер «жеңілдікті онлайн-кредиттер», «пайыздық мөлшерлемесі төмен микроқарыздар», «артық төлемсіз адал кредиттер» ресімдеу бойынша қашықтан қызметтер немесе кредиттік тарихтарда мерзімі өткен туралы ақпаратты жою қызметтерін ұсынған.

Сондай-ақ, алаяқтар адамдардың дербес және төлем деректерін иемденуге тырысқан, оларға жалған сайттарға сілтемелер жіберген, күмәнді қосымшаларды жүктеп алуды сұраған. Алаяқтар барынша көп азаматты тарту үшін оларды онлайн-инвестициялық платформаларда жалған ұтыс ойындарымен және жоғары табыс туралы ұсыныстармен алдаған. Тренингке қатысушыларды алаяқтықтың осындай түрлерінен, оның ішінде қаржы пирамидаларынан қорғану мәселелері қызықтырды.

«Егер сізге өздерін қаржы ұйымдарының қызметкерлері деп таныстырып, қоңырау соқса немесе жазса, олармен байланыс жасаудың қажеті жоқ. Алдымен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің www.gov.kz сайтында олардың өз қызметін жүзеге асыруға лицензиясының бар-жоғын қайтадан тексеріп алыңыз. Сізге хабарласқан ұйымдардың ресми нөмірлері бойынша хабарласып, ақпараттың дұрыстығын нақтылап біліңіз. Сондай-ақ, Агенттіктің интернет-ресурсында және Fingramota.kz  сайтында жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімі жаңартылған. Қазіргі уақытта тізім 154 субъектіні қамтиды, олардың қызметі қаржылық лицензиялау және реттеу аясына кірмейді»,-деп атап өтті спикерлер.

       Сонымен бірге, олардың сөзінше, өзіңіздің кредиттік тарихыңызды үнемі тексеріп отыру қажет, тек сол арқылы ғана азаматтар алаяқтық туралы біліп, және тиісінше жедел әрекет ете алады. «Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына жүгініңіз, картаны бұғаттау және жаңа карта қайта шығару үшін өзіңіздің банкке хабарласыңыз және өзіңіздің онлайн-банкинг, электрондық пошталарыңыздағы, әлеуметтік желілердегі құпиясөздеріңізді ауыстырыңыз», - дейді Агенттік өкілдері.

Толығырақ "Фотогаллерея" бөлімнен оқыңыздар

white-arrow Тізімге