Қаржылық сауаттылық және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау: әскери қызметшілерге арналған оқыту семинары

time 27.11.2025
aye 10

Осы жылдың 26 қарашасында Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы №5571 әскери бөлімі мен Қорғаныс министрлігінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында мерзімді әскери қызметшілер мен келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілерге арналған оқыту семинары өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің FinGramota.kz жобасы аясында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Бас әскери прокуратурасымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Семинардың мақсаты — әскери қызметшілердің қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ қаржылық тәуекелдер мен алаяқтықтан қорғану дағдыларын қалыптастыру.

Іс-шарада Агенттіктің өкілі Ғаділбек Әкім түсіндірме баяндама жасады.

Ол әскери қызметшілерге Fingramota.kz жобасының мүмкіндіктері, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамадағы өзгерістер, ең көп таралған қаржылық алаяқтық түрлері және жеке әрі қаржылық деректерді қорғау тәсілдері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Бөлек назар мерзімді әскери қызметшілер үшін несиелік міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыру мәселелеріне, сондай-ақ Skills Enbek платформасында тегін қаржылық сауаттылық негіздерін үйрену мүмкіндігіне аударылды.

«Қаржылық сауаттылық — бұл бүгінгі таңда жай ғана пайдалы қабілет емес, жеке қаражатты қорғаудың нақты құралы.

Әскери қызметшілер де барлық азаматтар сияқты алаяқтық схемаларды тани білуі, қарыз алушы ретіндегі құқықтарын білуі және қаржылық қызметтерді сенімді пайдалана алуы тиіс», — деді Ғаділбек Әкім.

Банктік омбудсман кеңесшісінің түсіндірмесі

Проблемалық берешек мәселелері бойынша түсіндірмемен банктік омбудсманның кеңесшісі Руслан Ибрагимов сөз сөйледі.

Ол қарызды реттеу тетіктері, екінші деңгейлі банктермен уақытылы өзара іс-қимылдың маңызы, сондай-ақ банктік омбудсманның өкілеттігі мен оған жүгіну тәртібі туралы айтты.

«Көптеген несиелік дауларды сотқа жеткізбей-ақ шешуге болады — банкпен келіссөздер арқылы немесе банктік омбудсманның қатысуымен.

Ең бастысы — кредит берушіден жасырынбай, мәселені уақтылы реттеу», — деп атап өтті Руслан Ибрагимов.

Семинар соңында қатысушылар спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жеке қаржылық жағдайлар бойынша түсіндірме алды.

Сонымен қатар несиелік міндеттемелерді басқару, алаяқтықтан қорғану және жеке бюджетті жоспарлау жөнінде практикалық кеңестер берілді.

Осындай кездесулер әскери қызметшілердің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға, жеке қаржыға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және жалпы қаржылық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.

white-arrow Тізімге