ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қаржылық сауаттылық бойынша оқытудан өтті

time 25.06.2026
aye 4

2026 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына қарасты № 5571 әскери бөлімінде (Алматы қаласы) әскери қызметшілер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге арналған семинар өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған Fingramota.kz жобасы аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Бас әскери прокуратурасымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Іс-шарада Агенттіктің бас сарапшысы Ғаділбек Аким сөз сөйлеп, Fingramota.kz жобасы, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамадағы жаңашылдықтар, алаяқтық схемалар мен дербес деректерді қорғау тәсілдері, мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер үшін кредиттік міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыру тетіктері, дропперлік және ол үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ Skills Enbek платформасындағы қаржылық сауаттылық курсы туралы жан-жақты ақпарат берді.

ҚР Микроқаржы омбудсманының кеңесшісі Шухрат Иминов микрокредит саласындағы проблемалық берешекті реттеу тетіктері, Микроқаржы омбудсманының қызметі, микроқаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау қағидалары және омбудсман кеңсесіне жүгіну тәртібі туралы баяндады.

Банк омбудсманы кеңсесінің Өтініштерді қарау және талдау басқармасының бас маманы Разямжан Хабибуллаев проблемалық берешекті реттеу тетіктері, екінші деңгейдегі банктермен өзара іс-қимыл жасаудың маңыздылығы, сондай-ақ Банк омбудсманының құзыреті мен өкілеттіктері және оған жүгіну тәртібі туралы ақпарат ұсынды.

Іс-шара соңында спикерлер қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

white-arrow Тізімге